Саясат

Талқыға салар мәселе көп

Талқыға салар мәселе көп

Жалпы, ауыл әкіміне жүктелер жауапкершілік қашанда жоғары. Қолға алған ісің көпшіліктің көкейіндегісімен үндесіп жатуы керек. Мен алғаш 2003 жылы осы Бауыржан Момышұлы ауылына әкім болып тағайындалғанмын. 2005 жылы басқа жұмысқа ауысып, араға сегіз жыл салып 2013 жылы сайлауда жеңіп, осы ауылға қайта келдім. Бұл елді мекеннің белсенді тұрғындары маған түгелдей етене таныс. Олар да мені жақсы біледі. Қабылдауыма келгендердің өтініштерін зейін қоя тыңдап, заң аясында көмек көрсетіп отырамын. Әділ, қарапайым болуға ұмтыламын. Содан болар көпшілікпен екі арада түсіністік, сенім бар. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудың қиындығын ауыл тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. Ал қазір елді мекендер еңсесін тіктеп келеді. Сол кезеңмен салыстырғанда ауылдағы ағайынның әл-ауқаты бұрынғыға қарағанда біршама артқан. Газ, ауызсу, электр жарығы бар. Сағаттап беріп, қалған уақытта үнемдеп өшіріп қоятын кезең артта қалды. Біздің ауылда 180 орындық орта мектеп бар. Жаңадан бой көтерген 280 бүлдіршінге арналған «Аягүл» балабақшасы, жаңа Спорт кешені елді мекенге көрік беріп тұр. Соңғы жылдарда ашылған «Жасай бер, Қазақстан!», Жастар аллеялары бүгінде көпшілік сейілдеп демалатын сүйікті орынға айналған. Әсіресе, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың бастамасымен бой көтерген «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясынан адам үзілмейді. Көше тегіс жарықтандырылып, гүлзарлар отырғызылды. Тал-дарақтар саны жыл санап артуда. Бұрынғы жылдары қаржы тапшылығына байланысты көптеген жұмыстар кейінге шегеріліп келген еді. Қазір Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында елді мекенді көркейту үшін барлық жағдай қарастырылып отыр. Соның арқасында ауданымыздың, ауылымыздың ажары өзгерді. Жаңашылдыққа бет бұрдық. Дегенмен, ауылда көкейкесті мәселелер әлі де бар. Шешімін күтіп тұрған мәселенің бірі – жол. Бұл бағытта ауқымды іс атқарылып та жатыр. Мысалы, өткен жылдың өзінде аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында сегіз көшенің жолы жөнделді. Ағымдағы жылы 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілгелі отыр. Оның 8-і орта, 2-еуі ағымды жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар, төрт көше жарықтандырылды, көше бойларын абаттандыру жұмыстары өз жалғасын табатын болады. Сондай-ақ, көптен бері шешімін таппай келе жатқан темір жол астындағы көпірді жөндеуге аудан бюджетінен 5 миллион 900 мың теңге бөлінді. Бүгінде ауылда мемлекеттік «Сыбаға», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары шеңберінде несие алып, өз кәсіптерін дөңгелетіп жатқан азаматтар қатары артып келеді. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша біздің ауыл ауданда үнемі алдыңғы орыннан көрінеді. Қазір ауыл әкіміне қояр талап та қатая түскен. Облыста ауыл әкімдерінің семинары ұйымдастырылатыны – соның дәлелі. Біздің бұл жиыннан күтеріміз өте көп. Семинар-кеңесте өзге аудандардағы әріптестеріміздің тәжірибесінен үйреніп, өзіміз кейбір жақсы тұстарымызды олармен бөліссек дейміз. Бұл жаңа талаптарды түсініп, өзекті бағыттарды талқыға салу үшін таптырмас орта болмақ. Дәстүрлі семинар ауылдық округ әкімдерінің жаңашылдықпен жұмыс істеуіне, алдағы жұмысына дұрыс бағыт, бағдар алуына ықпал етеді.

Бақыт Қылышбаев, Бауыржан Момышұлы ауылдық округінің әкімі.

Жуалы ауданы.