Құқық

Істің көзін табамын десең...

Істің көзін табамын десең...

Жастар – қашанда үлкен күш. Оларды қоғамның негізгі бағыттарына қарай бейімдеу – уақыт талабы. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі көптеген ізгі шараларды өткізіп, көпшілікке бағыт беріп отыр. Жақында «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Тараздағы «Тараз-ғасыр» колледжінде жоғары курс студенттерімен кездесу өткізілді. Бұл жиын «Бастау бизнес» жобасы аясында жастарды кәсіпкерлік негіздеріне бейімдеу мәселесіне арналды. Жүздесу барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының мамандары Алмат Абуов, Гүлмира Медерова «Бастау бизнес» жобасының тиімділіктерін, ол «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес жасалғанын айтып өтті. Олар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылы 29 желтоқсан №919 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің жаңа бағдарламасының» екінші бағыты аясында кәсіпкерлікке бағыттап оқытудың өзекті екенін атап өтті. Олар атап өткендей, еліміздің 80 ауданында «Бастау бизнес» жобасы іске қосылған. Осы тізім ішінде біздің облыстан Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Жуалы аудандары бар екен. Бұл жиында «Бастау бизнес» жобасын іске асырудың маңызды тетіктері кеңінен айтылды. Мұнан соң студенттер сұрақтар қойып, біраз нақты мәліметтерге қанықты. Жиынды «Тараз-ғасыр» колледжі директорының орынбасары Шакизада Әшірова қорытындылап, «Атамекен» палатасы өкілдеріне алғысын айтып, жастардың кәсіпкерлікпен шұғылдануына мол мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Мұндай маңызды жиын Қаратау қаласындағы колледждерде де, Байзақ және Жамбыл аудандарында да жоғары деңгейде өтті. Мұндай әсерлі кездесулер жүздеген жасқа ой салып, жаңа мақсаттарға жетелегені анық. Істің көзін табамын дегендерге байлық өзі, табыстың кілті табыла кететіні ақиқат.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».