Экономика

Ауданда атқарылған шаруа аз емес. дегенмен...

Ауданда атқарылған шаруа аз емес. дегенмен...

IMG_9496 IMG_9467 IMG_9366Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Т.Рысқұлов ауданындағы кезекті іссапарын Ақыртөбе ауылында орналасқан газ таратушы АГТС нысанының құрылысымен танысудан бастады. Құрылысы биылғы жылдың сәуірінде басталған бұл ауқымды жобаның жалпы жобалық-сметалық құны 473 398,9 мың теңгені құрайды. Тапсырыс беруші – облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Желтоқсан айында іске қосылуы тиіс нысанның құрылысы барысымен жіті танысқан өңір басшысы бүгінгі таңда ауданда 43 елді мекеннің 22-сі «көгілдір отынға» қосылғанын, ал мына нысан пайдалануға берілген соң, ауданды түгел газдандыруға болатынын атап өтті. Мұнан соң облыс басшысы бастаған топ Құмарық ауылындағы Болтай батыр орта мектебінің ауласына атбасын тіреді. 820 балаға арналған мектепте 600-ден аса оқушы білім алуда екен. Мектеп директоры Рабиға Жаңабердиева оқу орнының жай-күйімен таныстырып, білім ошағына тиесілі қос қабатты бірінші ғимараттың 1968 жылдан бері пайдаланылып келе жатқанын, оған 2004 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенін, ал 1991 жылы іске қосылған үш қабатты екінші оқу ғимаратына күрделі жөндеу қажет болып тұрғанын баяндады.

Облыс басшысы аталған оқу орнының асханасын, спорт залын, сынып бөлмелерін аралап, Елбасының Жолдауын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау үшін арнайы жабдықталған бөлмемен де танысты. Онда оқу орны басшысының бүгінгі заман талабы, жаңа мазмұнды, жаңа форматты оқу жүйесі, рухани жаңғыру туралы ойын тыңдады. Директордың мардымсыз жауабына қанағаттанбаған аймақ басшысы аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовке және аудандық білім бөлімінің басшысына: «Егер мекеме басшыларының өздері бүгінгі күннің өзекті, өткір мәселелерін, алға қойылып отырған асқаралы міндеттерді жете түсінбесе, оған білек сыбана кірісіп, күн-түн демей еңбек етпесе, нәтиже де мардымсыз болады» деді. – Бүкіл халық жаңғыруға, жаңашылдыққа өзгеше көзқараспен қарап, құлшыныспен іске кірісіп жатқанда мыналарыңыз не?! Аядай бөлмеден өз еліміз емес, шетел айрықша баға беріп, мән беріп жатқан рухани жаңғырудың исі де шықпайды ғой. Рухани жаңғыру жайын мектепке айшықты етіп жазып қоятын адам жоқ па, әлде бояу жетпей ме?! – деген Кәрім Нәсбекұлы егер ұстаз өз жүрегімен сезінбесе, шәкірт жүрегіне де ұлы істерді ұялата алмайтынын баса айтып, аудан әкімінің орынбасарына қатаң ескерту жасады. Содан соң осы ауылдағы Әлдибек Әміреев басқаратын, биылғы жылы созылған мал бордақылау алаңымен танысты. Бүгінгі таңда мұнда жүз бас ірі қара бордақылап жатқан кәсіпкер келешекте Ресейден екінші-үшінші рет бұзаулаған асыл тұқымды сиырлар әкелуді жоспарлап отырғанын айтты. – Бастамаңыз дұрыс. Енді бұған жемшөпті де өзіңіз дайындасаңыз, табысыңыз еселене түседі. Осыған көңіл бөлген жөн, – деді облыс әкімі. Кәрім Нәсбекұлы қожалық иесінен бір жарым мың гектардай жері бар екенін ескеріп, оны тиімді пайдалану керектігін жеткізді. Ал округ әкімі Бейімбет Айдаралиевке ауыл тазалығына, құлап жатқан тал-дарақты неге тазартпайтынын айтып, ескерту жасады. Бұдан кейін облыс басшысы Құлан ауылдық округіндегі «Болашақ» сауда кешенінде болып, азық-түлік, жиһаздар саудалайтын дүкендер кешенімен, «Сұлутөр» сүт өндіру кооперативінің жұмысымен танысты. Қуаныш Қошан бір кооперативке біріккен кәсіпкерлікпен айналысушы жеке азаматтар 102 