Әлеумет

СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҚҚАН СЕРІКТЕСТІК

СЕНІМ ҮДЕСІНЕН ШЫҚҚАН СЕРІКТЕСТІК

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан қолға алынған салалық «Мөлдір бұлақ» бағдарламасының орындалуын сәтті жүзеге асырған мекеменің бірі – «Теміржолсу-Шу» ЖШС. Ұлттық компания аталмыш бағдарлама аясында еліміздегі стансалар мен разъездерді қажетті мөлшерде сапалы сумен қамтамасыз етуі керек болатын. Алда да қолға алар істер қомақты. Өйткені 2018-2020 жылдар аралығында бұл бағдарлама жалғасын таппақ. 176 адам еңбек ететін мекеменің басшылығына Бауыржан Көкірекбаевтың келгеніне бір жылдай болған. Осы уақыт аралығында іскер басшы Шоқпар стансасындағы 1937 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан көне су қысымды мұнарасын қалпына келтіріп, ондағы құрылғыларды жаңартып, ел игілігіне пайдалануға берді. Тасөткел, Құмөзек, Қорағаты, Қордай сынды стансалардың шағын су мұнаралары аумағына тұтынушылар құқығын қорғау мекемесінің жаңа талаптарына сай етіп қоршау жүргізді. Болашақта атқарылар өзге де ауқымды істермен бөліскен Бауыржан Көкірекбаев: – Келер жылы тағы 31 стансаның аумағын қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Мұнымен қоса, «Мөлдір бұлақ» бағдарламасы аясында ұлттық компанияға өзіміздің жобаларымызды ұсынып отырмыз. Өзіңіз байқағаныңыздай, әкімшілік ғимаратымызға да шаруашылық есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жұмысшыларымызға арнайы киім тіктіріп, бірыңғай форманы енгіздік. Жалпы, біз қызмет көрсететін аумақтағы су құбырының ұзындығы 207,8 шақырымды құрайды. Мысалы, Жиделіден Мойынтыға дейін 41 құдық бар. Бұл аралықта су тасымал арқылы жеткізіледі. Жуалы ауданының Ақтаутас стансасындағы су құбыры 2014 жылы жергілікті әкімдік меншігіне өткен екен, биыл соны өзімізге қайтарып жатырмыз. Аудан әкімдігінің балансында болғанда ол жерден су тұрғындарға белгілі бір уақытта ғана беріліп келген екен. Енді бұдан былай уақытпен емес, тұрақты түрде берілуі қадағаланады. Осы секілді жұмыстар кезең-кезеңімен, жоспарлы түрде біртіндеп шешімін тауып келеді. Күзде келген арнайы комиссия атқарған жұмыстарымызды жақсы деп бағалап кетті. Қазір қысқа дайындығымыз пысықталуда. Өткен жылдан сегіз тонна көмір үнемделген болатын. Бұл да болса бізге үлкен сеп. Себебі биыл көмір еліміз бойынша қымбат әрі тапшы болып тұр. Мекемемізде 12 техника бар. Олардың барлығы тұрақты жұмыс істейді. Өңірдегі екі ірі станса – Жамбыл және Шу. Жамбыл стансасында үлкен әкімшілік ғимарат болатын. Бірақ оны ұстап тұру, жылуы мен суына, өзге де коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бізге қиынға соқты. Мәселен, жылудың өзіне айына екі миллион теңгеге жуық қаржы кетеді екен. Біздің жылдық бюджетіміздің өзі 50 миллион теңге көлемінде. Сондықтан қаржыны үнемдеу мақсатында ол ғимарат басқа мекеменің құзырына өтті. Жалпы, біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік болғандықтан, қосымша қаржы көздерін табуымызға рұқсат етіледі. Осы мақсатта 77 миллион теңгеге Шу локомотив пайдалану депосына «көгілдір отын» қазандықтарын орнатуды бастап отырмыз. Бұл жұмыс екі жылға созылады деп есептелуде, – деді. Ал біз жұмысын үнемдеу арқылы үйлестіріп отырған мекеме алдағы міндеттерді де абыроймен атқара береріне зор сеніммен «Теміржолсу-Шу» ғимаратынан ұзай бердік...

Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».

Шу ауданы.