Сең қозғалды, сен де қозғал!
Сең қозғалды, сен де қозғал!
Ғалымдар латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі жайлы ойларын айтты
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа интеграциялануының басты факторы» атты оңтүстік аймақтық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Жиынға Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Қасиет Молғаждаров, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Ақжол Қалшабеков, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің ректоры Өмірбек Үмбетов пен университетіміздің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Келелі кездесуді ТарМУ-дың гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, Әзімхан Ыбырайым жүргізіп отырды. Шара барысында профессор Әлімхан Жүнісбек көпшілікке дәріс оқыды. Оның айтуына қарағанда бүгінгі таңда қазақ тіліндегі кейбір сөздердің үндесуі, ырғағы мен әуезі бұзылып жатыр. Сөздердің құрамын қалай талдаудың реті келмей, буынға және тасымалға бөлуде бірқатар сұрақтар қордаланған. «Буын, тасымал деген ол тілдік әрекет емес, әріптің әрекеті болып кетті. Біз әріп талдауға көштік. Сондықтан бірінші кезекте өзіміздің төл дыбыстық құрамымызды анықтап алуымыз керек. Қазір кез келген қазақтан сұрасаңыз, «қазақ тілінде 42 дыбыс бар» деп жауап береді. Олай емес. Біздің тілімізде бар болғаны 28 дыбыс бар», – деді Әлімхан Жүнісбек. Сонымен қатар, профессор Мемлекет басшысы қол қойған Жарлыққа қатысты ойын білдірді. «Жарлық деген – заң. Ендеше, біз бәріміз сол заңға бағынамыз. Әліпби ұнай ма, ұнамай ма – ондай талқылау енді болмайды. Сол әліпбиді қалай дұрыстап пайдаланамыз, қалайша оқу құралдарына енгіземіз, қалай мектепке жеткіземіз? Ендігі мәселе сол», – деді профессор. Келесі кезекте Қасиет Молғаждаров латын әліпбиіне көшудің кезеңдік мәселелері жайында салиқалы ойларын ортаға салды. Ғалым әліпби нұсқасында әлі де кемшіліктер барын жеткізіп, уақыт өте келе ол кемшіліктер дұрысталатынына сенім білдірді. Жиынға қатысқан ғалымдардың барлығы да жаңа қазақ әліпбиіне байланысты өзекті мәселелерді көтеріп, қазақ әліпбиін үйретудің инновациялық курстарын ұйымдастыру, олардың оқу-әдістемелік жабдықталуы, бекітілген жаңа жоба жөнінде оқытудың әдіснамалық негіздері бойынша ұсыныстарын айтты.