Саясат

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру –

Бәсекеге қабілеттілікті арттыру –

білім беру жүйесін жетілдіруден басталады

Күләш Абдуллаева, №57 орта мектептің директоры.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы өзгертудің, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңірудің және тұтас қоғамның әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтті. Соның бірқатарына тоқталып өтейік. Елбасымыз атап айтқан бәсекелік қабілетті арттыру, яғни, табысты ұлт болашағы үшін әрбіріміз прагматистік бағытты ұстануымыз керек. Ең алдымен білім беру жүйесін әрі қарай жетілдіруіміз қажет. Сонда ғана біз ұлттық және жеке байлығымызды үнемдеп, ысырапшылдыққа жол бермей, барлық істі жоспарлай аламыз. Ата-баба салт-дәстүрлерін жаңғыртып, ұлттық мәдениетімізді қалыптастырамыз. Ұлттық бірегейлікті сақтау үшін Елбасымыз екі ережені ұсынды. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау. Екіншісі – ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа әдеттерден арылу. Біз ұлттық рухымызды сақтап қалу үшін өнеріміз бен әдебиетімізді, салт-дәстүрлеріміз бен дана бабаларымыздың өлең-жырларын жаңғыртып, рухани мәдениетімізді қалыптастыруға тиіспіз. Әрбір ұлттың өзіне сай рухани коды болады. Сол салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу арқылы мәдени болмысымызды ұстап қаламыз. Ал оны кім жаңғыртуы тиіс және қалай? Осы сұрақтардың жауабын оқушыларға түсіндіру мақсатында жуырда мектепте облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген және мектебіміздің танымал түлектері физика-математика ғылымдарының кандидаты, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің деканы, профессор Темірхан Бижігітұлымен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Ғайни Әлімбекқызымен «Туған жерге туыңды тік!» атты кездесу өткіздік. Иә, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қала мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Белгілі қаламгерлер мен ғалымның жастармен өткізген риясыз жүздесуінің өзі – елжандылықтың үлгісін көрсеткендей. Жалпы, біздің ұжым Елбасының салиқалы саясатын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Соның бірі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясындағы «Туған жерге туыңды тік!» атты салтанатты іс-шара. Кездесуде Мейрамбек Мылтықбайұлы өз сайлаушыларына Елбасының мақаласын егжей-тегжейлі талдап, мектебіміздің жаңа ғимаратының бой түзеуіне мұрындық болған азаматтардың белсенділігін тілге тиек етті. Темірхан Бижігітұлы өзінің жаңалықтарымен бөлісіп, оқушыларға өте құнды ғылыми ақпарат беретін кітаптарын сыйға тартты. Мемлекетіміздің өркендеуіне, дамуына ғылымның қосар үлесі мол екенін түсіндірді және жастарды білім алуға, ғылымға ден қоюға шақырды. Негізі Темірхан Бижігітұлы мектеп мұғалімдері және жас зерттеушілермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Соның арқасында физика саласында тәлімгерлік еткен шығармашылық топ бірнеше қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы атанып жүр. Іс-шарада Ғайни ақын туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі екенін, оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайтынын жырларымен жеткізді. Жастарды мектепті, туған өлкені гүлдендіруге үлес қосуға үндеді. Біздің мектепте Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторын орындау мақсатында ата-аналардың қамқоршылық кеңесі құрылған. Қамқоршылық кеңесі «Туған жерге саяхат» жобасы бойынша жұмыс жасайды. Жиында қамқоршылық кеңесінің төрайымы С.Назарбекова Мемлекет басшысының мақаласында жарияланған ұсыныстарға тоқталды. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәрбие беру ісіне үлес қосып, әртүрлі қайырымдылық, демеушілік акциялардан қалыс қалмайтын Күнсұлу Өксікбаева, Әуесхан Тазабеков, Дінмұхан Мұсабеков сияқты азаматтардың есімдерін атап өтті. Ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайтын азаматтардың белсенділігі мен ұстаздарымыздың біліктілігінің арқасында біздің ұжым көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Мектепте жас жеткіншектердің қызығушылығын арттырып, зерттеулермен айналысуына жағдай жасалған. Атап айтсақ, техникалық шығармашылық орталығының «Жаяутуризм», «Төтенше жағдайдағы медициналық көмек көрсету», «Робототехника», «Математикалық логика», «Компьютерлік графика және анимация», «Бастапқы техникалық үлгілеу» атты үйірмелерге 158 оқушы қамтылған. Бұрын апатты жағдайдағы білім ошағында бары-жоғы 7 компьютермен жұмыс жасасақ, қазіргі таңда 31 компьютердің барлығы интернет желісіне қосылған. Оқушылар 5 интерактивті тақтамен жабдықталған кабинетте оқиды. Жиын мектеп мұғалімдері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Соның ішінде қалалық «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» фестивалінде 1-орынды қанжығасына байлап, облыстық байқауға жолдама алған мектебіміздің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Д.Исатаеваның сценариіне жазылған «Заман көріністері» атты сахналық драмасы көпшілікке үлкен ой салғанын айта кету керек. Себебі, бұл көріністе қоғамдағы бірнеше проблема бір отбасының оқиғасы ретінде көрініс тапқан еді. Осы қойылымда басты рөлді сомдаған бастауыш сынып мұғалімі А.Бөпежанованың әртістік қабілетін ерекше атап өтуге болады.

Тараз қаласы.