Саясат

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Тәртіпке бағынған құл болмайды

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында «Облыстағы жол-көлік оқиғаларының жай-күйі туралы» мәселе қаралды. Биылғы жылдың 9 айының өзінде өңірімізде 1 мыңнан астам жол көлік оқиғасы тіркеліп, 100-ден астам адам ауыр жарақат алған. 173 адам көлік жүргізушісі куәлігінен айырылыпты. Жол-көлік оқиғасы Тараз қаласында және Жамбыл, Байзақ аудандарында көбірек орын алғаны анықталып отыр. Аталған мәселелер облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары, полиция полковнигі Самат Хұсайновтың баяндамасында жан-жақты айтылды. Облыста соңғы жылдары көліктер санының жедел өсуіне байланысты жол-көлік оқиғаларын реттеу өте өзекті болып отыр екен. Бұл мәселеге қатысты облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Смаилов та қосымша баяндама жасады. Ол өз сөзінде Тараздағы және халқы тығыз орналасқан ауылдардағы қауіпті жерлерге бағдаршамдар, жүргіншіге арналған жолақтар қойылып жатқанын тілге тиек етті. Басқосу барысында қоғамдық кеңес мүшелері де өз пікірлерін білдірді. Әлібек Әмзеұлы мейрамханалардың көпшілігінің алдында көлік тұрағына арналған орын жоқ екеніне тоқталса, Гүлсін Орынбаева қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобус, шағын автобус жүргізушілері өте жоғары жылдамдықпен жүретініне алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселелерге Тараз қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Ахаев жауап беріп, жаңадан салынып жатқан мейрамханалар мен басқа да ғимараттарда көлік тұрағының болуын міндеттеп жатқандарын жеткізді. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова оқушылардың қауіпсіздігі үшін үнемі МАИ қызметкерлерімен, жергілікті полиция өкілдерімен бірлесіп, іс-шаралар өткізіп жатқандарын, мұндай қауіпсіздік шаралары жыл бойына жалғасатынын, үзіліссіз жүргізілетінін айтып өтті. Жиында қоғамдық кеңес отырысына қатысушылардың ұсынымдары қабылданды. Ол ұсынымда Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» мешітінің алдынан және Тәуке хан, Б.Момышұлы көшелерінің қиылысынан жер асты көпірін салу, Қонаев, Сейфуллин, Жансүгіров көшелеріндегі қиылыстарға камералар орнату жайы айтылып, жергілікті полиция назарына Қойгелді мен Ташкент көшесіндегі қиылыста орын алатын көлік кедергілерінің себебін зерделеу, «Мыңбұлақ», «Талас» ықшам аудандарындағы көлік тұрағы мәселелерін жіті бақылау, ІІД әкімшілік полициясы басқармасына Тараз қаласы көшелерінде қажетті жерлерге бағдаршам, жол белгілерін орнату, жолайрықтарды зерделеу ұсынылды.

Есет досалы, «Ақ жол».