Ирандық инвестор жобаларын жүзеге асыруға кіріспек
Ирандық инвестор жобаларын жүзеге асыруға кіріспек
Тараз қаласында былтыр 25 қарашада өткен халықаралық инвестициялық форумда Иран Ислам Республикасының бизнес өкілдері облысқа инвестиция тарту жөнінде ұсыныстарын білдірген болатын. Биылғы 18-20 сәуірде облыс делегациясы Гилян провинциясына екіжақты ынтымақты дамыту мақсатында барып қайтты. Сол сапар барысында провинция губернаторы Мұхаммед Әли Наджафимен кездесіп, өңірлер арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда-экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайту бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, бірнеше саланы қамтитын екіжақты әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған еді. Осындай барыс-келіс, алыс-берістің нәтижесінде биылғы 8 айда облыстың Иранмен өзара сауда айналымының көлемі 752,9 мың АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,9 есеге артып отыр. Оның ішінде, экспорт тауары – 24,5, ал импорт 13,7 пайызға өскен. Облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев Тараз қаласындағы «Арай Плаза» бизнес орталығында Иранның «PARS ERAM GROUP» компаниясының жетекшісі Алиакбар Аббасали Занганемен кездесті. Басқосуды ашқан облыс әкімінің орынбасары шетелдік қонаққа шараға қатысып отырған тиісті басқарма, мекеме басшыларын, аудан әкімдерін таныстырып, ирандық инвесторға сөз берді. Ол екі ел арасындағы достықты еске салып, Жамбыл облысының қай салаға болсын инвестиция салуға қолайлы екенін алға тартты. Өңір әлеуетінің жоғары екеніне де назар аударды. Негізгі мақсаттары тауарлы-сүт фермаларының құрылысын салу екенін жеткізген шетелдік инвестор жұмысқа жергілікті тұрғындарды тартатындарын да атап көрсетті. «Жобаны жүзеге асыру барысында сіздердің де көмектеріңізге сүйене отырып, бұл жұмыстарды уақытында бітіреміз» деді. Облыста бастапқы кезде 3 мың бастан 30 мың басқа дейін тауарлы-сүт фермалары құрылысын жүргізу мен 1 мың гектарға үдемелі алма бақтарын отырғызу жоспарлануда. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында 250 тұрақты және 500-ге жуық уақытша жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жалпы, тартылатын инвестиция көлемі шамамен 10 миллиард теңгені құрайды. Алдын ала жоспарға сәйкес бұл жобалар Жамбыл және Шу аудандарында іске асырылатын болады. Облыс әкімдігі мен Иранның «PARS ERAM GROUP» компаниясы арасындағы меморандумға Мәден Мұсаев пен Алиакбар Аббасали Зангане қол қойды. Шараны қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары тиісті басқармалардың басшылары мен екі ауданның әкімі арнайы шақырылғанын, олар жобаны іске асыру үшін дайындалған аумақты көрсетіп, таныстыратынын жеткізді. Бұл келісім екі ел арасындағы қарым-қатынасқа тың серпін беріп, өңірлердің экономикалық дамуына өз септігін тигізбек.
Амангелді әбіл, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.