Саясат

Дәуірдің дара тұлғасы

Дәуірдің дара тұлғасы

Тараз төрінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

IMG_1676Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 105 жыл толып отыр. Осыған орай Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Дінмұхамед Қонаев – дәуіріміздің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық филиалы мен аталмыш жоғары оқу орнының бірлесіп ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, аталмыш қордың облыстық филиалының төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Амангелді Кәрентаев және тарихшы ғалымдар мен студенттер қатысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру, Д.Қонаевтың өнегелі еңбек жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында құрметті қонақтар алдымен университет жанынан ашылған Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығымен танысты. Бұдан соң конференция жұмысы оқу ордасының мәжіліс залында жалғасын тапты. Алдымен жуырда ғана жарыққа шыққан «Жамбыл облысының тарихы. Құжаттар мен материалдар» кітабының бірінші томының (1939-1945) тұсауы кесіліп, таныстырылды. Алғашқы сөзді алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев ұлттың ұлы тұлғасы болған Дінмұхамед Қонаевтың басшылық қыры мен болмысына, азаматтық келбетіне тоқталып, ерен еңбектері туралы айтты.

– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Димекең өз заманының перзенті болған ірі тұлға. Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасайтыны анық ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам» деген ақжарма лебізі ешқашан өз мәнін жоғалтпасы белгілі. Бүгінгі қазақ қоғамы Қонаевқа құрмет көрсету арқылы ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, келешегіне сенім артары сөзсіз. Халқымыз үшін ел басқаруда Дінмұхамед Қонаевтың орны ерекше, ілтипаты бөлек. Тәуелсіз Қазақстан әрқашан өзінің өткен тарихынан тағылым алады, өнегесін үлгі етеді. Ал, Дінмұхамед Ахметұлы өз заманында парасаттың үлгісін көрсеткен жан. Ол басқарған жылдары еліміздің экономикасы артып, ауыл шаруашылығы қарқынды дамығаны белгілі. Алматының сәулеттік келбеті ерекше өзгерді. Ғылым, өнер, мәдениет жаңа биіктерге көтеріліп, руханият өркен жайды. Осының барлығы барша Алаш ардақтаған Дінмұхамед Ахметұлының ұлт болашағына сіңірген өлшеусіз еңбегінің арқасы деп білеміз. Облысымызда оның есімін иеленген көптеген нысандар мен тұлғасын бейнелеген ескерткіштер осы сөзіміздің дәлелі. Бүгінгі таңда «Мәңгілік Ел» идеясынан қуат алған Ұлы Дала Елі Елбасы ұсынған рухани жаңғыру дәуірінде тұрған шақта Димаштай парасатты аталарының өнегесін жас ұрпаққа үлгі етуді көздеген конференцияның орны бөлек, – деген ол тұлғаның ардақты есімі қазақ елімен бірге жасай беретініне сенім білдірді. Конференцияның көздеген мұратына тоқталған Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова Дінмұхамед Ахметұлының тұлғалық болмысы әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететінін айтты. – Әр ғасырдың, әр дәуірдің өз бояуы бар. Алайда, тарихтың киелі шежіресіне кез келген пенде өз өрнегін қалауымен ойып сала алмайды. Тарихта аты қалатындар – топтан озған тұлғалар. Тұлғаны ардақтау бар да, одан үйрену бар. Тұлғалар бізге адал өмір сүру үшін, елге қызмет етудің үлгісі ретінде өте қажет. Ал, өркениет атаулыны өрлетіп, жер бетіне игілік әкелген ұлылар қаншама? Міне, сондай ұлы тұлғаларымыздың бірегейі, халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ол кісі өн бойына қасиет қонған тұлға ретінде ұлттың мақтанышына айналды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Өз заманының заңғар ұлы» атты мақаласында «Дінмұхамед Ахметұлы – Қазақстан тарихында ірі тұлға, көрнекті қайраткер болып қалары даусыз», – деп әділетті бағасын берген болатын. Ол республиканы басқарған жылдар айрықша айшықты, ерекше табысты тарихи кезең болып, жылнамаларда алтын әріптермен жазылып қалды. «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортам – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» – деген Д.А.Қонаевқа өзі іргесін бекітуге атсалысқан Қазақстанның тәуелсіз, жас егеменді елге айналғанын көзі тірісінде көріп кетудің сәті түсті, – деді Дария Пернешқызы. Сондай-ақ, ол Тәуелсіздік алғанда халқының алдына балаша қуанып шыққан тұлғаның «Ту жығылмасын, Туды ұстаған ұл жығылмасын» деген даналық сөзін аса ықыласпен еске алды. Сол секілді ғылыми-практикалық конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Д.Қонаев атындағы халықаралық қоры облыстық филиалының төрағасы Амангелді Кәрентаев, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов, Оңтүстік Қазақстан облыстық «Аталар сөзі» газетінің бас редакторы Ерназар Перниев баяндама жасады. Көрнекті тұлғаны таныту үшін түбегейлі зерттеудің қажеттігіне тарихшы, ғалым, ТарМПУ жанындағы Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев та назар аударды. «Дінмұхамед Қонаевтың өмірбаянында оны оқуға жолдамамен жіберді дегені – қате дерек. Тұрар Рысқұловтың күндерегін зерттеу барысында Әнуар Ипмағамбетовтің жазбасын тапқан. Сол жазбада түйдей құрдас Әнуар Ипмағамбетов пен Дінмұхамед Қонаев оқуға өз беттерінше барған. Қаржының жоқтығынан вокзал маңында қонған оларды Тұрар Рысқұлов ұйықтап жатқан жерлерінен оятып алып, біраз уақыт өз пәтерінде тұрғызып, оқуға түсірген», – дей келе, Ордалы Молдалыұлы үлкеннен көмек көріп, өзінен кейінгілерге жәрдемдескен қазақ зиялыларындағы тектілік қасиет туралы тебірене әңгімеледі. Жиын соңында орталық пен өңірлердегі ғылыми байланысты нығайту үшін Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Дария Қожамжарова мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов келісім жасасып, меморандумға қол қойды.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».