Мал қыстатуға дайынбыз ба?
Мал қыстатуға дайынбыз ба?
Есендескенде: «Мал-жан аман ба?» деп, жанмен қоса малдың да амандығын сұрайтын қазақ үшін төрт түліктің алар орны айрықша. Сондықтан кезекті аппараттық кеңесте талқыланған тақырып та мал қыстату науқанына дайындық барысына арналды. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітовтің хабарламасына сүйенсек, алдағы қыста облыс бойынша 779,2 мың бас мал қиындықсыз қыстап шығады деп күтілуде. Өйткені көктем мен жаз айлары қолайлы болып, шабындықтардан шөп мол жиналған. Мал қыстатуды қалыпты өткізу үшін 1миллион 402,6 мың тонна пішен дайындалу қажет болса, ол 54,3 мың тоннаға артығымен орындалған. Межеленген 109,9 мың тонна сабан орнына 150,3 мың тонна жиылған. Тек құнарлы жем санатына жататын жүгерінің тиісті нормасы 73 пайызға ғана жетіп отыр. Сол себепті құнарлы азықты жылдағыдай жеке кәсіпкерлерден, солтүстік облыстардан сатып алу жоспарланған. Жалпы, барлық мал азығын қосқанда жоспар 105,1 пайызға артығымен орындалып отыр екен. Мамандардың пікірінше, сапалы ет пен сүт өндіру үшін мал азығының құрамында сүрлем, пішендеме сынды құнарлы азық мөлшері кем дегенде 30 пайыз болуға тиіс. Биыл дайындалған ірі сабақты және құнарлы азықтың құрамында пішендеменің үлесі – 6, сүрлемнің үлесі 4,3 пайыз болған. Бұл былтырғымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш болғанымен, әлі де жеткіліксіз. Мал қыстату орындарына келер болсақ, аудандарда олардың саны – 5862. Қыстаулардағы малшыларға 5564 үй, 2184 қотан-қашар, 936 баз дайындалған. Мұнымен қоса барлық санаттағы агроқұрылымдарда қыс мезгілде пайдаланылатын 1347 трактор, 758 автокөлік сақадай-сай. Мал жүрген жерде індеттің де ілесе жүретінін шаруалар жақсы біледі. Сондықтан оның алдын алып отыру аса маңызды. Биыл эпизоотиялық іс-шараларды жүргізуге 1 миллиард 238 миллион 628 мың теңге жәрдемқаржы қаралып, аудандық бюджеттерге берілген. Қыстаулардағы баздарды, қораларды дезинфекциялау, малдарды вакцинациялау өз деңгейінде жүргізілген. Осы орайда Кәрім Нәсбекұлы қар қалың жауған жағдайда техникамен қамтамасыз ету жағдайына, ветеринарияға қатысты мәселелерді тағы бір пысықтап өтті. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров бүгінгі күнге ешқандай жұқпалы ауру тіркелмегенін, барлығы жоспар бойынша жүргізіліп жатқанын растады. Ал синоптик мамандар осы айдың соңғы он күндігінде жауын-шашын, қар түсетіндігін айтты. Аса қатты қыс болмайтынын ескертті.
Алайда алаңдатарлық мәселенің бірі – полиция өкілдерінің айтуынша, әсіресе соғым науқаны басталар тұста, желді, боранды күндері жайылымда қараусыз жүргендіктен, мал ұрлығы жиілейтін көрінеді. Өкініштісі, мал егелері ұрлық орын ала салысымен емес, арада 3-4 күн, тіпті 1 апта салып құзырлы орындарға хабарласады екен. Ал бұл уақытта ұры ізін суытып үлгеретіні белгілі. Жақында ғана Талас ауданында – 31 жылқы, Т. Рысқұловта – 18 жылқы жоғалған. Әлі іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Тараздық бір азамат өзі топ құрып 3 бірдей ұрлық жасаған. Оның біріншісі, Жамбыл ауданының Көделі жайлауында орын алған. Әлгі азамат 2 жыл бұрын сонда жұмыс істепті. Ол үйдің иті ұрыны танитындықтан үрмеген. Бірақ егесі көріп қалып, малдарын аман алып қалған. Әлгілер тағы біреудің 18 қойын ұрлайды. Кейіннен Көделіге қайта барып, егесін соққыға жығып, 138 қойын айдап әкетеді. Сәтін салғанда, ұрылар Байзақ ауданына жете бере құрықталып, қылмыстарын мойындарына алады.
Облыс басшысы осы сынды мәселелердің алдын алу үшін аудан, ауылдық округтер әкімдерімен бірлесе жұмыс істеу аса маңызды екендігіне тоқталды. Аппараттық кеңес барысында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сондай-ақ, облыстағы қант қызылшасы мәселесіне қатысты орын алып отырған жағдайға алаңдаушылық танытты. Әзірге егілген 9500 гектар жердің 1900 гектары ғана жиналған. Ал Тараз қаласындағы қант зауыты Байзақ, Жамбыл аудандарынан келген қант қызылшасын қабылдай алмай отыр. Себебі зауыттың қабылдау пунктінде сақтайтын орын жоқ. Ал дайын қантты жан-жаққа жөнелтуге вагондар жетіспеуде. Облыс басшысы аталмыш мәселе бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы – Жамбыл тасымалдау бөлімшесінің директоры Берік Ақшаловқа қажет болған жағдайда министрлікпен байланысқа шығып, тез арада шешуді тапсырды. Қант қызылшасы тіпті Елбасының назарында екендігін ескертті.
Эльвира Жарылқасынова, «Ақ жол».