JAN’A A’LIPBI’ QUTTY BOLSYN!
JAN’A A’LIPBI’ QUTTY BOLSYN!
(Жаңа әліпби құтты болсын!)
Тәуелсіздік Қазақстанды өзгертті. Қазақты да өзгертті. Бүгін кешегі кеңес өкіметі заманындағы алаңсыз қазақты көрмейсің. Барлығы да таң ағарып атқаннан қара кешке дейін өзінің өнбегі, өспегі үшін тырбануда. Өзі өссе, өзі өнсе тәуелсіз елі де, өңірі де өркендейтінін жаңарған санасымен сезген, білген. Міне, енді сол Қазақстан мен сол Қазақтың әліпбиі де өзгеріп отыр. Жетпіс жеті жыл «жолдас» болған орыс графикасы – кириллицамен жазылған әліпби 2025 жылдан кейін келмеске кетіп, тарих қойнауына барып біржола тыныш табады. Бұл нені білдіреді? Бұл – Тәуелсіздік түлеткен Қазақ елінің енді ешкімге бодан емес екендігін, енді ешқашан жан-жағына қарап жалтақтамайтынын, жүрсе тек қана алға – жарқын болашаққа қарай, онда да өз жолы, өз білгенімен қарыштап қадам басатынын білдіреді. Бұл тамаша саяси жетістіктің басында кім тұр? Әлбетте, Елбасымыз – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұр. Бұл оның Қазақ елін бірлік пен тірлікке жұмылдырып, ата-бабалар рухы мен салт-дәстүрінен нәр алған жадымызды жаңғырту үшін жасаған көп тәуекелінің бірі және бірегейі десек те болады. Сондықтан Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген ғажайып еңбегінен «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер» деген сөздерді оқыған кез келген адам бұған тек қана «Бәрекелді!» дейді.
Қазақ халқы өз тарихында ұлттық кодына қылау түсіретін талай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Соның бірі – оның жазу-сызуы. Мысалы, ең әуелгіде «Орхон-Енисей» жазулары деген атаумен ғылыми айналымға енген көне түркілердің руникалық жазуын пайдаланып, одан кейін араб әліпбиіне көшті. Кешегі ғасырдың 1929 жылынан 1940 жылына дейін латын әліпбиін қолданды. Бірақ «біртұтас түрік әліпбиі» дегеннен қорыққан кеңес өкіметі 1940 жылдан бастап әлгі латын әліпбиімізді орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге күшпен ауыстырды. Міне, енді еліміз Тәуелсіздігін жариялап, етек-жеңін жиған соң тарихи әділдік орнап отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп алғаш рет мәлімдеді. Мұның жай сөз емес, Ұлы Дала елінің жарқын болашағын Елбасымыздың алыстан болжаған даналық саясаты екенін біліп отырмыз. Әлбетте, алғашқы кезде «көңіл қабылдамады», «көз үйренбеген соң қиын екен», «қол икемге келмейді, қатайып қалдық қой» деген сөздермен ақталған қиындықтар болады. Оны жоққа шығармаймыз. Бірақ ол уақытша нәрсе. Жазуға, оқуға, газет бетіне орналастыруға қолайсыз қаріптер бірте-бірте халыққа қолайлы жаңа қаріптермен ауыстырылар, бәлкім. Ең бастысы – Елбасы Жарлыққа қол қойды. Сәт сапар тіледі. Ал жаңа әліпбиімізді жаңарту, одан ары жаңғырту заманның еншісі. Қуаныштысы, Қазақ елінің енді ешқашан бөтен елге тәуелсіз болып, жәутеңдеп, жалтақтап күн кешпейтініне деген нық сенім. Ол сенімнің бірі – Сіздің жаңа латын әліпбиіңіз, ағайын!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз қаласы.