- Advertisement -

Жастар азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанды

148

- Advertisement -

Президент Жарлығына сай, 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап азаматтарды мерзімді әскерге шақыру науқаны басталғаны белгілі. Тараз қаласындағы Мәдениет үйінде күзгі мерзімде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қатарына шақырылған азаматтарды әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, генералдар кеңесі республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Әбдіғаппар Қазиев қатысты.
– Құрметті жастар, әскер қатарында ер-азаматтар шыңдалады. Әскери борыштарыңды өтеу кезінде кез келген азамат достық, адалдық деген қасиеттердің мәнін жақсы түсінеді. Биыл Қазақстан қарулы күштеріне 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында еліміздің әскери қуаты кәсіби деңгейге көтерілді, заманауи қару-жарақпен қамтылды. Қадірменді ардагерлер, ата-аналар, жас сарбаздар сіздер теледидар арқылы әлемнің бет-бейнесі қалай өзгеріске түсіп жатқанын біліп, бақылап отырсыздар.
Ел тыныштығын қорғау – ер- азаматтың парызы. Әрбір ата-ана ұлын әскерге аттандырғанда кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Сол себепті жастардың патриоттық рухы жоғары болуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов.
Өз елінің патриоты болу, әскерге барып еліне қызмет ету – әрбір жас қазақстандықтың міндеті. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, облыс әкімдігінің жастар саясаты мен ішкі саясат басқармасы бірігіп ұйымдастырған салтанатты шарадан Қазақстан Республикасы Ұлттық Қарулы күштерінің қатарына шақырылған 50 сарбаз Гвардейск 30212 әскери бөліміне Отан қорғауға аттанды.
«Әскерге бару – азаматтық парызым!» атты облыстық патриоттық акциясы жастарды азаматшылдық пен патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында өткізілді. Шара барысында асқақ әндер шырқалып, жауынгерлік қойылымдар көрсетіліп, әскер қатарына шақырушылар мен олардың ата-аналары шараға қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізді. Жастарға рухани серпін беріп, жауынгерлік рухты оятатын айтулы жиында ұйымдастырушылар әскер қатарына шақырылған 50 боз баланы салтанатты түрде әскер қатарына шағарып салды.

Қанат Тілепберген,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support