Саясат

Сары фосфорға сұраныс жоғары

Сары фосфорға сұраныс жоғары

DSC_6045Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет және қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев облыс орталығындағы бірқатар өндіріс орындарын аралады. Тіршілік қазаны қайнаған өндірістер ішінде республика, тіпті алыс-жақын шетелдерге танылған ірі «Қазфосфат» ЖШС, Жаңа Жамбыл фосфор және Минералды тыңайтқыштар зауыттарында болып, әлеуетімен танысты. «Қазфосфаттың» фосфорит кенін өндіру және өңдеу, уақталған және ұнтақталған фосфорит, кварцит, доломит, мәрмәр секілді басқа да өнім түрлерін шығарумен айналысатыны белгілі. Зауыт директоры Л.Франгулиди қала басшысын ең алдымен сары фосфор шығаратын №5 цехтың жұмысымен таныстырды. – Бұл өнімнің бір тоннасын өндіргенде он тонна шлак пайда болады, – деп түсіндірді Леонид Франгулиди. – Оларды цемент шығаруға пайдаланамыз. Жаңасын ғана емес, бұрынғы үйінділерден де алып, өңдеп жатырмыз. Цехтардағы жұмыс үдерістері түгелдей автоматтандырылған және жұмыс барысына компьютерлер арқылы бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар, зауыт басшысы қала әкімін дайын өнімдердің темір жол арқылы тасымалдануы жүйесімен де таныстырды. Сары фосфор ауаға шығарылғанда тез арада тұтанып кетеді. Сондықтан да ол су толы арнайы сыйымдылықтарда сақталады және тасымалданады. Қонақтарға су ішіндегі сары фосфор шөгіндісінің бір бөлігі алынып, жоғарыда аталған үдерістің нақты істе қалай жүзеге асырылатыны көрсетілді. «Су ішінде фосфор қауіпсіз», – деген Леонид Харлампович оның бір шөкімін қолына алды. Қонақтар демін іштерінен алып тұрғанда «Ол бірден лапылдап жанбайды, алдымен суы кебу керек», – деп ескертті зауыт басшысы. Шынымен де бірнеше секундтардан кейін сары фосфордың бір шөкімі лапылдап жанып, айнала көк түтінге оранды. «Бұл түтін – фосфор ангидриді, – деп түсіндірді мұның жайын Франкулиди мырза. – Ол фосфор қышқылын алу үшін бастапқы өнім болып табылады». Бұдан кейін жалпы өнімнің қалай сақталатыны, тасымалданатыны, минералды тыңайтқыштар өндірісінен шлак үйінділері қалай пайда болатыны көрсетілді. Сонымен қатар, бұл жерде өндірісте кеңінен пайдаланылатын сұйық азот алынады екен. Қала әкімі Р.Дәулет зауыт басшысының барлық айтқандарын мұқият тыңдап, тиісінше сұрақтар беріп, жауаптарына қанағаттанды. Жалпы, зауыттың жұмысы жақсы әсер қалдырды. Бүгінде аталған кәсіпорында 6000-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл – Тараз қаласындағы бірегей кәсіпорын. Одан кейін қала әкімі Минералды тыңайтқыштар зауытының тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын директоры Төлепбек Исаев өздерінде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Қонақтар өндірістік цехтар мен қоймаларды, зауыттың заманауи құралдарымен, зертханасымен, кәсіпорын атмосферасының жағдайы, қоршаған ортаға зияны мен оны төмендету жолдарымен танысты.

Гүлбаһрам ДҮЙСЕКОВА, қала әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы.

Тараз қаласы.