Денсаулық

«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»

«Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»

Абайды зерттеудегі қызықты деректер

Мұхтар Әуезов Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын 1924-1950 жылдар аралығында жазғаны белгілі. Қаламгердің қаламынан туған Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын салыстырып, терең зерттеп білу арқылы ғана Абай жасаған заман шындығы мен шығармаларындағы озық пікірлердің дүниеге келуін, ақынның мұрат-мақсаттарын және бізге беймәлім өмірдеректердің сырын біле алмақпыз. Абайдың ғылыми өмірбаянының төрт нұсқасын (1933, 1940, 1945, 1950 ж.) бір жерге топтап, ғылыми еңбек шығару мәселесі 1982 жылы Мекемтас Мырзахметұлы тарапынан көтеріліп, М.Әуезовтің жүз жылдық мерекесі қарсаңында мәселені көтеруші автордың алғы сөзімен, «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» (1997ж.) атты оқу құралы өз оқырмандарына жол тартты. Осы кітаптың «Мұхтартану және Абай ғұмырнамасы» деген бірінші бөлімінде М.Мырзахметұлы: «М.Әуезовтің Абай өмірбаянын жазғандағы төрт нұсқаның ішіндегі айырмашылықтар мен өзгерістердің сырын терең танып, ашып отыру, олардың себебін білу – абайтану тарихы үшін керектің керегі болып табылады», – деп келелі мәселе көтерген. Біз бұл мақалада сол төрт нұсқаның ішіндегі айырмашылықтар мен өзгерістердің бар сырын ашуды мақсат тұтпаймыз. Тек қана Абайдың шығармашылық өмірбаянына қатысты бір-екі мәселені ғана талдап түсіндірмекпіз. Абай шығармалары мен ақын өмірбаянын арнайы зерттеуді ерте қолға алған М.Әуезов ақынның жас шағындағы өлеңдерін тауып жариялауда орыс классиктерін тексеретін әдебиет тарихы ғылымының әдісін басшылыққа алған. Өйткені, Абайдың ақындық биографиясына ерекше көңіл бөліп, оның балалық шағынан өмірінің соңғы жылдарында жазылған шығармаларының тағдыры туралы ойлануына орыс классиктерін зерттеудегі рет, тәртіп бойынша хронологиялық принципке құрылған еңбектер себеп болған. Орыс классиктерін зерттеуші ғалымдар олардың архивінде сақталған шығармаларының жазылған жылдары бойынша топтап, хронологиялық ретімен ақындық өсу эволюциясын тексерудің өзгеше әдісін шебер қолданған. Осы әдісті Абайдың ақындық биографиясын жазуда, шығармаларының қыр-сырын тануда басшылыққа алғанын М.Әуезов архивіндегі тезистері мен зерттеу еңбектеріндегі ғылыми пікірлері байқатады. Ол туралы М.Әуезов: «Ақын Абайдың шығармаларын барлық түгел бойында тексеріп, зерттеп шығудың бұл кітаптағы тәртібі (системасы) бүгінге шейін Абайды тану ретінде жазылған тексеру, сындардан әдіс жағында басқарақ болады. Ол басқашалық – орыс классиктерін тексеретін әдебиет тарихы ғылымының әдісіне байланысты», – деп алдағы зерттеу жұмысының әдісінен хабар беріп тұрғанын аңғартады. М.Әуезов 1924 жылдың өзінде-ақ Абайдың қайтыс болғанының жиырма жылдығын атап өту барысында ақынның ғылыми өмірбаянын жазу мәселесін алға қойып, оны 1927 жылы жазып бітіргені және ақынның толық шығармалар жинағын топтастырып, хронологиялық жүйеде құрастырып 1933 жылы шығарғанын: «...1924 жылдың нәтижесі – 1933 жылғы толық жинақ... 