«Жамбыл электр желілері» командасы топ жарды
«Жамбыл электр желілері» командасы топ жарды
Облыстық кәсіподақтар орталығының бастамасымен еңбек күніне орай облыстық салалық, жергілікті кәсіподақ командалары арасында кәсіподақ ұйымының кубогы үшін шағын футболдан облыстық турнир өткізілді. Кәсіподақ мүшелері арасында ұйымдастырылған бұл дода бұқаралық спортты насихаттауды көздеді. Тартысты өткен жарысқа 11 команда қатысып, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеп көрді. Дода барысында қатысушы командалардың барлығы да жанкештілік танытып жатты. Олар жеңіс оңай келмейтінін айқын түсініп, ойынның соңғы секундтарына дейін белсенділік танытып, жанкүйерлерін тәнті етті. Дода қорытындысында ерекше ойын үлгісін көрсеткен «Жамбыл электр желілері» ЖШС командасы жеңімпаз атанса, ІІ орын денсаулық сақтау қызметкерлерінен құралған ұжымға, үшінші орын білім және ғылым қызметкерлерінен құралған командаға бұйырды. Соңыра үздік ойыншылар да марапаттан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік және банк қызметкерлерің кәсіподақ командасының ойыншысы Рахат Саттаров «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталса, минералды тыңайтқыштар зауыты ұжымының ойыншысы Владимир Иваненко «Үздік қақпашы» аталымына ие болды. Барлық жүлдегер командалар арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Соңынан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Бақыткүл Сапарбаева турнирдің өтуіне көмек көрсеткені үшін «Қазфосфат» ЖШС-ның әкімшілігіне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».