Экономика

Пойыздардың жүру жылдамдығы жоғарылайды

Пойыздардың жүру жылдамдығы жоғарылайды

Темір жол – ұлан-ғайыр жерімізде жолаушылар тасымалдауға қолайлы әрі алыс аймақтарға мыңдаған тонна өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы жүктерін жылдам жеткізетін сенімді көлік байланысы. Елімізде халық шаруашылығы жүгінің 60 пайыздан астамы болат жолмен тасымалданады. Ел экономикасының өркендеуіне жамбылдық теміржолшылар да үлкен үлестерін қосып келеді. Солардың арасында «ҚТЖ» ҰК» «Жүк тасымалдау» АҚ Жамбыл жол бөлімшесі Жамбыл жол дистанциясы ұжымының еселі еңбегін ерекше атап өткен жөн. 1933 жылы «Түркістан-Сібір» темір жолы құрамында құрылған кәсіпорынның бай тарихы бар. Мекеме осы мерзімде көптеген экономикалық қиындықтарды бастан өткерді. Әйтсе де ұжым мүшелерінің табандылығы және ұйымшылдығы нәтижесінде еңбек ырғағын бір күн де бәсеңдеткен емес. Дистанция кейінгі жылдары өндіріске жаңа технологияларды кеңінен енгізу нәтижесінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мұнда соңғы кезде темір жолдың үстіңгі құрамын кешенді жөндеуден өткізетін DUOMATIK, UNIMAT, DGS, PGS, PBR, RM сияқты шетелдік бірнеше қуатты техника сатып алынған. Мұның өзі қол жұмысын азайтып, жөндеу жұмыстарын жоғары сапамен атқаруға қол жеткізуде. Осы техника қолданысқа енгізілгелі бері темір жолда қозғалыс қауіпсіздігі жақсарған және пойыздардың жүру жылдамдығы артқан. Қазір «Астана-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойыздарының жылдамдығы сағатына 140 шақырымды құрайды. Пойыздардың жылдамдығы келешекте бұдан да жоғарылайтын болады. Жамбыл жол дистанциясы «Шу-Жамбыл-Жаңатас» стансаларының аралығындағы темір жолда жолаушылар және жүк көліктерінің қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы аумақтағы 415,9 шақырымдағы темір жолдың рельстерін күнделікті қадағалап, босағандарын қалпына келтіреді. Істен шыққандарын ауыстырады. Бағыттауыш бұрмаларды тексеріп, майлап, ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Бұл жұмыспен құрамында 684 адамы бар 6 өндірістік участік пен 3 өндірістік колонна шұғылданады. Соңғы кезде болат жолға темірбетонды шпалдар төселуде. Ол ұзақ уақыт қолданылады әрі қауіпсіз. Бүгінде «Жамбыл-Шу» стансаларының арасында 11 шақырым ғана ағаш шпал бар. Келешекте олар темірбетон шпалға ауыстырылады. «Жамбыл-Жаңатас» стансаларының арасындағы 176 шақырым болат жолда ағаш шпал төселген. Кәсіпорын өткен жылы 25 шақырым аумақта темір жолды күрделі жөндеуден өткізген. Келесі жылы олар 27 шақырым аумақта осындай жұмыс жүргізуді жоспарлауда. Биыл олар 6,7 шақырымда ескі рельстерді жаңасымен алмастырған. Сондай-ақ, 12 мың ағаш шпал жаңартылуы тиіс болса, қазірге дейін оның 7,5 мыңнан астамы төселген. Қалған тапсырма жыл соңына дейін толық орындалады. Бұған қоса 6 бағыттауыш бұрманы жаңарту көзделуде. Қазір мұнда қуатты техника саны 18-ге жеткен. Жамбыл жол дистанциясын Алматы темір жол институтының түлегі, білікті маман Жүнісбек Алтынбекұлы Табылдиев басқарады. Жүнісбек Алтынбекұлының бастамасымен мұнда еңбек өнімділігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде дистанция өзінің жылдық өндірістік тапсырмаларын тұрақты асыра орындап келеді. Апаттық жағдайларға да жол берілген емес. Соңғы жылдары мұнда бірқатар қаржылық қиындықтарға қарамастан бірде-бір маман жұмыстан қысқармаған. Ұжым мүшелерінің орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Олар жоғары тиімділікке қол жеткізу үшін өнертапқыштық ұсыныстарды көптеп енгізуге күш салады. Биыл өндіріске осындай 8 өнертапқыштық ұсынысты енгізу көзделген. Қазірге дейін оның 6-уы экономикалық тиімділік әкелуде. Бір өнертапқыштық ұсынысқа Қазақстан темір жол саласы бойынша жүлделі бірінші орын берілген. Ұжымда мамандар тұрақтамаушылығы жоқ. Мұнда өз ісін жетік білетін жауапкершілігі мол білікті мамандар шоғырланған. Жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін 14 маман «Құрметті теміржолшы» атағына ие болған. Қажырлы еңбегімен әріптестеріне өнеге көрсетіп жүрген азаматтар да аз емес. Солардың арасында өндірістік участік басшысының орынбасары Көпжасар Кесебаев, №2-ші колонна басшысы Қансейіт Құрманов, өлшеу құрылғыларының шебері Болат Дәрібаев, өндірістік оқу жөніндегі шебер Мұрат Байсиқымов, аға жол шеберлері Сексенғали Жүнбаевтың есімдері ерекше құрметке лайық.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».