Көлік жолдарының қысқа әзірлігі қалай?
Көлік жолдарының қысқа әзірлігі қалай?
Қысқа дайындық жұмыстары барысында автомобиль жолдарының боранды мезгілге сақадай-сай тұруы айрықша назарға алынады. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте аталмыш мәселе жан-жақты пысықталды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жиында апатты жағдайдың алдын алу үшін тыңғылықты дайындықтың қажеттігін сөз етті. Ақ қар, көк мұзда абдырап қалмау үшін қазірден бастап қолға алынып жатқан шаралар жөнінде облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндап берді. Ол жергілікті маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмыстарына соңғы 5 жылда 583,2 миллион теңге бөлінгенін, оның ішінде 2017 жылдың күзгі-қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 233,5 миллион теңге қарастырылғанын атап өтті. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлер тарапынан жолдардағы қауіпті бөліктер мен асулардағы көктайғаққа қарсы 17220 тонна құм-тұз аралас инертті материалдар дайындалған. Бұл нормативтік қажеттіліктің 98,1 пайызын құрайды. Ал арнайы техниканың бас-аяғы 133 бірлік қана, бұл қажетті көлемнің 29,5 пайызы саналады. Демек, салаға әлі де 451 дана техника қажет. Баяндамашы аудандардағы жолдардың дайындығын тексеру нәтижелерін ортаға салып, бұл ретте Байзақ және Жамбыл аудандарының деңгейі жақсы бағаланып отырғанына тоқталды. Ал Т.Рысқұлов, Қордай, Шу, Жуалы және Мойынқұм аудандары – орта, Меркі, Сарысу және Талас аудандары – төмен деңгейде екен. Облыстық бюджетті нақтылау барысында Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Шу аудандарына жолды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына арнайы техника сатып алуға қосымша 400,0 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бұл қаржыға жалпы 19 техника сатып алу көзделіп отыр екен. Осы орайда Әділет Бегалыұлы аудан әкімдерінен жоспарланған техникаларды сатып алу рәсімдерін қадағалау және Қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу комитетімен тығыз байланыста болу жайын сұрап, пысықтады. Қыс мезгілінде облыстық автожолдардың ең күрделі 10 шақырымын құрайтын «Б.Момышұлы-Қызтоған» бөлігіне қардан қорғаушы қалқандар орнату жұмыстарына облыстық бюджеттен 183,0 миллион теңге бөлінген. Қазір мердігерлік мекеме анықталу үстінде екен.
Басқарма басшысы, сондай-ақ, әр аймақтың ерекшеліктеріне, аудан аумағымен өтетін жолдар желісінің ұзақтығына, жолдардың бір-бірінен алшақ орналасуына байланысты және өткен жылдар тәжірибесін ескере отырып, бірнеше ұсыныстарын жеткізді.
Облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың дайындығы жөнінде «Қазақавтожол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық филиалының директоры Дәурен Тоқтаров баяндама жасады. 2017-2018 жылдардың қыс мезгілінде облыс аумағындағы 1237 шақырым республикалық маңызы бар автожолдардың бойында көліктердің тәулік бойына үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойына кезекшілік атқаратын диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Басқа да шаралар қолға алыныпты. Баяндамашының айтуынша, Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аудандарында және Тараз қаласында 10 жылыту пункті мен 5 өндірістік база қыс мезгіліне дайын көрінеді. Өндірістік базаларға көмір, тұз, құм және қиыршық тас материалдары жеткізіліпті. Қыс мезгілінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, республикалық маңызы бар автожолдардың бойына жалпы саны 816 бірлік уақытша жол белгілері орнатылған екен. «Биыл «Қордай асуын айналып өту» автожолының екінші жүріс жолағының құрылыс жобасы аясында 170-190 шақырым аралығында қыс мезгілінің боранды күндерінде қар ұстайтын, жалпы ұзындығы 3170 қума метр темірбетонды қоршаулар орнатылды. Сонымен қатар, «Қазақавтожол» ЖШС ЖОФ-ы тарапынан Қордай және Шақпақ асуларына қосымша 800 қумаметр жылжымалы қар ұстайтын ағаш қоршаулар сатылып алынды, қыс мезгілінде қатты боран соғатын аумақтардың жол жиектеріне орнатылатын болады», – дейді Дәурен Саржанұлы. Ол сондай-ақ, техникалардың жеткілікті екенін тілге тиек етіп, филиалдың республикалық маңызы бар автожолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау жұмыстарына толығымен дайын екендігіне сендірді. Қыс мезгілінде «Күйік», «Шақпақ» асуларында көлік құралдарының қауіпсіз, кептеліссіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында, тиісті республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 536, 593 шақырымдарында уақытша жылжымалы жол полициясы бекеттерін ашу мәселесін қарастыруды ұсынды. Кәрім Нәсбекұлы бұл мәселеде жергілікті полиция басшылығының пікірін тыңдап, ұсынылған мерзімді сұрап, хаттамаға енгізуді тапсырды. Кәрім Нәсбекұлы баяндамашыларға сұрақтар қойды. Мәселен, «Техникаға бюджеттен 400 миллион теңге бөлдік. Жыл аяғына дейін 35-36 жұмыс күні қалып отыр. Сендердің техниканы сатып алуға, байқау өткізуге уақыттарың жете ме?», деген сауалына Әділет Ахатаев: «Ол бойынша әр аудан өз өтінімдерін Қаржы министрлігіне тапсырған. Бүгінгі таңда Қордай ауданы порталға шығып қойды. Желтоқсан айының ішінде бәрі анықталуы қажет» деп жауап берді. Сонымен қатар, облыстық мәндегі жолдардың талдан көлеңкеленген бөліктеріне қыста қар қатып, көлік жүрісіне кедергі келтіретінін айтып, бұл жайт бойынша қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Ә.Ахатаев бұл аудандардың мәселесі екенін, басқарма оны үнемі қадағалап отыратынын жеткізді. «Соңғы жылдары көрші облыстармен келісімшарттарға қол қоюды жақсы үрдіске айналдырдық. Қатты боранда қарды тазалап болғанша көліктерді тоқтатып, жолды жауып қоямыз. Биыл осы жұмыс жасалды ма, бұл жұмыспен кім айналысып жатыр?»,–деген облыс басшысы он күн ішінде көрші облыстардың өкілдерімен хабарласып, осы мәселені шешуді тапсырды. Аппараттық кеңесте Кәрім Көкірекбаев жол жиегіндегі қардан қорғайтын қалқан ретінде тал отырғызуды да нақтылап тапсырды. Сондай-ақ, «Күйік» асуында жыл сайын қыс мезгілінде мәселе туындайтынына қынжылыс білдірді. Ол «жылда болатын жайтқа төтеп беруді үйренетін кез болды емес пе?» деп, сол төңіректі техникамен қамту мәселесіне тоқталды. Осы орайда, Дәурен Тоқтаровқа: «Өз сөзіңде техникаларыңның жүз пайызға жуық дайын екендігін айтып отырсың. Енді техникаңның қаншалықты әзірлігін қыс көрсетеді. Әзірге уақыт сендердің еншілеріңе жұмыс істеп тұр. Сондықтан, барлығын толық пысықтап алыңдар», – деді. Содан соң кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова ағымдағы жылдың 11-14 қарашасында «Рухани қазына» бағдарламасы аясында өтетін «Ancient Taraz» халықаралық туристік форумына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар мен шетелдік қонақтарды қарсы алу, форум аясындағы түрлі шаралар жөнінде мәліметтерді ортаға салды.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».