1927 жылдың өмірбаяны», – деген бір жол қысқа-қысқа тезис ретінде жазылған пікірінен аңғаруға болады. Ол 1933 жылы Абайдың толық шығармалар жинағын Қызылорда қаласынан кітап етіп бастырып шығарды. Сол кітапта Абайдың ғылыми өмірбаянының тұңғыш нұсқасын да жариялады. Абайдың толық жинағы 1858 жылы он үш жасында жазған «Фзули, Шәмси, Сәйхали» өлеңінен басталады. Мұнда бала Абай – еліктеуші ақын. Абай құмарта көп оқыған, еліктеген, қадыр тұтқан ақындарының аттарын бала көңілмен: Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу hәммәси Мәдәт бер я шағири фәрияд, – деп көлемі төрт тармақты бір шумақ өлеңмен шығыстың жеті ақынын тегіс атап шығады. Бұл өлең Абайдың 1909 жылы жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағында, не Мүрсейіттен қалған қолжазбаларда да жоқ. Оны М.Әуезов іздеп ақын шәкірттерінен, Абайдың өлеңдерін жатқа білетін көпшілік халық арасынан жазып алып жариялаған. Абайдың бала күнінен қалған осы өлеңді Мұхтарға кім айтып бергені туралы зерттеу еңбектерінде анық мәлімет кездеспейді. М.Әуезов: «...сол кездегі хат таныған адамдардың тірі қалған көпшілігі 1933-1940 жылдарға шейін өздері білгендерін берумен келді. Немесе солардың балалары әкелерінің жаттаған өлеңдерін жинаушыларға біртіндеп қосып бере берумен келді. Ал 1933 жылдың баспасын мен әзірлеген кезде сүйенгенім – жалпы кәрия емес, Абайдың бар өлеңін жатқа білген, бұрын өздері үшін көшіріп жаттап алып жүрген жақын шәкірттері болатын», – деп Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Көкбайды атайды да, Шәкәрім мен Тұрағұлды атамайды. Себебі немере інісі Шәкәрім 1931 жылы, ал баласы Тұрағұл 1934 жылы халық жауы деген жаламен нақақтан-нақақ атылып кеткен болатын. Сірә, жоғарыдағы «Фзули, Шәмси, Сәйхали» деген бір шумақ өлеңді Мұхтарға Шәкәрім өзі айтып берген сияқты. Олай дейтін себебіміз Абайдың басты шәкірті болған Шәкәрім: Бұрынғы бәйітшіні білемісің? Мен айтсам оның кім деп күлемісің. Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар, Сайқали, Қожа Хафиз, Фердоусилар. Бәйітші, елден асқан шешен болып, Әлемге сөздің нұрын жайған солар, – деп Абайдағы жеті ақынның: Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси, Қожа Хафизді осы өлеңінде дәл қайталауы жайдан-жай ұқсастық болмаса керек. Өзге шәкірттерінің шығармасында шығыстың жеті ақыны аталмай, Шәкәрімде ғана аталуының өзінен көп жайды аңғаруға болады. Бұл өлең Абайдың кейінгі басылымдарында да ешқандай тексто­логиялық өзгеріссіз басылып келеді. Абайдың нәр алған мұсылманша оқуы туралы М.Әуезов жүргізген төрт нұсқадағы ғылыми жұмысының қандай күйде болғанынан қысқаша хабар бере кетейік. М.Әуезов Абайдың бала күнінде мұсылманша оқу оқығаны туралы Кәкітай жазған 1909 жылғы Абай өмірбаянындағы: «Абай 10 жастан 12 жасқа шейін қырда мұсылманша оқып...», – деген дерегіне үңіле келіп, бірінші нұсқада: «...Бұдан бұрын қырда оқыды ма, жоқ па? Ол туралы хабар жоқ», – деп жазса, кейінгі нұсқаларды қайта толықтырып жазу барысында жоғарыдағы Кәкітай дерегін ескеріп екінші, үшінші, төртінші нұсқаларда «Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады», – деп түзету енгізген. Осы орайда Абайдың Семей медресесіне бармас бұрын қырда мұсылманша оқығаны туралы өмірлік, нақтылы дерек беруші Әрхам Кәкітайұлының естелігін келтіргенді жөн көрдік. Онда Әрхам: «...