Экономика

Мал баққанға бітеді

Мал баққанға бітеді

Малшы қауымының «екінші тың» ерлері атымен аздап болса да атақ иеленіп, кеуделеріне даңғазалатып темір-терсек таққаны болмаса, кешегі кеңестік кезеңде де шекесі шылқи қоймағаны белгілі. «Қар жамылып, мұз жастанып» дегендей, жыл-он екі ай бойы елдің шетінде, желдің өтінде қоғам малының жайын күйттеумен жүретін олардың еткен еңбек, төккен тері толайым ақталды деп те айта алмаймыз. Кешегі ескінің орнын жаңасы келіп басқан өлара тұста ебін тапқандары болмаса, басым дені алдындағы малын кеңшарға түгел өткізіп беріп, малсыз, үйсіз-күйсіз қалды. Төскей толы мал санының күрт кемуі өзіндік қыр-сыры мол малшылық кәсіптің де қожырауына әкеліп соқты. Саланың суығына тоңып, ыстығына күйіп, жансебілдік танытқан, бай тәжірибесі бар малсақ жандардың іздеушісі, сұраушысы болмады. Малшылық тіпті екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп ретінде де мойындалмады. Қазір ғой... қолдан жіберілген осы олқылықтың орнын толтыра алмай жатқанымыз. Бәлкім, малшылар мектебін қалыптастыру қажет болатын шығар. Малдың көбеюі, өлім-жітімінің болмауы малшыға да байланысты. Рас, бірқатар кәсіптік- техникалық оқу орындарында базбір кезде фермерлер даярлау үрдіске енген-ді. Мұндай оқыту өз алдына жеке шаруашылықтарын құрғысы келетіндер үшін қажет шығар. Бірақ олар күні бойы мал соңында жүрмейді ғой. Содан да өзі басшылық, зоотехниктік, малдәрігерлік, агрономдық міндеттерді де қоса атқарып жүрген мұндай агроқұрылымдар жетекшілері малын ақыға бақтырғысы келеді. Ал нағыз малсақ малшыны қолыңа шам алып іздесең де табуың қиын. Ерқара болып күнұзақ мал соңында жүреді дегені болмаса, малдың бабын, жайын мүлде ұқпайтындар төрт түлігіңнің тұқымын көбейтіп, көгертпесі айдан анық. Бар-жоғы 50-60 мың теңге айлық жалақыға бола кімнің әлдебіреуге жалданып, өрім-өрім болып жүргісі келер дейсің! Малшыларға бағзы кездегідей қазір де мардымсыз еңбекақы төленеді. Малшы мәртебесі дегенді ойлап жатқан да ешкім жоқ. Жастардың болса да «екінші тыңға» аяқ баспасы анық. Төскейімізді төлге толтыруымыздың қандай жолы, амалы бар, не істеуіміз керек, сонда? Бүгінде қай аудан, ауылда болсын бұрын осы салада еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған жасы, жасамысы аралас азаматтар – өз резервтік қоры бар емес пе? Міне, солардың арасынан малшылық жұмыстың өзіне үміткерлерді конкурстық негізде іріктеп алуды үрдіске енгізсек ше деген ой келеді көңілге. Әрине, мұндай жағдайда малшыға кемі 100-150 мың теңге аралығында айлық жалақы тағайындалуы керек. Шаруашылық жүргізуші нысандардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өз еңбеккерлерін тұрғын үймен, көлікпен, ас-ауқатпен қамтамасыз етіп, жағдайын жасауы жергілікті атқарушы органдардың ұдайы назарында болса, құба-құп. Осыған байланысты семинар-тренингтер ұйымдастырылып, бүгінде бірнеше ондаған мың қой өсіріп отырған рысқұловтық С. Дөненбаевтың «Шәушен» шаруа қожалығы секілді тасы өрге домалап тұрған агроқұрылымдардың озық тәжірибесі облыс көлемінде насихатталып, таратылса да еш артығы жоқ. Бүгінгі ұсақ шаруашылық ертеңгі ірі ауыл шаруашылығы кооперативінің де бір ұстынына айналмақ. Мал шаруашылығын дамыту ортақ міндет болған соң, бұл іске төменнен де, жоғарыдан да жанашырлық, қолдау көмек қажет-ақ. «Ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көрудің тиімсіздігіне елдің енді көзі жете бастады емес пе?! Реті келген соң орағыта өте алмадық. Біздің айтайын дегеніміз бұл да емес. Көңілімізді алаңдататыны – бүгінде мал шаруашылығы саласының ішінара болса да бұрын мал өсіріп көрмеген кәсіпкерлердің қолына көше бастағандығы. Олар бұл кәсіптің қыр-сырын өзі жетік білмейтіні былай тұрсын, малын да нағыз малшыға емес, бас пайдасын ойлап, «арзан жұмысшы күшін» жалдап бақтыруда. Бұған былтыр қыста мемлекет тарапынан несиелік мол қолдау, көмек көрсетіліп отырғанына қарамастан, едәуір мал шығынына жол берген Т. Рысқұлов ауданындағы «Құдайберген Датқа» шаруа қожалығының мысалы нақты айғақ бола алады. Бұл да «Айдап салдың малы өспестің» кері. