«Неміс машинасын» тоқтата алмады
«Неміс машинасын» тоқтата алмады
Негізі «неміс машинасын» тоқтату қиын болатынын білсек те, көпшілік бұл кездесу тең аяқталады деп болжам жасағаны анық. Немістердің осы матчқа дайындаған тактикасы да жанкүйерлердің осы ойын нақтылай түскендей болған. Бірақ, Германия құрамасы португалдықтарға футбол жекелеген «жұлдыздардың» ойыны емес, командалық бәсеке екенін айқын ұқтырды. Алғашқы гол әдеттегідей пенальтиден соғылды. «Неміс машинасының» екпіні қатты екен, үзіліске дейін есепті еселеп үлгерген болатын. Криштиану Роналду үшін бұл матч сәтсіз өтті. Бірнеше мәрте таблодағы көрсеткішті түзеуге тырысқанмен, немістердің тас қамал қорғанысы оған еш мүмкіндік бермеді. Португалиялықтардың да басты қателігі осы десек, қателеспеспіз. Өз сұрмергендерінің үнемі қорғаушылар бақылауында болатынын біле тұра, пасты үнемі Роналдуға шығарып отырды. Бұдан кейін де португалиялықтардың ойыны мандымады. Қорғаушы Пепе Мюльерді ұрып құлатып, алаңнан қуылды. Ол – әлем чемпионатында «қызыл қағаз» алған үшінші ойыншы. Уругвайлықтар сапынан Коста-Рика құрамасына қарсы өткізген кездесуде Перейра, Франция – Гондурас матчында Палаасиоис қатаң «жазаға» тартылған болатын. Жалпы, Португалия мен Германия кездесуі – ең лас өткен ойындардың бірі. Осы матчта португалиялықтар сапынан екі ойыншы, немістер жағынан бір футболшы жарақат алып, алаңдағы орындарын босатуға мәжбүр болды.
Ардақ Үсейінова,
"Ақ жол"