Білім

Мұғалімдеріміз бәрінен озды

Мұғалімдеріміз бәрінен озды

Білім беру үдерісін әрі қарай жетілдіру үшін педагогтердің бәсекелік қабілетін арттырудың маңызы зор. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Қазақстанның математика пәні мұғалімдерінің ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін математика, физика, информатика пәндері мұғалімдері арасында шығармашылық байқау осындай мақсатта ұйымдастырылған болатын. Білім мен біліктілік сыналатын V халықаралық шығармашылық байқау биыл Алматы қаласында өтті. Аталған білім додасында облыс ұстаздары командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру, кәсіби көзқарас қалыптастыру, қазақстандық білім беру жүйесіне халықаралық тәжірибені тарату, ең үздік мұғалімдер арасында қарым-қатынасты жақсартып, бәсекеге қабілетті етуді көздеген байқау негізінен екі бөлімнен тұратынын айта кету керек. Бірінші бөлімінде қатысушыларға теориялық, екінші бөлімінде методикалық есептер беріледі. Міне, осы сынақтардан жамбылдық педагогтер сүрінбей өтіп отыр.

Атап айтсақ, облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернатының физика пәнінің мұғалімі Ержан Жұмаділов 2-орынды иеленді. Ал Тараз қаласы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп интернатының математигі Жомарт Рысбаев пен физигі Жандос Досыбаевтың, Тараз қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназияның математигі Айбек Мұратбаевтың еншісіне тигені – жүлделі 3-орын. Нәтижесінде халықаралық байқауда облыс командасы І орыннан көрінді.

Бұл жолы шығармашылық байқауға Қазақстанмен қатар Якутияның мұғалімдері де қатысты. Жалпы білім бәсекесінде 53 физика, 107 математика, 27 информатика, жалпы 187 педагог бақ сынады.

Шахризада Өсерова, облыстық білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы.