Кәсіпкерлердің мәселелері мен ұсыныстары бақылауға алынады
Кәсіпкерлердің мәселелері мен ұсыныстары бақылауға алынады
премьер-министр бақытжан сағынтаев облысымызға жұмыс сапарымен келді
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облысымызға жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы өңірде мемлекеттік бағдарламалардың және «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы міндеттерінің іске асырылу барысымен танысып, АӨК дамыту мәселелері жөнінде жеке кеңес өткізіп, облыс кәсіпкерлерімен кездесті. Бақытжан Сағынтаев Таразға келген бойда бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Премьер-Министр «Арай» шағын ауданының көп қабатты тұрғын үйлерінің құрылысы нысанында болып, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов құрылыстың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы баяндады. Биыл облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 17,7 мың шаршы метр 258-ден астам пәтерді пайдалануға беру үшін төрт жоба іске асырылып жатыр, сонымен қатар ЖТҚ бойынша 922 жер телімі бөлінген. 2018 жылы 13 көп қабатты үйдің құрылысын аяқтау немесе 1070 пәтерді пайдалануға беру көзделген. Жалпы, осы жылдың 10 айында Қазақстанда құрылыс қарқынының көрсеткіштері 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға жақсарған. Барлығы 8,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, Премьер-Министрге облыста спортты дамытудың келешегі туралы баяндалды. Бақытжан Сағынтаев 2 мыңнан астам спортшы күн сайын спорттың түрлі күш қолданылатын түрлері: грек-рим күресімен, кикбоксингпен, таэквондомен, армрестлингпен айналысатын «Атлетик» олимпиада резервін даярлайтын оқыту-жаттығу кешеніне барды. Облыста барлығы 46 спорт мекемесі бар, 22 мыңға жуық спортшы жүйелі түрде түрлі спорт түрлерімен айналысады, олардың 14 мыңы ауылдық спорт мектептерінде жаттығады. Бүгінгі таңда өңір спортшылары ресми халықаралық және республикалық жарыстарда 1387 медаль иеленген, олардың 577-сі – алтын. Облысқа жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев өңірдің ірі жүйе құраушы кәсіпорны – Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жобалар іске асырылып жатқан «Қазфосфат» ЖШС-ның Минералды тыңайтқыштар зауытын аралап көрді. Химия зауыты ауыл шаруашылығына арналған минералды тыңайтқыштар, жем-шөптік фторсыздандырылған фосфаттар өндіреді. Бақытжан Сағынтаевқа өндірістің ағымдағы көрсеткіштері, сондай-ақ, экспорт көлемін арттыру туралы баяндалды. «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, ИИДМБ аясында 2016 жылы зауытты қайта жөндеу өндіріс көлемін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді. 2017 жылы 300 мың тонна фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірілді, олардың 108 мың тоннасы Қазақстанның қажеттіліктерін 100 пайыз қамти отырып, ішкі нарықта өткізіледі. 200 мың тоннаға жуығы Қытай, Ауғанстан, Ресей, Украина, Уругвай, Аргентина елдеріне экспортталады. Румыния, Чехия, Болгария, Иран нарықтарын игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірісі көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке ИИДМБ Индустрияландыру картасы аясында 2017 жылы өңірде 1448 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 18,8 миллиард теңгеге 13 жобаны іске асыру жоспарланғанын баяндады. Жыл басынан бері 8,3 миллиард теңге сомаға 6 жоба енгізілді, 398 жұмыс орны құрылды. Жалпы, елімізде биыл 10 айда экономиканың барлық базалық салалары бойынша өндіріс өсімі байқалған. Өнеркәсіп көрсеткіштері өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға жақсарды, оның ішінде біздің облыс бойынша өсім 1,4 пайызды құрады.
