Экономика

Жобалар толық жүзеге аспай жатыр. неге?

Жобалар толық жүзеге аспай жатыр. неге?

Облыстық әкімдікте өткен кезекті аппарат кеңесін өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев Гүлдана Жауынбекованы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып тағайындалуымен құттықтаумен бастады. 29 қазан күні өткен облыстық және аудандық мәслихаттардың сайлау қорытындысымен де таныстырды. Мұнан соң күн тәртібіндегі «Кәсіпкерлікті қолдау картасына енген жобалардың қуатына шығуы және қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері» бойынша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова хабарлама жасады. Жалпы, ҚР индустриялды-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша құны 558,6 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оларды іске асыру барысында құрылыс жұмыстары кезінде – 6591, іске қосқан соң 5990 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Нақтырақ тоқталар болсақ, 2015 жылы 4 инвестициялық жоба бойынша – 371, былтыр 10 инвестициялық жобаның іске асырылуының нәтижесінде 446 жұмыс орны ашылған. Ал биыл жыл соңына дейін жоспардағы 13 инвестициялық жоба негізінде жаңа 1448 жұмыс орны ұсынылады деп күтілуде. Әзірге 6 жоба жүзеге асып, 398 адам жұмысқа орналасқан. Алайда, жоспардағы жобалардың жүз пайызы жүзеге асып, жұмыс істеуде деп айтуға әлі ертерек. Себебі, Шу ауданындағы мия тамырын өңдейтін «Kazmiya» шағын зауыты жоспарланған қуатта жұмыс істей алмай отыр. 900 миллион теңгелік жобаның жалпы қуаттылығы 300 тонна болса, биыл 75 тонна өнім өндіру межеленген. Алайда, зауыт оның тек 40 пайызын ғана орындап отыр. Ал Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» ЖШС цемент зауытының құрылысы» жобасының жылдық қуаттылығы 300 мың тонна. Онда бүгінде 100 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпорын биыл 75 мың тонна цемент өндіруді жоспарлағанымен, әзірге тек 100 тонна суға, отқа төзімді клинкер кірпішін шығарған. «Қазфосфат» ЖШС да, ЖЖФЗ-«А-8-1 №3 ауаны жіктейтін қондырғыны қайта жаңғырту» жобасы өнім өндірмей, тек өндіріске қажетті ауа қоспасын дайындайтындықтан, қуаттылықты игеру көзделмеген. Жоспардағы қуаттылық деңгейіне жете алмаған кәсіпорындар қатарында Жамбыл ауданындағы «Оңтүстік халал тағамдары», тараздық «Бағыл» ЖШС-лары да бар. Осылайша іске қосылған кәсіпорындардың орташа жоспарлы қуаттылықты игеруі тек 77,1 пайызға жеткен. Басқарма басшысының хабарламасына сүйенер болсақ, биыл екінші жартыжылдықта жоспарланған 7 жобаның 4-еуінің іске асыру мерзімдерін ауыстыру ұсынылуда. Себебі, «Кіsс» ЖШС құйылу цехын жаңғырту жобасы мен «Тараз арматура зауыты» ЖШС-на қажетті қондырғыны орнатып, іске қосу үшін 40 қытай маманы қажет екен. Ал шетелдік маман тарту үшін қазір 1 санатқа – 349426 теңге, 2 санатқа – 403882 теңге, 3 санатқа – 458338 теңге, 4 санат үшін 510525 теңге төленеді. Сонда Қытайдан әлгі 40 маманды шақырту үшін қосымша 18 миллион теңгедей қаражат қажет. Жобаның іске асуын тежеп отырған осы мәселе. Ал «Ақсүйек» кен байыту фабрикасын қайта жаңғыртқан «Ер Тай» ЖШС кен орнын игеруге рұқсат құжаттарын ресімдеуіне әлі де уақыт керек. Жоба сол үшін кейінге шегерілуде. «ВіоVet KZ» ЖШС «GMP және GLP стандартына сай ветеринарлық препараттар шығаратын биокомбинаттың құрылысы» бойынша қажетті инфрақұрылымды тарту үшін мердігер компания қыркүйек айында ғана анықталған. Келісімшартқа сәйкес инфрақұрылымды тарту жұмыстары 6 айда аяқталу керек. Сол себепті жобаның іске асу мерзімі келесі жылға ауысып отыр. Тағы бір тоқталар түйінді мәселенің бірі – кәсіпкерлікті қолдау картасына Тараз қаласынан – 11, Жамбыл, Қордай аудандарынан – 4, Мойынқұм, Талас аудандарынан – 3, Байзақ, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов аудандарынан – 2, Сарысудан небәрі 1 ғана жоба ұсынылған. Жуалы ауданынан жоба мүлдем жоқ. Келесі кезекте қазақстандық қамту мәселесіне тоқталған Қарлығаш Әмірқызы «NADLoC» АҚ мәліметінше, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 42,7 миллиард теңгеге сатып алу жүргізіліп, ондағы қазақстандық қамту үлесі 35,2 пайызды құрағанын айтты. Сондай-ақ, облысымыздағы бес кәсіпорын бойынша қазақстандық қамту жөнінде мониторинг жүргізілетінін жеткізді. Олар: «Жамбылгипс» АҚ, «Тараз металлургиялық зауыты», «Та-Мак», «Фабрика ПОШ Тараз», «ТаразКожОбувь» ЖШС-лары. Өкініштісі, өңіріміз қазақстандық қамтуды дамыту бойынша республиканың басқа облыстарымен салыстырғанда 11-орында тұр. Оның себебін басқарма басшысы мемлекеттік мекемелердің сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесінің төмендігімен түсіндірді. Өйткені, мемлекеттік мекемелердің сатып алу үлесі 57 пайызды құрап отырған көрінеді. Хабарламадан кейін облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев жоспарлы қуаттылықта жұмыс істей алмай отырған зауыттарда орын алып отырған мәселелерді Қарлығаш Әмірқызы мен аудан әкімдерінен егжей-тегжейлі қайта сұрап, пысықтады. Жақында Елбасының қатысуымен өтетін жалпыұлттық телекөпірде қай өндіріс орнының жұмысы көрсетілетінін анықтады. Аудан әкімдеріне, тиісті басқарма басшыларына инвестор тарту, аталған жобаларды уақтылы жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері бойынша жұмыстарын ширатуды тапсырды. Әкімдік тарапынан Иран, Сауд Арабиясы елдерімен тығыз байланыс орнап, ет, сүт, қызылша өсіру бағыттарында екі жаққа да тиімді келісімшарттарға қол қойылып жатқандығын да атап өтті. Соңында 8 қарашадан бастап облысымызда «Ancient Taraz» атты халықаралық форум өтетіндігін хабарлап, оған дайындық барысын пысықтады.

Эльвира жарылқасынова, «Ақ жол».