Бұл мезгілдерде суық киіз үйде балаларға оқу қиын болғандықтан, Құнанбай Ескі там деген мол судың басынан жиырма шақты бала сыйып жатып оқырлық медресе салғызып, Ғабитханды шәкірттерімен сонда орналастырады. Сегіз жасқа келіп оқуға жараған соң Абайды да осы медресеге оқуға түсіреді», – деп Абай өміріне қатысты тың қосымша дерек береді. М.Әуезов: «...Құнанбай тұсының кей мәліметтерін, Абай өмірінің кейбір фактілерін және Кәкітай сияқты адамның біраз естігендерін теріп-теріп алуға болады...Оларды да өмірлік фактілер, нақтылы деректер есебінде ғана алу керек», – деп Әрахам естелігіндегі құнды мәліметке Абай өмірін зерттеушілердің назарын аударатыны бар. Бірінші нұсқадағы «Оқушы мен оқытушының» деген ұғымды, екінші нұсқада көшіріп жазса, үшінші нұсқада «Оқытушының» деген ұғымды ғана қалдырып жазғаны байқалады. Төртінші нұсқаны қайта жазу барысында осы ұғымды «Ұстаз халфелердің» деген соны ұғыммен ауыстырып жазған. Бұған себеп ол кездегі білім берушілерді «оқытушы» емес, «ұстаз халфе» деп атайтындығы. Биограф әрбір ұғымның өзін өмір шындығына жақындатуда ұсақ белгілерге дейін қарағаны аңғарылады. Бірінші нұсқада «ойлы оқушы» деп жазған сөзін кейінгі үш нұсқада «сезімді оқушы» деген тіркеспен түзеткен. Себебі жаңа оқып бастаған баланың ойлы болмайтыны, сезімге берілгіш келетін жас ерекшелігін ескергені көрінеді. Бірінші, екінші, үшінші нұсқадағы «бәйіт» деген сөзді төртінші нұсқада «ғазел» сөзімен ауыстырып жазған. М.Әуезов көп жылғы зерттеулерінен соң, жас шәкірт Абайдың сол медреседе оқып жүрген кезінен бастап, үлкейген шағында да ғазелді көп оқығанын анықтаған. Осы жерде бәйіт пен ғазелдің айырмасы туралы да ғалымның көп ізденгені байқалады. Абайдың өз өлеңіндегі: «Қосарлы бәйітсымал...» деген тіркестегі «бәйіт» сөзі мен жиырма жетінші қара сөзіндегі «Гомерге бәйітшілігі себепті...» дегендегі «бәйітшілігі» сөзінен хабары бар, Шәкәрімнің: Бұрынғы бәйітшіні білемісің? Мен айтсам оның кім деп күлемісің», – деп келіп: «Науаи, Сағди, Шәмси, Фзули бар, Сайқали, Қожа Хафиз, Фирдоусилар. Бәйітші, елден асқан шешен болып, Әлемге сөздің нұрын жайған солар», – деген өлең жолдарындағы «бәйітші» сөзінен де хабары болғандықтан болу керек М. Әуезов бірінші, екінші, үшінші нұсқаларды жазуда «бәйіт» деген шығыстық терминді қолданған. Парсы тілінің маманы Ислам Жеменей: «Әр бәйіт екі мысрадан құралады... Яғни, мысра – қазақтың өлшемімен айтқанда екі жолдан тұрады», – деп бәйіттің өзі қос тармақты болатынынан хабар берсе, Абай энциклопедиясында: «Бәйіт – өлең-жыр және екі жол деген ұғымдарды береді. Бұл – араб, парсы және түркі тілдес халықтар поэзиясындағы қос тармақты, егіз ұйқасқа құрылған өлең түрі», – деп түсінік берілген. Ал Абай болса, 1887 жылы жазған «Өлең сөздің патшасы» өлеңінде бәйіттің қосарлы келетінін «Қосарлы бәйітсымал келді арасы» деп өлең сөзбен терминдік мәні бар ұғымды дәл айтқанын көреміз. Сонымен ұзақ жылғы білім-ғылымының өсуінің арқасында М.Әуезов Абайдың жастық шағынан қалған өлеңдерінің ішкі-сыртқы белгілерін ерекше ден қойып танып білгендіктен болса керек, төртінші нұсқаны жазу барысында «бәйіт» сөзін «ғазел» деген лирикалық жанрға өзгерткені байқалады. Себебі биограф бәйіттің өзі ғазел жанрының ішіндегі ең кіші бөлігі екенін зерттеп білген соң ғана екі ұғымды ауыстырған деп білеміз.

Әлімбай НАЙЗАБАЕВ, абайтанушы, педагогика ғылымдарының магистрі.

Тараз қаласы.