Облысымызға жұмыс сапары барысында Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ, аграрлық бизнес өкілдерімен және еліміздің оңтүстік өңірлері әкімдерінің орынбасарларымен 2017–2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша жеке кеңес өткізді. Онда саланың бәсекеге қабілеттілігі мен аграрлық өнім экспортын одан әрі арттыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестициялар көлемін көбейту, ауыл шаруашылығын цифрландыру, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды. Өз кезегінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде АӨК дамыту туралы баяндады. Биыл өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға 16 миллиардтан астам теңге бөлінген. Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету арқасында 2017 жылдың 10 айында облыста өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6 пайызға өскен. 2025 жылға қарай өңірдің ЖӨӨ-де ауыл шаруашылығы үлесін 25 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Жыл басынан бері өңірдің АӨК саласына 14 миллиард теңге инвестиция тартылған. Облыста 181 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, үш мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Мұнымен қоса, кеңес барысында Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 10 айдың қорытындысы бойынша АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндады. Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң қарқын байқалады — өсім 2,1пайызды құрайды. Биыл жүргізілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары сұранысқа ие дақылдардың алқабын 1 миллион 348 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осылайша бастырылған дәнді дақылдар көлемі 2,7 пайызға өсіп, 22,1 миллион тоннаны құрады. Елімізде 56 мыңнан астам өзіндік қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды қамту арқылы 745 кооператив (жоспарда — 326) құрылған. 44 мыңнан астам тонна сүт және 13 мың тонна ет дайындалған. Бұл биылдыққа кәсіпорындардың сүт өңдеу бойынша жүктемесін 60-тан 65 пайызға дейін, етті 55-тен 60 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, барлық оңтүстік өңірлерде мал шаруашылығы өнімі өндірісінің өсімі байқалады. Бүгінгі таңда 10,4 мың тонна ет, 34,5 мың тонна сүт және 12,3 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері дайындалған. 10 айда оңтүстік өңірлер бойынша негізгі азық-түлік өнімдерінің өндіріс көлемі 0,7 пайыздан 200 пайызға дейін артқан. Мұнан соң аграрлық бизнес тарапынан ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және қант қызылшасы өндірісін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев, ет өндірісі мен экспортын ұлғайту туралы «Меркі Ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытудың келешегі жайында Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Әкімбекова, ауыл шаруашылығын несиелендіруді жетілдіру және ауыл шаруашылығы дақылдарының өсіп-өнуін механикаландыруды ұлғайту мәселесі бойынша «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев сөз сөйледі. Өңірлерде АӨК дамытудың өзекті мәселелері бойынша Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндады. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында АӨК экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтты. Басты міндет — Қазақстанды әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі ету. Осыған орай ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттарын дамыту карталары әзірленді, оларды іске асыруда негізгі рөл жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктеліп отыр. Облысқа жұмыс сапарының соңында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелерімен кездесу өткізді. Онда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған», «Бизнестің жол картасы – 2020», индустриялық аймақтар мен моноқалаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Кездесу барысында мұнымен қоса, бизнес ортаны әрі қарай жақсарту мәселелері қозғалды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау шараларын көрсету аясында 800 миллиард теңгеден астам сомаға 13 мыңнан астам бизнес жоба қаржыландырылып, атаулы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын 18 миллион теңгеге дейін шағын несиелер ұсынылады. Сондай-ақ, бизнесті қайта реттеу бойынша заңнамалық шаралар қабылдануда. Аталған бағытта Үкімет ауқымды жұмыс атқарды. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астам қысқарды. ШОБ субъектілерін тексеру бойынша 17,6 мыңнан астам талап қысқарды. Осылайша кәсіпкерлерді тексеру бойынша талаптар саны 57 пайызға азайды. Бұдан өзге денсаулық сақтау және білім беру салаларын ырықтандыруға баса назар аударылады. 2017 жылы 34 мыңнан астам ШОБ субъектісі бизнестің санитарлық және медициналық тексерулерінен босатылды. Ағымдағы жылы 447 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылды. Келесі кезеңде денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына қатысты 30 ескірген санитарлық ережені алып тастау жоспарланған. Кеңесте сонымен бірге мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстары тыңдалды. Еліміздегі ШОБ дамытудың ағымдағы жағдайы туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов айтып берді. Өз кезегінде «Атамекен» Өңірлік кеңесінің мүшелері облыстағы бизнесті дамыту үшін өзекті мәселелерді айтты. Атап айтар болсақ, Лариса Сафонова жер телімдерін сұрау кезінде электронды форматқа көшу мүмкіндігі туралы, Есей Мұхиев – өңірлік операторлардан ЖЖМ көлемдерін алуға қатысты, Гүлдара Нұрымова – БЖК-2020 аясында сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау туралы, Константин Мичурин – индустриялық аймақтарды дамыту, Жамбыл Бегманов – селекциялық тұқым шаруашылығы дақылдарын дамытуды қолдау орталықтарын құру қажеттігі, Валерий Ромащенко – қайталама шикізаттан жасалған тауарлар алуға мемлекеттік сатып алулар, Арыстан Тілебаев – Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы аясында қалалар мен моноқалаларды қаржыландыру туралы, Дастан Айтүленов – жүн дайындау және бастапқы өңдеуге қатысты сұрақтар қойды. Кәсіпкерлер қойған сұрақтарға энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының директоры Дәулет Хамзин, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов түсініктеме берді. Кездесуді қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев жауапты тұлғаларға ШОБ өкілдерінің барлық мәселелері мен ұсыныстарын бақылауға алуды және аталған бағытта кешенді жұмыс жүргізуді тапсырды.
www.primeminister.kz
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.