Оралханның «Ақ самаурынынан» шөл басыңыз
Оралханның «Ақ самаурынынан» шөл басыңыз
Оралхан Дәуіттің есімі қалың оқырманға жақсы таныс. Ұзақ жылдардан бері облыстық, республикалық басылымдарда жемісті еңбек етіп келе жатқан ол әңгімені майын тамызып айтуға да, жазуға да шебер. Жуырда Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан мың дана таралыммен Оралхан Дәуіттің «Ақ самаурын» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапқа қаламгердің шағын әңгімелері енген. Кітаптың алғы сөзін ақын Аманхан Әлім жазыпты. «Оралханның шағын әңгімелеріндегі басты кейіпкерлердің көпшілігі ауылдан шыққан азаматтар. Олардың қалалықтарға біртүрлі көрінетін кейбір іс-әрекеттері мен мінез-құлықтары автор шығармасында айқұлақтанып, ерекше көзге ұрып тұрады. Оралхан оларды өзінің қарымды қаламына тән көркем де, суреткерлік жазушылыққа салмай, өмірдің өзіндей боямасыз жеткізеді», – дейді Аманхан ақын. Оралхан Дәуіттің әңгімелері «Бала кезімде кіші інім Досболдың мінезі қызық еді...» немесе «Военком» әңгімесі «Мен жұмысқа орналасқан жаздың ыстық бір күнінде ауылдағы апам біреуден хат беріп жіберіпті...» деген сөйлеммен басталған. Екі әңгімені де одан әрі қарай аяғына дейін оқып шықпау мүмкін емес. Оқиға желісі еріксіз тартып кетеді. Оның қай әңгімесінен де әзілдің исі аңқып тұрады. Қалжыңның буы бұрқырап тұрады. Бұл да – оның ерекшелігі. Орекеңнің барлық әңгімесі – қызық, тартымды. Мұндай шығарманы оқырмандардың іздеп жүріп оқитынына сеніміміз мол. Ендеше, Оралхан Дәуітті алғашқы кітабының жарық көруімен құттықтап, жазар көбейсін дегіміз келеді.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».