Әлеумет

Таразда троллейбус тоқтады. Неге?

Таразда троллейбус тоқтады. Неге?

Елбасы Жолдауында экологиялық таза қоғамдық көлік түрлеріне көшудің маңызды екені айтылды емес пе?

Тараз қаласындағы 35 жылдық тарихы бар жалғыз троллейбус паркінің тағдыры бүгінде қыл үстінде тұр. Неге дейсіз бе? Электр қуатына және басқа да шығындарға 8 миллион теңге берешек серіктестікті жақында қалалық әкімдік небәрі 1 миллион 300 мың теңгеге ашық саудаға шығармақшы. Алайда, бұл баға әлі нақты емес, тәуелсіз бағалаушылардың тарапынан зерделену үстінде. Компанияның мұнша су тегін ақшаға сатылуы өз алдына, енді қалада тоқпен жүретін қоғамдық көлік қалмайын деп тұр. «Таразкоммуналкөлік» ЖШС бұл тығырықтан шығу үшін, паркті қайта жандандыру мақсатында көмек сұрап, сәуір айында қалалық мәслихатқа арнайы хат жолдапты. Оған қалалық мәслихат хатшысынан мынадай жауап алынған.

1

«Троллейбус паркінің тұрақты, бір қалыпты жұмыс істеуі үшін троллейбус бағыттарына газбен қамтылған автобустар жіберу туралы ұсынысыңыз, 2014 жылғы 15 мамырда Тараз қалалық мәслихатының тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қаралды. Комиссия отырысына қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ж. Сапаралиев троллейбус паркін жекешелендірудің екінші кезеңі басталып, қазіргі таңда паркті сатуға бағалау жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы түсіндірме жасап, бұл мәселені қарауды тоқтатуды ұсынды. Аталған парктің жекешелендірілетініне байланысты, сіздің ұсынысыңызды қарау тоқтатылғандығы туралы хабарлаймын» қол қойған Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Б. Нарбаев.