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демекші, малдың бабын, жайын білетіндердің бағып өсіргеніне не жетер! Ондайлар арамызда аз ба, көп пе? Ол арасын білмедік. Біздің білетініміз – жекеменшіктің малын бағуды отбасы бақуаттылығын арттыруға себі тиетіндігі үшін де адал атқарып, «бұл менің кәсібім» деп ұғатындар жоқ емес. Солардың бірі – Совхозбек Рахаевты бұрыннан білетін едім. Кезінде Ойық ауылындағы маңдайалды механизаторлардың бірі болды. Ақ, адал еңбегі үшін талай мақтау, алғысқа ие болғанының куәсіміз. Неге екенін, кейін ол кәсібін өзгертті де, өз алдына бір отар қой алып, малшылыққа біржола бетбұрды. Бұл салада да табыссыз болған жоқ. Төл алу көрсеткіші де олқы соқпай, шаруашылықтағы алдыңғы қатарлы шопандардың қатарында аталып жүрді. Кейін нарыққа өтпелі кезең келіп килігіп, малшылар түгел таяғын ұстап қалған тұста Совхозбектен көз жазып қалғандай едік. Осыншама жыл бойы ол қайда жүрді? Мұның жайына ауылға бір барғанымда қанығып қайттым. Тал түстің кезі еді. Таспадай өрілген күре жол кезеңге іліге бергенде, оң жағымыздағы «Әшкен базы» тұсынан бір отар қой суатқа құлап келе жатты. Таксиші баладан бұл кімнің малы екенін сұрамаймын ба? Ол да білгенінше жауап беріп, сөз арасында: – Ауылдағы бір бауырыңыздың малы. Шамада мың қаралы. Жылқысы да, сиыры да бар. Осының бәрін Совхозбек ағамыз бағады, – деп қалды. Елең еттім. – Ол қайдан жүр? Көптен бері көрінбей кетіп еді, өзі де... – Айтсам, сенбейсіз ғой. Бұл ағамызды біз де «жоғалтып» алғанбыз. Сөйтсек, таулы өңірдегі біраз ауданда болып, жекенің малын бағып жүріпті. Мал бағуды «бизнеске» айналдырған дей ме... Жүргізуші жігіт ар жағын айта алмады. Дегенмен, оның анық-қанығын ауылға барған соң білдік. Иә, Совхозбектің біраз ауданда болып, мал баққаны рас болып шықты. Өз айтуына қарағанда, жоқтан құрап, жекеменшігіндегі малы басын бірнеше рет елу-алпысқа дейін жеткізген. Ауылдан дүмбірлетіп үй де салыпты. Жиған малы балаларын аяқтандыруға кеткен де тұрған. Жасы жер ортадан асқанда ауылға қайтып оралып, өзінің сүйікті кәсібі бойынша шаруа қожалықтарының бірінде жұмысын жалғастырмақ екен. «Біраз дүние балаларды аяқтандыруға кетті. Бас аман болса әлі-ақ мал басын құрап, оның орнын толтырамын ғой» дегенді де айтыпты. Әлбетте, шаруасы мықты агроқұрылымдардың басшылары өз малшыларына айлықтан бөлек айына екі-үш (үздік деп танылғандарға одан да көп) сойыс малын қоса беретіні белгілі. Ерінбей еңбек етіп, көзін тауып кәсіп еткенге бұл да – жекеше малы басын өз төлі есебінен аз-ақ жылда әлденеше еселеп көбейтуіне үлкен мүмкіндік. Шынында да ерінбей еңбек еткен адамның қорасындағы бір бас қойы төлі есебінен өсіп-өрбіп, он жылда мыңға жететіні есептеліп шығарылған. Совхозбектің ауылдықтар айтып жүрген «бизнесі» осы екен. Оның механизаторлықтан бөлек, шопан таяғын ұстап, осы салада үзбей еңбектеніп, маңдайынан моншақтата тер төгумен келе жатқанының өзіне отыз жылдың мұғдары болыпты. Мамандыққа адалдық, малшылықты кәсіп ретінде әспеттеп, еңбектің қадіріне жету дегеніңіз де осы болар, сірә. «Бірдің үлгісі – мыңға» демекші, осындай қарапайым еңбек адамының – тәуелсіздік жылдарында жаңаша қалыптасқан майталман малшының өмір жолы, тағылымды өнегесі, тәжірибесі үлгі етуге тұрарлық-ақ емес пе? Міне, осындай шаруа адамдарымен мектептерде, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында кездесулер өткізіліп, еңбек жолы үлгі етілсе, бұл жастардың еңбек қадірін түсінуіне септесер еді дейсің. Әлбетте, малшы дегенде біздің көз алдымызға таңертеңнен құрығын сүйретіп, атқа қонатын, шашылған тастардай бытырай жайылған қойын төбе басынан барлап, жантайып жатып транзистрлік радиоқабылдағышын қосып, болмаса қонышына жасырған газет-журналдарға көз жүгіртіп, ел жаңалығын тыңдап, оқып, күнбе-күнгі өмірін өрісте өткізетін еңбекқор жан көз алдымызға келеді. Керісінше малын жазда тор сымтемірге қамап тастап, талтүске дейін ұйықтайтын керенау малшылар да болған. Олар әлі де бар. Жалпы, өңіріміздегі малшылар сапы мал бағудың майталманы, өз ісінің кәнігі шебері деуге лайық сапалы кадрлармен қаншалықты толықтырылу үстінде? Құзырлы органдар олардың тізімін алып, арнайы тіркеу жүргізсе де артықтық етпес еді деген ойдамыз. Жалпы өңіріміздегі малдың жайы, бабы, саны мен сапасы да тікелей солардың қолында емес пе? Олар марапаттау, мақтау, басқалай құрмет көрсету шараларынан да тыс қалдырылмаса... Шынында да арамыздағы Совхозбек секілді малшылықты ата кәсібім деп ұғып, ақ, адал еңбегімен жұртқа танылып жүрген еңбекқор азаматтар қанша болды екен?!

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Талас ауданы.