Бүгін бітіретін істі ертеңге қалдырмайық
Бүгін бітіретін істі ертеңге қалдырмайық
Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ақ түтек бораны мен қақаған қара суығын ала келетін қыс айларында жолға шыққан жолаушы діттеген жеріне аман-есен жетуге тиіс. Облыс басшылығы бұл мәселені жыл сайын басты назарда ұстаумен келеді. Тиісті мекемелердің жауапты науқанға дайындығы облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде, салаға қатысты басқа да жиындарда күн тәртібіне шығарылып, басқарма, мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп жатады. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан алған мәліметке қарағанда, өңірде республикалық – 1237, облыстық – 1943 және 2007 километр аудандық маңыздағы жол бар екен. 2012 жылдан бері жергілікті маңызы бар жолдарды қыс айларында күтіп-ұстау жұмыстарына 583,2 миллион теңге бөлініпті. Оның ішінде биылғы күзгі-қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 233,5 миллион теңге қарастырылып, оның көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 74 пайызға өскен. Облыс аумағындағы асулардағы көктайғақтарды жоюға 17220 тонна құм-тұз аралас материал дайындалыпты.133 арнайы техника бар. Алайда, бұл Даму және инвестициялар министрлігінің автомобиль жолдары комитеті бекіткен нормативтік қажеттіліктің 29,5 пайызын ғана құрайды. Дегенмен, облыс әкімінің ықпалымен Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Шу аудандарына жолды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына арнайы техника сатып алуға қосымша 400 миллион теңге бөлініп, 19 техника сатып алу жоспарланған. Жуалы ауданындағы «Б.Момышұлы-Қызтоған» бағытындағы жолдың 10 километрлік бөлігіне қардан қорғаушы қалқандар орнату үшін облыстық бюджеттен 183 миллион теңге қарастырылған. Қаралған қаржының 60 миллион теңгесі биыл, қалғаны келер жылы игерілмек. Бүгінде осыған байланысты мердігер мекеме анықталып жатса керек. Қысы қатал, ақ түтек бораны бір толастамайтын бұл аумақтағы жұмысты ертерек қолға алу қажет. Өткен қыс кезінде мұндағы автомобиль жолдары қайта-қайта қалың қардан жабылып қалып, төтенше жағдайлар департаментінің қызметін аяғынан тік тұрғызғаны естен шыға қойған жоқ. Басқарма тарапынан аудандық әкімдіктердің қызметкерлерінің қатысумен 13-23 қазан күндері жергілікті автожолдардың күзгі-қысқы дайындығына тексеру жүргізілген. Меркі ауданындағы жол пайдалану мекемелері бокстар мен жабық алаңшалармен жабдықталмаған. Сондай-ақ, жоспар бойынша 1650 тонна құм және 50 тонна тұз дайындау тиіс бола тұра, бар-жоғы 20-ақ тонна құм дайындалуына қол жеткізген. Ал тұз тіпті жоқтың қасында. Сарысу ауданында жалпы ұзындығы 478 километрді құрайтын жергілікті маңызы бар жолды күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізуге жеке кәсіпкер «Алиев Азамат Талғатұлымен» келісімшарт жасалған. Мердігердің 4-ақ техникасы бар. Екі «КамАЗ» және екі жүк тиейтін техникасы жалдамалы. Көктайғаққа қарсы қолданылатын материалдар ашық алаңда жатыр. Оның үстіне толық жинақталмаған. Бұл ауданның қысы кей жылдары ат құлағы көрінбейтін ақ боранмен де ерекшеленеді. Төменгі Шу бойындағы ауылдар мен Көсегенің көк Жонындағы Түркістан ауылдық аймағына қарасты елді мекендермен қарым-қатынас үзілгенін, Тараз-Жаңатас бағытындағы жолдың жабылып қалғанын көргенбіз. Ондайда мұндай іске Жаңатастағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алып техникалары жұмылдырылатын. Көрші жатқан Талас ауданында да климаты ұқсас болғандықтан, қолайсыз ауа райы қайталанып тұрады. Жолды келісімшарт бойынша «Нұр-Мұхаммед» және «Көпбосын» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тұрақты бақылауда ұстауға тиіс. Алайда, «Нұр-Мұхаммед» ЖШС-ның 5 бірлік техникасының бәрі де өзінікі емес, өзгенікі. Осы жерде мына мәселеге назар аударған жөн-ау. Қазір қай аудан орталығында болсын іргелі кәсіпорындар ашылған. Оларда алып техниканың неше алуан түрі бар. Аудан әкімдері сондай өндіріс орындарының жетекшілерімен осы бастан қыс қыспаққа алып жатса көмек қолын созуға дайын болуға келісіп қойғаны жөн секілді. Тірлігін сол аудан аумағында дөңгелетіп жатқан соң, оның үстіне жұмысшы-қызметкерлерінің дені жергілікті тұрғындарды құрайтындықтан, ондай ортақ істен қандай құрылымның басшысы болсын бас тарта қоймас. Мәліметтерден белгілі болғанындай, қала іргесіндегі Байзақ ауданы қысқы жағдайға сақадай-сай дайындалыпты. «Рауан» ЖШС қауіпті жағдайлар орын ала қалса, 16 бірлік техникасын жұмылдыра алады. Мұнда көктайғаққа қарсы материалдар жоспардағыдан екі есеге артық дайындалған. Өндірістік базасы бокстармен, жабық бастырмалармен және қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жамбыл ауданы да қысқы науқанға әжептәуір дайындықпен келіп отыр екен. «Аса-су» мекемесінде 11 техника бар, бұған қосымша екі қар тазалайтын техниканы жұмылдырмақ. Көкмұз құрсауында қалған жолды тазалау үшін қажетті материал 100 пайыз дайындалған. Т.