Саясат

оң шешімін табатын болады

оң шешімін табатын болады

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Берік Тоқтасын Тараз қаласындағы Лазеров көшесіндегі жасөспірімдерді әлеуметтік жағынан қорғауға арналған үйді паналаған екен. Былтыр әскерге барып, азаматтық борышын өтеп келіпті. Енді әскери қызметке орналассам деп талаптанып жүрген көрінеді. Қоғамдық қабылдауға осыны айтып, көмек сұрай келіпті. Бекболат Серікбекұлы үлкен үмітпен «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына жазылып, өтініш білдіргендердің мәселесін шешу жолдарын қарастыру қажеттігін ескертіп, облыстық қорғаныс істері департаменті басшысының орынбасары Ғалмат Даминовқа келесі жылдың ақпан айына дейін Б.Тоқтасынға әскери құрылымдардан жұмыс табуына ықпал етуді тапсырды. Ғалмат Тұрдахметұлы бұл азаматты жұмысқа орналастырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруға уәде берді. Бауыржан Ершіманов та жасөспірімдерді әлеуметтік жағынан қорғауға арналған үйдің тұрғыны екен, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Мемлекет қолдауының арқасында жоғары білім алыпты. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген ол қала мектептерінің біріне өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды армандайды. Бекболат Серікбекұлы жұмысқа орналастырудың жолын әуелі облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетовадан сұрады. Рахия Сейітбекқызы барлық мүмкіндікті қарастыратындарын айтып, алайда оқу жылы басталып кеткендіктен, қазір мұғалімге тиісті жүктеме сағатын тауып беру қиынға соғатынын жеткізді. Дегенмен, бұл түйткілдің түйінін тарқатуға болады екен. Бекболат Орынбеков облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтен Б.Ершімановты спорт мектептеріне жұмысқа орналастыруға қаншалықты мүмкіншілік барын сұраған еді, ол бұл азаматты спорт мектептерінің біріне әдіскер ретінде жұмысқа орналастыруға болатынын айтты. Бауыржан жұмысты 1 желтоқсаннан бастамақшы. Осы кезге дейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы арқылы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 20 азаматтың мәселелері оң шешілген екен. Бекболат Орынбеков өтінішпен келген азаматтардың мәселесін шешуге «нұротандықтар» барынша ықпал етуі керектігін ескертті.

Есет досалы, «Ақ жол».