«Жазылбекшілер маршы» аясында
«Жазылбекшілер маршы» аясында
еңбек көрігін қыздырған мойынқұмдық жастар тағылымынан бір үзік сыр
1965 жылы шөл және шөлейт аймақтарды игеру мақсатында бұрынғы Көктерек ауданының негізінде, Шудан өзінше бөлініп Мойынқұм ауданы құрылған-ды. Фурмановка (қазіргі Мойынқұм) ауылы жаңа ауданның орталығы болып белгіленді. Ауданның бірінші хатшылығына басқару ісінде әбден ысылып, шыңдалған, өмірлік тәжірибесі мол, кезінде Көктерек ауданын басқарған, кейіннен екі аудан қосылғанда, Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Айтбай Назарбеков, атқару комитетінің төрағалығына осы өңірдің төл тумасы, оған дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болған, Еңбек Ері Әбжаппар Досымбаев тағайындалды. А. Назарбековтің өзі сол тұста небәрі қырықтан енді ғана асқан жаста екен ғой. Сондай-ақ, атқару комитеті төрағасының орынбасарлары, партия комитетінің бөлім меңгерушілері және шаруашылықтар мен мекеме, ұйымдардың басшылары да қолдарынан іс келетін мамандардан сұрыпталып жіберіліпті. Ал, аудандық комсомол конференциясының алғашқы ұйымдық мәселе қараған пленумы бұған дейін «Шу» қаракөл кеңшарында экономист болып жұмыс атқарған Әуесхан Мырзахановты бірінші, Шу аудандық оқу бөлімінде мектептер жөніндегі инспектор болған мені екінші хатшылыққа сайлады. Міне, сол алғашқы күннен бастап, жастар арасындағы жұмысымыз қызу басталып та кетті ғой.
Алғашқы жылдары ауданда жастардың саны едәуір көп болды. Бір тәуір жері, ауданның негізгі бағыты мал шаруашылығы болғандықтан, жастардың да басым көпшілігі сол салада еңбек етті. Жастар арасында небір тың бастамалар өмірге келіп жатты. Сол тұста жас шопандардың ірілендірілген бірнеше бригадасы ұйымдастырылып, ол өз жемісін берді де. Мысалы, солардың арасынан «Көктерек» кеңшарындағы Жолдас Жетібаев басқарған бригада аудан жастарына үлгі боларлықтай жарқын істердің ұйтқысы болды. «Шу» қаракөл кеңшарының жас шопаны Ақжібек Арыстанбекова, Амангелді атындағы совхоздан Стамқұл Садырқұлов, «Көктеректен» Бақытжан Халықов жастығына қарамастан үздік табыстарға қол жеткізді. Сол жылдары екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 70 жылдық мерейтойы республика көлемінде атап өтіліп, даңқты шопан өзінің жарты ғасырға жуық серік еткен құтты таяғын айдарлылық жас шопан Бөгенбай Бидасбаевқа салтанатты түрде табыс етті. Жастық жалыны бойында алаулаған Бөгенбай Жазекеңнің мәртебесін аласартпай, сенімінен де шықты, небір табыстарға жетті. Құрметке де бөленді. Мойынқұм жастары халық шаруашылығының кез-келген салаларында жастыққа тән жалынмен бір кездері жортқан аң мен ұшқан құстың ғана мекені болған, қамысы желкілдеген Шу өзені бойын еңбек дүбіріне бөледі. Сол жастар жүрген жерлерде қашанда еңбек – өнімді, көңіл – көтеріңкі болды. Жастарымыз талантты сазгер, марқұм Мэлс Өзбековтің ақын Әдібай Табылдиевтің мойынқұмдық жігерлі жастарға арнап жазған «Жазылбекшілер маршы» өлеңіне шығарған тамаша әні жастардың бойына ғаламат қуат беретін дүниеге айналды. Сөзі де, әуені де ерлікке, жасампаздыққа шақырған осы ән кейін күллі мойынқұмдық малшылардың гимніне айналып кетіп еді. Алпысыншы жылдардың аяғы мойынқұмдық жастар үшін шын мәніндегі өсу, өркендеу, жарқылдап көріну жылдары болды десем артық айтқандық емес. Сол жылдары