миллион теңгеге жуық несие алып, әрқайсысы бестен, оннан, барлығы 361 бас асыл тұқымды сиыр, бес миллион теңгеге сүт салқындататын танкер алғанын, тұрғындардан 1 литр сүтті 85 теңгеден жатқанын тілге тиек етті. – Қараңыздаршы, өз ауласында, мемлекеттен несие алып, 360-тан астам сүтті сиыр алып, өздерін-өздері жұмыспен қамтып, ынтымақтаса игілікті іспен айналысып жатыр. Осындай шаруаларды кеңінен насихаттау керек. Енді сүт өңдейтін цех та ашқалы отыр екен. Құптарлық іс, –деді риза болған облыс әкімі. Аймақ басшысы бұрындары әмбебап сауда орны болған, бертінде жекешеге өтіп, бос тұрған «Астана» сауда үйін мемлекетке сатып алып, ол жерде халыққа қызмет көрсету, зейнетақы төлеу орталықтарын, әкімдіктің біраз бөлімдерін орналастыруды жобалап отырған аудан әкімінің ұсынысына сәйкес нысанды аралап көріп, бұл істі жан-жақты зерделеуді, сараптауды тапсырып, тура аудан орталығы, елге жайлы, оңтайлы орын екеніне назар аударды. Құлан ауылындағы 100 сәбиге арналған мемлекеттік жекеменшік әріптестігі аясында ашылған «Мөлдір» балабақшасы мен Абай ауылындағы ФАП жұмысына да облыс әкімі оң баға берді. Әсіресе, Рахат Биғабылова жетекшілік ететін «Мөлдір» балабақшасы қарлығаштың ұясындай ықшам, жүрекке жылылық ұялатып балабақша ұжымына табыс тіледі. «Қарақыстақ» шағын су электр стансасына барар жолда облыс әкімі «Құлан жолдары» жүргізіп жатқан жол құрылысы жұмысына да атбасын бұрып, шаруа жайымен танысты. Құрылысы екі жылға жобаланып, 180 миллион теңгеге бағаланып отырған асфальт жолға биыл 15 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ мердігер мекеме 50 миллион теңгенің жұмысын жүзеге асырып та үлгерген. Сапалы атқарылған, қауырт қолға алынып жатқан жұмысқа көңілі толған өңір басшысы мекеме басшыларына ауа райының қолайлылығын сәтімен пайдаланып, істі жылдамдатуға кеңес берді. Ал «Қарақыстақ» электр стансасы 1 миллиард 100 миллион теңгеге бой көтеріпті. Су жетіспеушілігінен бір ғана турбина жұмыс істеп тұр екен. Мекеме директоры Нұрдос Қалдыбалин облыс әкімін стансаның жұмысымен жан-жақты таныстырып, мұнда жылына 10 миллион киловат/сағаттан астам электр энергиясы өндірілетінін, барлығы 15 адам жұмыс істейтінін айтып өтті. – Бұл пайдалы іс. Егер он миллион квт/сағаттан астам энергия өндірсеңіздер, ол шамамен 170-180 миллион теңге болады екен. Кеткен шығынды бұл қақынмен жоспарлаған 8-9 жылда емес, 5-6 жылда-ақ өтеуге болады. Облыс басшысының іс сапары аудан әкімдігінде өткен актив жиналысымен қорытындыланды. Жиынды қысқаша сөз сөйлеп ашқан Кәрім Нәсбекұлы екі орынбасарының, облыстық басқармалар басшыларының да өзімен бірге келгенін айтып, аудан әкімі Асқар Қырықбаевқа және бірқатар сала басшыларын тыңдады. Аудан әкімі А. Қырықбаев өзінің қысқаша хабарламасында аудандағы 142 458 гектар егістік жер толық игеріліп, оның 83 733 гектарына масақты дәнді дақылдар орналастырылғанын, одан барлығы 213 591 тонна астық жиналып, гектар шығымдылығы орта есеппен 25,5 центнерден айналғанын, картоптан – 9072, көкөністен – 9080, бақша дақылдарынан – 2040, мақсарыдан 8520 тонна өнім жиналып алынғанын, қысқы мал қыстатуға жеткілікті жемшөп дайындалғандығын, сол сияқты 322 гектар қант қызылшасынан 1663 тонна тәтті түбір жиналып, қант зауытына жөнелтілгенін баяндады. Келер жылға 34120 гектар орнына 34760 гектарға күздік бидай егіліп, 65 мың гектар сүдігер жыртылған. Ауданда бүгінде қой-ешкі саны – 39782, жылқы – 620, ірі қара – 82, түйе – 5 басқа, тауық 1599-ға көбейген. «Сыбаға» бағдарламасы – 160,4, «Алтын асық» – 173,2, жайылымдарға құдық қазу 242,8 пайызға, «Құлан» жоспары 5 есеге артығымен орындалған. Ет, сүт өндіруде де алға басу бар. Басқосуда Елбасының Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер жөніндегі облыс әкімдігі басқармалары басшыларының да хабарламалары тыңдалды. Облыс әкімі өзінің қорытынды сөзінде еліміздің, оның ішінде өңіріміздің де ерекше экономикалық өрлеу үстінде екенін баса айтып, Ақыртөбе стансасында желтоқсан айында пайдалануға берілетін жалпы құны 474 миллион теңгені құрайтын АГТС құрылғысы келешекте ауданды түгел табиғи газбен қамтамасыз етуге жететінін, бүгінгі таңда 43 елді мекеннің 22-сі ғана «көгілдір отынды» пайдаланса, енді бүкіл аудан оның игілігін көретіндігін, бұл Елбасының салиқалы саясатының, экономикамыздың қарыштап алға басып келе жатқанының жарқын көрінісі екенін атап өтті. Аудан орталығындағы «Мөлдір» балабақшасының көңілге қуаныш ұялататын сәтті қадамдарын құптайтындығын жеткізген Кәрім Нәсбекұлы балабақша меңгерушісі Рахат Биғабылованы көптің алдына шығарып, осындай іскер адамдардан үлгі алу керек деді. Ендігі жерде ілкімді кәсіпкерлер ай сайын 2-3 мың доллар пайда әкелетін осындай бүлдіршіндер ұясын салуға атсалысып, халықтың батасын алатын, елге пайдасы тиетін, қайтарымды жұмыспен айналысуы керектігін айтып, балабақша жетекшісінің бастамасына ризашылық білдірді. Аймақ басшысы Болтай батыр орта мектебінде көңіл құлазытатын көріністер алдан шыққанын да тілге тиек етіп, 1991 жылы соғылған мектеп ғимараты күтімсіздікке ұшыраумен тұрғанын, бұдан 70-80 жыл бұрын соғылған оқу орындарының да бар екенін ашық айтты. Тіпті сол сын тезіне ұшыраған мектептің директоры Рабиға Жаңабердиеваның мектептің жай-күйін айтып, аудан басшысына барып, дер кезінде шара қолдануға ықпал етпей, бұл іске немқұрайды қарағанына қатты қынжылыс білдірді. Осы саланың жұмыстарын үйлестіретін аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісовты да орнынан тұрғызып, аудан әкімі Асқар Санатұлына жұмысқа жүрдім-бардым қарап, өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын кадрлардан арылу керектігін қадап айтты. «Құмарық» ауылдық округінің әкімі Бейімбет Айдаралиевтен де түсінік алып, оның жұмыста қалу-қалмауын шешуді аудан басшысына тапсырды. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Манарбек Тлеповқа да бүгінде егін және мал шаруашылығында айтулы өзгерістер орын алып, жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын, сондықтан сүт кластерін дамытуды барынша қолға алуды, қант қызылшасымен тиянақты айналысуды, көрші Меркі ауданында «Сыпатай» серіктестігінің өзі биыл 200 гектар қант қызылшасын, келер жылы жер көлемін 400-500 гектарға жеткіземіз деп отырғанын айтып, жұмысты жүйелі жүргізу керектігін, жүрдім-бардым атқарылған жұмыс абырой әпермейтінін ескертті. Сол сияқты облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетоваға аудандық білім бөлімінің жұмысына зерделеу жүргізуді, ҰБТ-да 3-5 жыл төңірегінде төмен көрсеткіштен жоғарылай алмаған мектеп басшыларына жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолдануды тапсырды. – Ауданда қалыптасқан жағдай осындай. Келгеніңе кеше төрт ай болды. Есебіңде бұрынғы әкімнің атқарған жұмыстары алға тартылған. Енді жұмысты өз қолыңа ал, – деген Кәрім Нәсбекұлы аудан әкімі Асқар Санатұлына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Т.Рысқұлов ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Серік құралбай, «Ақ жол».