Құқық

Қадағалауды күшейту нәтижесін беруде

Қадағалауды күшейту нәтижесін беруде

Аталған акция барысында да, оған аудан әкімдігінің уәкілетті органдары, банк және аурухана қызметкерлері қатысып, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және басқа да мемлекет тарапынан халыққа жасалып жатқан бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді және олардың көкейдегі сұрақтарына жауаптар берілді. Ал, дәрігерлер ауыл адамдарына дәрігерлік көмектерін көрсетті. Егер «Балалар – біздің болашағымыз» дейтін қағиданы ескерер болсақ, өскіндердің өмір баспалдағы алтын ұя – мектепте қалыптасары хақ. Бұл ретте жалпы білім беретін жүйедегі жағдайды біліп, зерделеп-зерттеп отыру мақсатында құрылған мобильді топтардың жасөспірімдер қылмысының алдын алудағы орны ерекше болды. Бұл топтар әлденеше рет рейд өткізді. Соның қорытындысында беймезгіл жүріп қаңғыбастықпен түнгі ойын-сауық орындарын жағалап жүрген, сөйтіп құқық бұзушылыққа ұрынған көптеген кәмелетке толмаған балалар ұсталып, олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бірқатары арнайы есепке қойылып, бақылауға алынды. Мыңнан астам мектеп оқушыларының құқықтары қорғалды, олардан білім сапасын тестілеуге ата-аналарынан заңсыз жиналған 300 мың теңге ақшалары қайтарылды. Ал өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында «Менің өмірім маған қымбат» атты акциясы ұйымдастырылып, оған барлық мектеп оқушылары және колледж білімгерлері қатысты. Құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу мақсатында, аудандық бокс сарайында 2003-2005 жылғы балалар арасында бокстан аудан біріншілігі өткізілді. Нәтижесінде жеңімпаздарға сыйлықтар таратылып, бокс мектебіне аудан прокуратурасының атынан спорттық тренажер тарту етілді. Міне, дәл осындай іс-шаралар ауданның жастарының спортқа деген ойларын ынталандырады деген сенімдеміз. Негізінен, прокуратура Қазақстан Республикасы Конституциясының заңдарының және Президент Жарлықтарының дұрыс қолданылуына, мүлтіксіз орындалуына қадағалау жасаушы орган болуына қарамастан, көптеген адам оны құқық қорғаушы, қылмысқа қарсы күресуші органдардың қатарына жатқызады. Әрине, прокуратура – құқық қорғаушы орган, бірақ оның бұл функциясы қылмыстық қудалаумен емес, адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын, заңды тұлға мен мемлекеттің мүддесін заңсыз әрекеттерден, заңды бұрмалаудан, теріс қолданудан қорғауымен айқындалады. Ал прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың бастау алатын жері – аудандық прокуратура. Егер заңдылықты қадағалау жұмысы талапқа сай ұйымдастырылған болса, жалпы, прокуратура органдарының жұмысына халық риза болып отырары хақ. Міне, осы тұрғыдан алғанда, өткен алты айдың ішінде аудан прокуратурасының пәрменімен көптеген азаматтардың конституциялық құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмыс мемлекет негізіне қауіп төндіретін ең көне тарихы бар қылмыстың бірі болып табылады. Мұндай қылмыстың елімізде тамыр жаюы тәуелсіздіктің тұғырына енді табан тіреген жас қазақ мемлекетінің дамуына үлкен кедергі болары әбден мүмкін. Елімізде осынау қауіпті қылмысқа қарсы пәрменді күрес жариялануы да сондықтан. Бұл ретте аудандық прокуратура жең ұшынан жалғасқан жемқорлыктың жолын кесіп, оны болдырмау шараларын дәйектілікпен жүзеге асыруда барлық құқық қорғау органдарының күшін біріктіретін үйлестірушілік рөлін қашанда жете сезінеді. Осы орайда, біз өз жұмысымызды осы мәселеге байланысты қабылданып, қолданысқа енген құқықтық-нормативтік актілер талабына сәйкес өрбітуге барынша күш жұмсаудамыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы»Жарлығы ағымдағы қадағалау қызметімізге тың серпін беріп отырғаны хақ. Айталық, экстремизм және терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаның орындалуына саралау жүргізу барысында 1,7 миллион теңгенің жымқырылу дерегі анықталып, ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, екі кінәлі тұлға сотталды. Сол секілді Жаңатас қаласының ішінде ұйымдастырылған жолаушылар тасымалдауын субсидиялауда бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, қорытындысында лауазымды тұлға жазаланды. Қазіргі таңда осыларға байланысты жинақталған құжаттар қылмыстық қудалау органына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Бюджетке талдау жүргізу нәтижесінде 10 миллион теңге қаржы өндірілді. Сөйтіп, құрылысы бітпеген тұрғын үйлерге жекеменшік құқықтарын заңсыз берген жер комиссиясының мүшелері мен төрағасы жазаланды. Сол сияқты, шаруа қожалықтарын субсидиялауда және әкімшілік жауапкершілік тәжірибесінде жіберілген кемшіліктер үшін екі бірдей лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Жалпы, талдау мерзімінде 10 лауазымды тұлға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде алтауы бірінші басшылар, біреуі аудан әкімінің орынбасары, қалғандары бөлім басшылары мен басқа да мемлекеттік органдар басшылары мен олардың орынбасарлары. Прокуратураның басты міндеттерінің бірі – қылмыстың алдын алу, жасалған қылмыстарды анықтау, қылмыскерлердің әділ жаза алуын қадағалау болып табылады. Бұл ретте, сотқа дейінгі тергеп тексеру саласына қадағалауды күшейту үшін процесс прокуроры институты кеңейтілді, кезекші прокурордың жауапкершілігі арттырылды. Жер заңнамасының сақталуында мақсатсыз қолдануда болған 1300 гектар жер телімдері мемлекетке қайтты. Қазіргі таңда, жер қатынастары бөлімімен пайдаланбай жатқан жерлердің иелері анықталып, оларға қатысты шаралар қарастырылуда. Бұл салада қадағалаудың күшеюінің нәтижесінде қылмыстық қудалау органына қатысты арыз шағымдардың 26,5 пайызға (79-дан 58-ге) төмендеуіне қол жеткізілді. «Құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуі – қауіпсіз қоғамның кепілі» атты жоба жасалып, аудан әкімдігімен қалаға кіретін және шығатын жолдарына 16 бейнебақылау камералары орнатылды және ауылдық округтерге бейнебақылау камераларын орнату үшін қосымша 10 миллион теңге бөлінуіне ықпал жасалды. Осылайша, қазіргі таңда Жаңатас қаласының қылмыстық картасын негізге алып, қосымша 10 бейнебақылау камералары орнатылуда. Мысалы, осы жылдың есепті мерзімінде аудан көлемінде жалпы қылмыс 20,5 пайызға кеміген. Жаңатас қаласындағы бос тұрғын үйлер мен иесіз қалған пәтерлер өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы мәселені қолға алмай тұрған кезде, Жаңатас қаласында 178 пәтер әділет органдарында иесіз ретінде есепте тұрғанымен, коммуналдық меншікке аударылмаған болатын. Аудан әкімдігімен біріккен шаралар негізінде, қазіргі таңда 125 иесіз бос тұрған пәтерлер коммуналдық есепке алынып, 20-дан астам пәтер және 1 көп қабатты бос тұрған үй сот шешімімен коммуналдық меншікке аударылды. Қазіргі таңда, сол үйге әкімшілік тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізіліп, есепте тұрған мұқтаж азаматтарға берілу жоспарлануда. Әрине, жасалған іс-шаралар жеткіліксіз, сондықтан да бұл бағытта жұмыс жалғасын табады. Жалпы жұртшылыққа мәлім, ел экономикасын ілгерілету барысында орта және шағын кәсіпкерліктің орны ерекше. Осыған байланысты атқарылған іс-шара баршылық. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында, 89 кәсіпкерлік субъектісінің монополист мекемемен бұзылған құқықтары қорғалып, оларға 9 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге бейнебақылау камераларын орнату туралы аудандық ІІБ-мен берілген заңсыз 105 ұйғарымдары бұзылып, олардың құқықтары заңсыз тексеруден қорғалды. Кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін әкімшілік кедергілер анықталды, яғни, ауданда 2 жыл бойы коммерциялық жерлерге аукцион өткізілмей келген. Қорыта айтқанда, заңдылықтың, құқықтардың сақталуын қадағалаушы орган ретінде аудандық прокуратура өз міндетін үлкен абыроймен атқаруда. Алдағы міндет пен жауапкершілік бұрынғыдан да жоғары екені сөзсіз. Осыны ескере отырып, кұқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар негізінде жұмыстар атқаруға, оларды жүзеге асыруға прокурорлық қадағалауды одан әрі нығайтуға және одан әрі жетілдіруге, халық игілігіне қызмет ете беруге міндеттіміз.

Аслан ӘДІЛБАЕВ, аудан прокуроры, әділет кеңесшісі.

Сарысу ауданы.