«Астана» «Маккабиді» сабасына түсірді
«Астана» «Маккабиді» сабасына түсірді
Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің үшінші туры аясында елордалық «Астана» футбол клубы Израиль елінің «Маккаби» командасын қабылдап, жарқын жеңіске қол жеткізді. «Астана» футболшылары бұл ойында жасындай жарқырады. Ғаламат ойын үлгісін көрсеткен қазақстандық командаға сүйсінбегендер кем. Төреші ысқырығы естіле салысымен шабуылға иек артқан ел чемпиондары шын мықтыға тұсау болмайтынын әйгіледі. Ойынның 34 минутында «Маккаби» футболшысы Дор Перец айып алаңында қолмен ойнады. Төреші ойланбастан 11 метрлік нүктені нұсқады. Допқа беттеген Патрик Твумаси 11 метрлік айып соққысын керемет орындап есеп ашты. Ал кездесудің 42 минутында Патрик Твумаси дубль авторы атанып, есепті еселеді. Керемет комбинациялық футбол үлгісін көрсеткен қазақстандық команда бірінші 45 минуттықты бұдан да ірі есеппен аяқтар ма еді. Тек кей сәттерде сәттілік жетіспеді. «Астана» футболшылары үзілістен кейін де алған бетінен танған жоқ. Толассыз шабуылдар өз нәтижесін берді. Ойынның 47 минутында Жуниор Кабананга белсенді болды. Өз мүмкіндігін мүлт жібермеген Кабананға есепті 3:0-ге жеткізген сәтте көңілде қуаныш оты алаулады. Кабананга мұнымен тоқтап қалған жоқ. Араға бес минут салып, ол өзінің осы ойындағы екінші голын еншісіне жазды. Тамаша нәтиже! «Астана» футболшылары бұдан кейін де есепті еселер ме еді. Алайда, шабуылдан соң дер кезінде қорғанысқа көңіл бөліп, сайыпқырандарымыз алаңның барлық бөлігінде сауатты ойнай білді. Сонымен, Кабананга мен Твумаси қос-қостан гол соққан ойында «Астана» 4:0 есебімен «Маккабидің» тас-талқанын шығарды. Алда топтық кезеңнің үш ойыны бар. Егер «Астана» футболшылары келесі ойындарда да жақсы нәтиже көрсетіп, ұпай қорын молайта түссе, топтан шығатын тамаша мүмкіндік туындамақ. Ендеше, қазақстандық командаға тек жеңіс тілейміз!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».