Рысқұлов, Қордай, Шу және Мойынқұм аудандарында жағдай орташа деңгейде болғандықтан, олар дайындықтарын ширата түскені абзал. «Қазақавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалы республикалық маңызы бар 1237 километр жолды күтіп-ұстау жұмыстарымен айналысады. Биыл және келер жылдың қыс маусымында облыс аумағындағы жол бойында көліктің тәулік бойы үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар дайындық шаралары атқарылған. Филиал директоры Дәурен Тоқтаровтың мәлімдеуінше, республикалық маңызы бар автожолдардың арнайы учаскелеріне жауапты адамдар бекітіліп, ауа райының қолайсыз жағдайларында хабардар ету кестесі әзірленіпті. Тараз қаласы мен Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарында барлығы 10 жылыту пункті мен 5 өндірістік база қыс мезгіліне дайын көрінеді. Бүгінгі күні өндірістік базаларға көмір, тұз және басқа да материалдар жинақталған. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар автожолдардың бойына 816 бірлік уақытша жол белгілері орнатылған. «Қордай асуын айналып өту» автожолының екінші жүріс жолағының құрылыс жобасы аясында 170-180 километр аралығында боранды күндері қар ұстайтын, жалпы ұзындығы 3170 шаршыметрді құрайтын темірбетон қоршау орнатылған. Сонымен қатар, филиал тарапынан «Қордай» және «Шақпақ» асуларына қосымша 800 қумаметр қар ұстайтын жылжымалы ағаш қоршау сатып алынған. Ол қыс мезгілінде қатты боран соғатын аймақтардың жол жиектеріне орнатылады. Республикалық маңызы бар жолды қыс мезгілінде күтіп ұстауға 150 техника қажет болса, филиалда 65-ақ техника бар. Қазір оның 61-і жұмысқа жұмылдырылуда. Қанша жерден қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары ала жаздай үздіксіз жүргізілсе де, қыс кезінде жолдың жабылып қалу оқиғалары кездесіп жатады. Біраз жыл бұрын Жуалы ауданындағы «Шақпақ» асуында ақ түтек бораннан бір көліктің тұрып қалуы салдарынан күре жолдың бойынан ары-бері бағыттағы 500-дей автокөлік қаңтарылып қалды. Сол бір қысылтаяң шақта басты міндет – мыңдаған жолаушыны үсікке ұрындырмай, аман сақтап қалу болды. Әйтеуір, абырой болғанда адам шығыны орын алған жоқ. Амансай мен Шақпақ ата ауылдары тұрғындарының мейірімділігінің арқасында жол кептелісіне тап болғанымен, ешбір жолаушы далада қалған жоқ. Жуалылықтар алдарына дәмін қойып, төрін ұсынды. Осы ауданда бұрынғы облыс әкімі қатысқан аудан әкімінің есеп беру жиынынан келе жатып, Теріс өзенінің маңында «Знамя труда» газетіндегі әріптестерімізбен бірге түн ішінде өзіміз де жолда қалып қойғанымыз бар. Онда да Құдай сақтап, ұялы телефон арқылы облыс басшыларына байланысқа шығып, «Күйік» асуында тұрған құтқару қызметінің жігіттері келіп, ауыр техникамен редакция автокөлігін омбы қардан шығарып алды. Егер ұялы телефон байланысы ұстамайтын жерде қалсақ, сөз жоқ, мұның зардабы айтарлықтай болары анық еді. Қалай болғанда да қыс – қатал сыншы. Барлық сала қысқа сақадай-сай дайын болуы шарт. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолының 495 километрлік бөлігі облыс аумағынан өтетіндіктен, кейінгі жылдары өңірде жол-көлік қозғалысы бірнеше есе өсті. Күндіз-түні тынымсыз ағылып жататын мыңдаған автокөліктің ауа райының қолайсыздығынан жол үстінде тұрып қалмауына тиісті мекеме басшылары жауапты екені есте болса дейміз. Оларға тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуге тура келеді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрылымдары, аудан, ауыл әкімдері және жол полициясы қызметкерлеріне асқан қырағылық қажет. Жолаушылардың да «Қазгидрометтің» ұялы телефонға үздіксіз келіп жататын ескертулеріне құлақ асқаны жөн. Асылы, ауа райы тосын мінез танытатын күндері жолға шығып әуре болудың да қажеті жоқ.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».