Кітап – жан досың
Кітап – жан досың
Оқырманмен тығыз байланыс орнатқан кітапханашыларға алғысым шексіз
«Кітап білім – бұлағы, білім – өмір шырағы» – деген мақал әрдайым өзінің өміршеңдігін көрсетіп келеді. Бүлікпен емес, біліммен қаруланған жан күнделікті өмірде кездескен қиындықтардың дұрыс шешімін табу үшін кітапқа қарамай тұра алмайды. Білгісі келген істерін зерделеп, оны толықтай түсінуі үшін сол дүниеге қатысты мағлұматты іздестіріп, ең жақын досы, жан серігі кітаптан табады. Жазушылар, ақындар, жастарды білімді болуға тәрбиелейтін мұғалімдер әрдайым кітапқа жүгінеді. Үйлерінде кітап жинап сауаттылығын арттырады. Ауданымыздағы білім қуған азаматтардың әрқайсысының үйінде жеке кітапханалары бар десек, қателеспейміз. Өйткені олар онсыз өмір сүре алмайды. Аудан орталығындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі әуелде 1933 жылы «Изба читальня» деген атпен Новотройцк ауылында (Төле би ауылының бұрынғы атауы) көпшілікке арнап ашылған. 1956 жылдан «Аудандық көпшілік кітапханасы» боп қайта аталынады. Руханияттың басты ордасының жылдар жылыстаған сайын оқырмандар саны арта түседі. 1980 жылы кітапханалар саны отыз екіге жетсе, 1990 жылы аудандағы кітапханалар саны қырыққа жеткен. Аудан орталығында балалар кітапханасы ашылып, оқырмандар саны артқан. Бұның бәрі қамқорлықтың арқасы. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни, аумалы-төкпелі уақытта біраз қиындықтар бастан өтті. Кітапханалардың есігіне қара құлып салынып, біртіндеп жабылып, 2000 жылдардан бастап руханият ошақтары қайта ашылып, көпшілікке қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 27 кітапхана, қорында 244,519 дана әдебиеттер бар, оның ішінде 122,332 данасы мемлекеттік тілде халыққа қызмет көрсетеді. Мақтаныш па, мақтаныш! Оқырмандары білім алушылар, зейнеткерлер, ізденісте жүрген студенттер мен мұғалімдер, қарапайым азаматтар. Көпшілік оқырмандарға ауыл шаруашылығы, тарих, экономика, әдеби және де түрлі бағыттағы басылымдар, күнделікті тіршіліктен, саяси-мәдени ахуалдан хабар тарататын аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдар, тәуелсіз басылымдар қоры мұнда жинақталған. Қазіргі кезде аудан көлеміндегі барлық кітапханалар интернет жүйесіне қосылған. Үнемі тың ізденістермен жүретін басшылық «РАБИС» бағдарламасын толықтай іске қосып, елдің рухани сұранысын қанағаттандырды. Бұл дегеніміз – кітапханадағы барлық әдебиеттерді электронды басылым түріне айналдыру. Үйіңізде отырып-ақ интернет арқылы қалаған кітабыңызды оқуға болады. Осындай ізгі істерді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева тиянақтылықпен іске асырып отырғанын айтпай кетуге болмас. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, жұртшылық үшін шарапаты мол шаруаның оңды аяқталғанына ризашылығымызды білдіреміз. Ілкімді істі дер кезінде орындауға кітапхана ұжымы толығымен біркісідей атсалысты. Өз істерін үлкен жауапкершілікпен атқара білді. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Раушан Даберованың қызметкерлері қандай кітап қай жерде, қай бөлімде екенін дәл тауып, уақыт өткізбей дереу қолыңызға береді. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» қағидатын ұстанып, жұмыс істеп отырған ұжым қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ақпараттық библиографиялық қамтамасыз ету және кітапхана процестерін автоматтандыру бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Шолпанбаеваның да атқарған еңбегі орасан зор. Барлық іске асырылған жұмыстардың басы-қасында осы кісіні көреміз. Еңбегі еселене түссін деген ниетімізді білдіреміз. Өйткені еткен еңбектің өтеуі болуы керек қой. Қазіргі заман талабына сай қызмет көрсетіп жатқан кітапхана ұжымының қызметкерлері Гүлзия Бердібаева, Күлпаршын Лахаева, Айгүл Төлегенова, Ботакөз Халықова сынды өз ісінің хас шеберлері алдына келген халықтың талап-тілегін орындаудан ешқашан танған емес. Олар ең бастысы елдің көңілінен шығуды мақсат етеді. Бұл да көңілімізде қуаныш отын маздатады. Кітапхана – руханияттың ордасы. Жаныңа керекті әдебиетті осы жерден табасың. Ал білім – жан азығы. Аз ғана жалақыға еңбек етіп жүрсе де, алдына келген оқырманның талап-тілегін екі етпей орындап, жымиып қарсы алып, ілтипатпен шығарып салатын кітапханашыларға алғыстан басқа не айтасың? Кітапханаға ешкім бармайды деген – бос сөз. Барған сайын оқырмандар келіп, керегін алып жататынын көз көріп жүр. Сірә, олар ізденгеннің мұратқа жететінін білсе керек.
Аманжан Өткелбайұлы, зейнеткер.
Шу ауданы.