Әлеумет

«САНДЕЛЬДІҢ» ШАБАҒЫ ҚАПШАҒАЙҒА ЖӨНЕЛТІЛДІ

«САНДЕЛЬДІҢ» ШАБАҒЫ ҚАПШАҒАЙҒА ЖӨНЕЛТІЛДІ

Без-имени-1

Мемлекеттің қолдауымен арнайы мекемелер құрылып, арнайы су қоймалары жасалынып, балық өсіру қолға алынуда. Сондай су қоймасының бірі – Гродеково ауылындағы кәсіпкер Дильмурат Хусаин-Ахунов жетекшілік ететін «Сандель» шаруа қожалығы. Шаруашылық мұнда негізінен шабақ өсірумен айналысады. Біз шаруашылықтағы нағыз қарбалас шақтың тап үстінен түскен екенбіз. Сол маңда арнайы жабдықталған тіркемесімен КамАЗ автокөлігі тұр еді. Сөйтсек, балықшылар шабақтарды осы көлікке тиеп, Қапшағай су қоймасының №13 қосалқы учаскесіне жөнелтудің қамында жүр екен. «Сандельдіктер» жұмысына төселіп қалған секілді. Он-он бес жігіт қоймадағы шабақтарды аумен ұстап жүрсе, бес-алтауы қапшыққа салынған сол өскіндерді жағада тұрған көлікке тасымалдауда. Көлікке салынған шабақтардың таразыдан өтуі шабақ өсірушінің де, алымшының да жіті бақылауында. Шабақтарды тиеу жұмысы 4 сағатқа созылды. Осы тұста біз шаруашылықтың жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуновты сөзге тартқанбыз. – Біз балықтандыру жұмысымен айналысамыз. Қазір көріп тұрғаныңыздай, қос цистернаға 731 мың 800 шабақ салынды. Құжаты жасалғаннан кейін көлік Қапшағайға жол тартады, – деді ол. Әңгімемізге қосылған алымшы тараптың өкілі, Алматы облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бас директорының орынбасары Аян Балхиянов: – «Сандельдіктерге» рахмет. Мұндағы шабақтардың жай-күйі жақсы екен. Сондай-ақ, қоймадағы су да таза көрінеді, – деп мұндағы жұмысына риза екенін жеткізді. Облыс аумағында орналасқан су қоймалары жайында білмек болып осында жүрген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Асанбековтен сұрағанымызда ол: – Облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 115 шаруашылық, ал Балқаш көлінде бізге қарасты 18 су қоймасы бар. Осы күнге дейін балықтарды дамыту жоспары бойынша облыстағы су қоймаларынан 500 мыңнан аса шабақ өзге өңірлерге жөнелтілді. Жылдық жоспарымыз – 2 миллион шабақ жіберу. Негізгі науқан енді басталды. Жоспарымызды толық орындаймыз деп отырмыз. Осыдан екі-үш күн бұрын тап осы Қапшағай су қоймасына «Бөгеткөл» су қоймасынан 700 мыңға жуық шабақ жіберілген-ді. Тіпті, біздің шабақтар Есіл өзеніне де жеткізілуде. Бір Гродеково ауылының өзінде балық өсірумен айналысатын 8 шағын шаруашылық бар. Әсіресе «сандельдіктердің» ілкімді ісіне ризамыз. Өткен жылы да олар екі рет осы Қапшағайға шабақтар жіберген болатын. Биыл да осы көрсеткішті қайталайды деп сеніп отырмыз. Балық өсірудің хас шебері, өңірімізге белгілі балықшы Нұрлан Молдабековтің еңбегі өлшеусіз. Оған басшылар да, балықшылар да дән риза, – деді. Қас қарая шабақ тиелген КамАЗ Қапшағайға аттанып бара жатты.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.