Осыдан екі жыл бұрын 20 миллион теңгеге дейін дотация бергізіп келген шенділер бұл жолы шығыны көп паркті қазына қаржысына ұстап тұру тиімсіз деп тапқан. Бірақ, «Таразкоммуналкөлік» ЖШС директоры Керімхан Тамаев арнайы заңдылыққа сай түбінде парктің жекешеленері анық, алайда, түпкілікті жабылып қалмай, халықтың игілігіне қызмет етсе екен деп алаңдаулы. Оның айтуынша, «Таразкоммуналкөлік» мекемесі былтыр ғана Алматыдан қайтарымсыз 10 қоғамдық көлік алған екен. – Жалпы, серіктестікте 15 троллейбус бар. Оның 13-і екі бағытқа шығарылуға дайын. Алайда, олар қазір қаңтарылып тұр. Бұл әрине, өкінішті. Қаламызда троллейбустар жүйіткіп жатса, жолаушы үшін де тиімділігі жоғары болар еді. Біріншіден, іші кең, жолаушы көп сияды, екіншіден, өзге көліктер сынды олар ауаны ластайтын түтінді будақтатпайды, экологиялық жағынан өте таза, электр сымы сапалы жасалып берсе болғаны. Үшіншіден, троллейбустарда өзге қоғамдық көліктердегідей жиі орын алатын апатты оқиғалар болмайды. Олар толығымен жүрсе қазіргідей қаптаған көлік кептелісі де біршама сейілер еді. Баяу ғана қозғалып, жүргінші үшін жайлылық сыйлайтын бұл көліктерді қалай мадақтасақ та артықтық етпейді. Қазіргі таңда көптеген дамыған елдер мұны жіті түсініп, троллейбустардың қозғалысын арттыруда. Ал, біз барымыздан ажырағалы отырмыз. Елімізде бүгінде небәрі үш қалада ғана троллейбус парктері сақталған. Соның бірі өзіміздің Тараз қаласы, – дейді Керімхан Тамаев. – Бұрын жүріп тұрған троллейбустардың бағыты соңғы уақытта неліктен тоқтады? – 2013 жылдың маусым айынан бастап қаланың Жамбыл даңғылы және Т. Рысқұлов көшесінің бойында «КазТрансАймақ» мекемесі газ құбырларына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көшелерді қазып тастады. Сөйтіп, мердігерлердің сұрауы бойынша толық бес ай бойы осы көшелердің бойымен өтетін қосалқы стансадан №43, 44 фидерден электр қуаты өшірілген еді. Қазба құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталғаннан кейін электр қуатын желілер арқылы қайта қосқанда жерасты желілері істен шықты. Оның себебі, 1980 жылы салынған жерасты желілері ұзақ уақыт электр қуатынсыз тұруына байланысты бойына ылғалды сіңіріп алған. Біз осыған орай қайта қалпына келтіруді қажет ететін жерасты желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттарын дайындап, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне тапсырдық. Газ құбырларының құрылысы биыл да жалғасуда. Сондықтан, осы жылдың мамырында жүреді деп күтілген он бес троллейбус жолға мүлдем шықпады. Қазір Тараз шағын шаһар емес. Аумағы бұрынғыға қарағанда әжептәуір кеңейді. Халық көп қатынайтын базарлардың дені қаланың шетіне қарай ойысты. Сондықтан келешекте троллейбустардың бағытын қысқартқанша, есесіне санын арттырған абзал. Бұл орайда, паркті қайта жандандыруға мүдделі басшы, билікке өзі де ұсыныс жасап отыр екен. Бірақ, одан нәтиже шығатынына сенімінен гөрі, күмәні басым. «Біздің сұраныс – муниципалдық автобус сатып алып берсе дейміз. Қазір қолдағы 10-15 троллейбус жүретін болса, оған қосымша 20 газбен жүретін автобус қосылса, троллейбус пайдаланған электр қуатын және серіктестіктегі еңбекақы төлемдерін толығымен жаба алатын мүмкіндіктерге қол жеткізер едік. Мұндай тәжірибе Алматыда бар. Елбасымыздың өзі Жолдауында экологиялық таза қоғамдық көліктің түрлеріне көшудің бүгінде аса маңызды екендігін атап өткені аян. Осы жарқын бастамаға біз де үлес қоссақ деймін. Бәрі халқымыздың мүддесі үшін әрине», – дейді Керімхан Тамаев. Біз осы орайда қоғамдық пікірге де құлақ түрген едік. Дәурен Байкеев, Тараз қаласының тұрғыны: – Бұрын студент кезімізде троллейбустарға көп мінетінбіз. Онымен жүрген өте жайлы әрі ыңғайлы. Кейін оқу бітірген соң да мен басқа автобустар бірінші келгенмен, баратын жеріме асығып тұрсам да, троллейбустардың жолын тосатынмын. Өйткені, онымен жүрген тағы қайталап атамын өте жайлы. Кейінгі кезде бұл қоғамдық көлік көзден бұлбұл ұшып кетті. Енді қайтадан қатарға қосылуын қалаймын. Нұрлыбек Кеукербаев, Алматы қаласының тұрғыны: – Тараздан Алматыға көшіп барғанымызға біршама уақыт болды. Алматыда мен тек қана троллейбуспен жүремін. Ал, Таразға келгенде сұрасам, мұндағылар жолаушылар көлігінің бұл түрі тоқтағанына біршама уақыт болды деді. Әрине, өкінішті. Троллейбус – жолаушының нағыз қажетті көлігі. Осыны ескерген абзал. Сала маманы осылай троллейбустардың жүруіне мүдделілік танытып отыр. Расында да Тараз қаласы бойынша екі бағытта қатынайтын 36 шақырымға созылып жатқан контактілік желісі 1000-нан астам бағанаға жалғанған, 17 шақырым жерасты желілері бар троллейбустарды қаңтарып қоюға қимайсың. Барлығы да халықтың мүддесіне қызмет етіп тұрса игі емес пе? 35 жылдан бері қала тұрғындарына қызмет көрсетіп келген қоғамдық көліктерді енді көшеден көрмейміз бе? Сол жылдары қалада ұзын саны 80 троллейбус қатынаған дегенге енді ешкім сенбес.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».

Тараз қаласы.