Экономика

«Қазфосфат» ЖШС «Алтын сапа» байқауына қатысады

«Қазфосфат» ЖШС «Алтын сапа» байқауына қатысады

P1050257Бұған дейін белгілі болғанындай, жамбылдық химия өндірісінің алыбы – «Қазфосфат» ЖШС «Алтын сапа 2017» конкурсының ақтық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады. Аталмыш серіктестіктің өндіріс жөніндегі бас менеджері Альберт Юн осылай деп мәлім етті.

– Біздің кәсіпорнымыз еліміздегі һәм өңіріміздегі жетекші өндіріс орындарының бірі болып табылады, – дейді ол. – Оның негізі 1999 жылдың 27 қазанында қаланған, бас кеңсесі Алматы қаласында орналасқан. Алайда негізгі өндірістік қуаты Жамбыл облысы аумағында. Қазіргі таңда компания сары фосфор, үш полифосфатты натрий, минералды тыңайтқыштар, жемдік фосфаттар, күкірт қышқылы секілді басқа да химия өнімдерінің 20 түрін өндіреді. – Өз жұмысын өнім өткеру көлемі құлдырап, көптеген кәсіпорындар шығынға батып, жұмысшылары көп уақыт бойы жалақы ала алмаған тұста – мыңжылдықтар тоғысында тақыр жерден бастаған компания үш-ақ жылдың ішінде аяғына тұрып, өнім өндіру көлемін едәуір арттыра алды. Атап айтқанда, фосфор – 4-5 мың, үш полифосфатты натрий – 6-7 мың, фосфорит кені – 70 мың, минералды тыңайтқыш – 15 мың тоннаға дейін артығымен өндірілуіне қол жеткізді. Бүгінгі таңда Еуропа мен ТМД елдері аумағындағы сары фосфор шығаратын бірден-бір кәсіпорын да осы. Біз өз өнімдерімізді АҚШ, Шығыс және Батыс Еуропа, Қытай, Үндістан, ТМД елдерінің нарығына да шығарудамыз, – дейді А. Юн. «Қазфосфат» ЖШС жеті өндірістік филиалдың басын біріктіріп отыр. Олардың екеуі – «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өндірісі кешендері Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, сондай-ақ, Тараз бен Степногорск қалаларындағы минералдық тыңайтқыш өндіру кәсіпорындары үшін фосфорит пен фосфор шикізатын дайындауды жүзеге асырады.

«Ақ жол-Ақпарат».