Экономика

АРДАГЕРЛЕР ҒАЛЫММЕН әңгімелесіп, ОЙ БӨЛІСТІ

АРДАГЕРЛЕР ҒАЛЫММЕН әңгімелесіп, ОЙ БӨЛІСТІ

IMG_9672Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру, оны кең көлемде насихаттау мақсатында облыстық ардагерлер кеңесі түрлі шараларды қолға алып, ұйымдастыруда. Сондай игі шараның бірі – Тараз қаласындағы Ардагерлер үйінде өткен облыстағы аузы дуалы ақсақалдарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің түркі әлеміне танымал ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлымен кездесуі. Айтары көп абыз адам, қазақ қоғамында, ғылымында айрықша орны бар Мекемтас Мырзахметұлымен кездесіп, пікірлесіп, рухани жаңғыру, ұлт болмысы төңірегінде ой бөлісуге ниеттенген қарттардың қарасы көп болды. Жиынды алғы сөз айтып ашып, жүргізіп отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев халық арасында, әсіресе, жастардың ортасында ұлттық болмыс пен тәлім-тәрбие, елдік мұрат туралы сөз қозғап, ой айтатын ардагерлердің ғалымдармен, ұлт зиялыларымен кездесіп, олардың қоғамдық көзқарасын білуі аса маңызды екеніне тоқталды. – Шымкентте «Дулаттар» деген кітап шығардық. Дулатты бәрі де біледі ғой, бірақ біз одан адасып жүр екенбіз. Кейбір тарихшы-жазушылар Бәйдібек бабамызды 15-ғасырға «апарып» жүр. Ал, Бәйдібек одан 2500 жыл бұрын тұр, – деп сөзін бастаған Мекемтас Мырзахметұлы қазақтың бәріне ортақ тарих жайлы, сол тарихта ұмыт қалған, ұмытылмаса да қасақана бұрмаланған көптеген құнды мағлұматтармен бөлісіп, қазақтың ұлт ретінде жойылып кетуіне ықпал еткен отаршыл мемлекеттердің сұрқия саясатына назар аудартты. Тіпті, бүкіл Еуропаның саяси құрылымын жасап берген бабаларымыз болғанын да зор мақтанышпен жеткізді. Көптеген деректерді алға тартқан ғалым бүгінде «тарих төңкеріліп жатыр» деген тоқтамын айтты. – Осы отырған бәріміз де атеист-материалист болып тәрбиелендік қой. Мен өзім де нағыз атеист-материалист болдым. Тек 23 жасымда басқаша ойлай бастадым. Сөйтіп жүрген кезде Баукеңмен кездестім. Содан мүлде басқа салаға қарай ауысып кеткен жайым бар. Көзқарас қазір түбегейлі өзгерді. Сөйтіп, атеистік-материалистік көзқарас жалған дүние деп танылды. Енді ономастикадағы көптеген коммунистердің аттары біртіндеп алына бастайды. Өйткені, адамзат баласын мұншалықты қырған мемлекет еш жерде болған емес. Мысалы, қазақтардың өзі 1916 жылы 6 миллионнан астам болды. Ал, 1941 жылғы соғысқа біз 1 миллион 900 мың адаммен қатыстық. Сонда қараңыз, 4 миллионнан астам адам жоқ. Олардың барлығы ашаршылықтан, басқадан қынадай қырылды. Ең ақырында біздің бүкіл ақыл-есіміздің жиынтығы іспетті зиялыларымызды, жалпы саны 105 мың адамның бір жылдың ішінде 25 мыңын атып тастады. Қалғандарын Сібірге айдатты да, одан үш-төртеуі ғана келді. Осылайша, жан-жақтан жасалған қысымнан біз осындай жағдайға жеттік, халық саны мүлде аз. Қазір біз 90 миллион халық болып отырар едік. Өйткені, көрші өзбектер біздің ұлт 6 миллион болғанда олар небәрі 2 миллион еді. Ал бүгінде олардың саны бізден анағұрлым көп. Бірақ, бәрінде орнына келтіретін мүмкіндік бар бізде. Құдайға шүкір, шекарамыз мықтап бекітілді. Бір кездері Президентіміз шекараны бекіту үшін зыр жүгіріп жүрді. Анаған да, мынаған да барып, неге соншама асығады екен деп ойладым сол кезде. Ал ол барлық құжатты құнттап, Біріккен Ұлттар Ұйымына берді, енді біздің елге ешкім де баса-көктеп кіре алмайды. Ендігі кезекте көп ұлтты елде тәлім-тәрбие мәселесін қолға алу керек. Әсіресе, шала қазақ, ада қазақ болып кеткен облыстарымыз бар. Президентіміз «ұлттық код» дегенді атады, яғни, рухани жаңғыру. Бір кездері мен жоғарыда айтқан атеистік-материалистік көзқарас қалыптасқан кезде ауыл жақта Құдайын, ұлттық салтын ұмытқан жоқ. Бәрі де ауыл жақта жатты ғой. Ауыл әлі де рухани мықты, – деген ғалым өз сөзінде Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы негізінде туындайтын міндеттерді, елдің рухын асқақтатып, ортақ мұратқа жұмылдыру барысындағы жұмыстарға кеңінен тоқталды. Келесі кезекте ардагерлер Мекемтас Мырзахметұлына құнды пікірлерімен бөлісіп, уақыт тауып кездесуге келгеніне ризашылықтарын білдіре отырып, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды, өз тараптарынан да туындаған түйткілді мәселелерді ортаға салып, ойларын жеткізді. Жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Мекемтас Мырзахметұлына «Ардагерлер кеңесінің құрылғанына – 30 жыл» төсбелгісін табыс етіп, алғысын білдірді. Мұндай төсбелгі, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген өзге де бірқатар ардагерге табысталды.

Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.

Маржан рақай, «Ақ жол».