Қырғызға заңсыз жолмен мұнай газын тасыған қылмыстық топ ұсталды
Қырғызға заңсыз жолмен мұнай газын тасыған қылмыстық топ ұсталды
Облыстық ҰҚКД жедел тергеу тобы биыл қыркүйектен бастап, тек Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат етілген аса ірі көлемдегі мұнай газын тонап, Қырғызстанға жөнелтіп отырған қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі. «Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топқа Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы компаниялар жұмыс істеген. Негізі контрабандалық газ Қырғызстан арқылы Тәжікстан мен Ауғанстанға жіберіліп отырған», – деді ҰҚКД өкілдері. Мамандардың есебі бойынша, ай сайынғы залал мөлшері 650 миллион теңгені құраған. «Облыстық мемлекеттік кірістер департаментімен бірге жүргізілген шара бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары ҚР Қылмыстық кодексінің 197-бабы (Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды қайта өңдеу) бойынша жүріп жатыр. 13 күдікті бар, оның алтауы ҚР азаматтары, олардың ұзақ уақыт бойы мұнай және газды заңсыз түрде алғанын растайтын құжаттары мен басқа да заттары тәркіленді», – деді ведомстводағылар. Сонымен қатар, бұл қылмыстық топқа құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Жедел тергеу шаралары жалғасып жатыр.
«Ақ жол-Ақпарат».