тек мал шаруашылығында ғана емес, басқа да салаларда еңбек ететін өрен жастардың жұлдызы жарқырап, биіктей түсті. Мәселен, сол жылдары Фурманов атындағы кеңшардың механизаторы Шотай Тойбағаров қойды жедел қырқудан халықаралық жарыстың үш дүркін, бүкілодақтық жарыстың бес дүркін жеңімпазы атағын жеңіп алып, Мойымқұмның атақ-даңқын аспандатып, омырауына «Еңбек Қызыл Ту» орденін тақты. «Көктерек», Фурманов атындағы кеңшарлардың механизаторлары Әзен Аймолдаев пен Әбітай Бөлдешев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Мойынқұмдық жастар тек еңбекте ғана емес, өнерде де, спортта да саңлақ атанды. «Ел іші – өнер кеніші» деген емес пе, аудан өнерпаздары «Халық театры» атағын жеңіп алды. Кәсіби режиссер Дәуіт Иманқұлов қазақ драматургтерінің бірнеше пьесаларын сахналап, өнер ұжымдары байқауларында жеңімпаз атанды. Халық театрының өсіп, өркендеуі және көрермендер ықыласына бөленуі жолында жергілікті жас актерлер Орынкүл Саршаева, Төрехан Нұрманбаев, Алпысбай Мәмбеталиев және басқа да өнерпаздардың қосқан үлестері ұшан-теңіз. Ал, сахнаның сәні, жұртшылықтың орынды құрмет-қошеметіне бөленген жезтаңдай әншілер Зинакүл Қаймақова, Күнсая Қасымова, Гүлжахан Исаева, Бақытжамал Байболатова, Айсұлу Рсалдиева, Дихан Жетпісбаева, Тілек Жақсылықов, Тұрар Бердіқожаев және ағайынды Нәжәт, Рая Закировтер түрлі деңгейдегі ән конкурстарына қатысып, топ жарды. Өнер саңлақтары лайықты атақтарға да ие болды. Зинакүл Қаймақова «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атанды. Әсіресе, сазгер-музыкант Садық Құнанбаев, Мұхан Сартаев және Жұмәділ Сатыбалдиевтер ауданымыздың мақтаныштары болды. Ауданның жоғарыда аталған өнерпаз жастары қыс – қыстаудан, жаз – жайлаудан, дала қостарынан табылып, малшылар мен дихандардың, шөпшілердің асыға күтер сыйлы қонақтарына айналды. Бұл кезеңде мойынқұмдық спортшылар арасында, әсіресе, қазақша күрес жанданып, жақсы дамыды. Осы қазақша күрестен республикамыздың бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы» Рысманап Шаңлақбаевтың баулыған шәкірттері ағайынды Ыбрай, Ораз Молдабаевтар, Әшімхан Сатыбалдиев, Оңғар Төлеубеков және Ерқадыр Жұмабаев сынды палуандар республикалық белдесулерде талай мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Кейін Мойынқұмда екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев атындағы жүлдені сарапқа салған Қазақстан және Орта Азия палуандарының қазақша күрестен дәстүрі турнирін жыл сайын өткізіп тұру әдетке айналды. Жыл құрғатпай өткізіліп тұратын сол турнирлерде мойынқұмдық «атан жілік» палуандардың жауырындары «жер иіскеп» көрмеген еді. Өкінішке қарай, Мойынқұмның абыройын көкке көтерген атақты палуан, қазақша күрестен республиканың бес дүркін чемпионы Рысманап Шаңлақбаев жерлестерінің маңдайына сыймай кетті. Асыл азамат автокөлік апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Бірақ, ердің есімі ұмытылған жоқ. Қазір палуанның өзі туып-өскен Биназар ауылындағы бір көшеге есімі берілген. Біз ол кезде кеңседе сирек отыратынбыз. Бірінші хатшымыз Әуесхан Мырзаханов екеуміз жастармен бірлесе небір тың ойлар мен соны тірліктерді бастап кеткенімізде күллі аудан жұртшылығы қайран қалатын еді. Осы қасиетіміз жайында кейін де аңыздайын айтылып жүрді. Әуесхан екеуміз жер-жерлердегі бастауыш