Әлеумет

Жаяу жүргіншілердің жолы уақытша қоршалған

Жаяу жүргіншілердің жолы уақытша қоршалған

Тараз қаласындағы Көне Тараз тарихи-мәдени орталығының іргесінен «МАRТ» сауда ойын-сауық кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанына біршама уақыт болды. Бүгінде құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталып келеді. Бірақ тараздықтар мен қала қонақтарының думанды ордасына айналады деп жүрген осы аса іргелі нысанның құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылар дәл іргесіндегі Төле би көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолын жауып, үлкен жолдың іргесіне дейін «қымтап» алды. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында кешен құрлысының басына барып, учаске бастығы Александр Калитамен сөйлестік. – Бізде қазір бір ауысымда 300 жұмысшы еңбек етуде. Кешенді алдағы жылдың наурыз айында пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. «Қызыл сызықтан» шығып, жаяу жүргіншілер жолын жауып тастадыңдар» дегенге келетін болсақ, бұл – уақытша шара, ертеңгі күні керісінше осы жерден таңғажайып жүргіншілер жолы ашылатын болады. Ол неше алуан тал-дарақпен, көкорай шалғынмен көмкеріліп, субұрқақтар орнатылмақ. Ақыры келіп қалған екенсіздер, сіздерге мен мынаны айтайыншы. Бұл жерден Қазақстанның әзірге ешбір қаласында жоқ сауда ойын-сауық кешені ашылады. Сегіз кинотеатры, мұз айдыны, алуан түрлі ойын алаңдары, сауда орындары дейсіз бе, мұнда бәрі болады. 500 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Мердігерлік мекеме тараздықтарға осындай аса үлкен тарту жасап жатқан соң, жаяу жүргіншілер жолының уақытша ғана жабылғанына түсіністікпен қараған жөн болар, – деді ол. Тараз қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ілияс Бекежанов мердігер мекеме «Рахимжан-Петролеум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры В. Сидельковскийдің қала әкімі Р. Дәулетке жол бойындағы бордюрге дейінгі аралыққа уақытша қоршау орнатуға рұқсат сұрап хат жазғанын, оған тиісті басқарма, мекеме басшыларымен кеңесе отырып, уақытша рұқсат берілгенін жеткізді. «Ең бастысы, шаһарымызда іргелі де бірегей нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, ең әуелі адамдардың қауіпсіздігі үшін осындай қадамға бардық», – деді ол.

Амангелді әбіл, «Ақ жол».