Әдебиет

Асадағы айтысты көруге баратын едік...

Асадағы айтысты көруге баратын едік...

_Q1cvhIWn4Y-(1)Жақында Жамбыл ауданы, Аса ауылында облыстық жастар айтысы өтіпті. Оны кейіннен әлеуметтік желілер арқылы естіп, біліп жатырмыз. Жастар айтысын аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі және осы бөлімге қарайтын аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйымдастырыпты. Айтысты өткізгендері жақсы ғой. Бірақ, неге ақпарат құралдары арқылы хабарлап, жарнамасын жасамайды? Айтыс – халқымыздың рухани байлығы, асыл қазынасы. Ертерек естігенде сол жыр додасын көруге баратын едім. Себебі, республикамызға танылып қалған Әсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Дидар Апбасовтардың қазіргі бабы қандай екенін білу біз үшін қызық. Кейінгі кезде сахнаға шығып жүрген жаңа есімдердің де аяқ алысын біліп отырғымыз келеді. Анығын айтқанда айтыстың нағыз, тұрақты жанкүйерлеріміз. Естуімізше айтыстың ақтангерлері Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева апайларымыз да осы жастар айтысының қазылығынан тыс қалыпты. Мұны қалай түсінуге болады. Біреуді айыптаудан аулақпыз. Алайда, келесі айтыс өткізер кезде аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Жасұлан Үсенбаев біраз мәселелерді ойланып, дұрыс шешім қабылдаса екен. Көрермені көп айтысты жетім қыздың тойындай ғып елеусіз өткізбесе екен деген тілегіміз бар.

Насихат Есен, Жамбыл медициналық колледжінің студенті.

Тараз қаласы.