комсомол ұйымдары жетекшілері мен белсенділеріне арқа сүйей отырып, жұмыс атқаратынбыз. Сонда «Көктерек», Амангелді, Жамбыл атындағы, «Құмөзек», «Қарабөгет», Фурманов орта мектебі мен Фурманов атындағы кеңшарлары мен Мыңарал балық зауыты бастауыш комсомол ұйымдарының Ильяс Бермағанбетов, Маяк Жидебаев, Шашақбай Дүйсенов, Жұман Әсетілдаев, Байұзақ Саурықов, Төлеген Мырзахметов, Серікбай Жақсымбетов, Исатай Әбдіраманов және Елжан Оспанқұлов (кейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды) сияқты жетекшілері өздерінің негізгі жұмыстарымен бірге комсомол жұмыстарын да барлық талаптарға сай, тап-тұйнақтай етіп, қатар алып жүретін. Осы азаматтар сол кезде комсомол ұйымына жетекшілік жасағаны үшін бір тиын да жалақы алмайтын. Оны қосымша тапсырма ретінде қабылдайтын. Тапсырылған міндеттерге азаматтықпен қарайтын. Сол жылдары жаңа құрылған ауданда денсаулық сақтау, халық ағарту ісі жедел түрде дамып, кәсіптік-музыкалық, спорт мектептерінің саны жыл санап арта түсті. Аймақта ауылшаруашылығы өндірісімен қатар өнеркәсіп пен энергетика саласы да бірімен-бірі жарыса өсті. Ауданда жергілікті өнеркәсіп комбинаты ашылып, ол сол өңірдің жағдайымен, малшы қауымының талабы және тілегімен санаса отырып, алты, сегіз қанатты киіз үйлер мен құранды ерлерді барлық жабдығымен көптеп шығара бастады. Осы комбинаттың жер-жердегі бөлімшелері жұмыс істеді. Олардың барлығы ауыл еңбеккерлерінің талғамы бойынша сұраныстарын қанағаттандырды, көптеген өнімдер жасап шығарып, табыс көзін молайтуға зор үлестерін қосты. Қатынас жолдары мен байланыс құралдарының жай-күйі жақсара түсіп, құрылыс кең қанат жайды. Аудандағы бірден-бір құрылыс салумен айналысатын 2006-жылжымалы механикаландырылған құрылыс коллонасы мердігерлік әдісті шеберлікпен меңгеріп, іскерлікпен жүзеге асырды. Колонна ұжымы үнемі Бүкілодақтық жарыстың туын желбіретті, аудан орталығында неше түрлі әсем ғимараттар пайда болып, көздің жауын алды. Міне, осындай іргелі істерде аудан комсомолдары мен жастарының өшпес қолтаңбасы қалды. Мұның бәрі, әрине, сол жылдардың қайталанбас тарихы. Сонымен алпысыншы жылдардың соңына таман аудандық комсомол комитетінің кезекті пленумында комсомолдағы істеген көп жылдық еңбегім ерекше бағаланып, БЛКЖО Орталық Комитетінің «Комсомолдағы белсенді жұмысы үшін» деген төсбелгімен марапатталып, аудандық партия комитетінің ұсынысы бойынша, облыстық партия комитетінің шешімімен Алматы жоғарғы партия мектебіне оқуға кеттім. Ал, қазір қарап отырсам, соның бәрі – тарих. Тарих болғанда, кәдімгідей жүрегіңе бір жылы сағыныш, қимастық сезім ұялататын тарих. Әсіресе, бойларында жалындары алаулаған жастармен бірге қоян-қолтық араласа жүріп асқан асуларды, бағындырған биіктерді, тіпті кездескен қиындықтар мен кедергілерді де кей-кезде аса бір қимастықпен еске алатыным бар. Бәрі де кешегідей, көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жататындай. Өйткені, бұл біздің өміріміз ғой. Сол жалынды жылдарда өрілген өмірбаянымыз күні бүгінге дейін өзіндік арнасымен жалғасып келеді. Соған көңіліміз демделіп, мейіріміз өсе түскендей болады. Ертеңгі күнімізге жақсы үміт, берік сеніммен қараймыз.
Жәнібек МАЙХАНОВ, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, отставкадағы милиция полковнигі.
Мойынқұм ауданы.