Білім

Жасай бер, ұстаздардың ұлағатты ұясы!

Жасай бер, ұстаздардың ұлағатты ұясы!

Әр адам мектеп қабырғасында білім алып, ұстаздан тәлім үйренеді. Мұғалім білімді болған сайын шәкірттің де танымы терең болады. Ол үшін ұстаздардың білім жинайтын, қалыптасатын ордасы болуы қажеттігі заңдылық. Сондай мұғалімдер ордасының бірегейі – Тараз мемлекеттік педагогикалық институты. Аталған білім ордасына жарты ғасыр толып отыр. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің 1967 жылғы 13 мамырдағы №340 Қаулысына сәйкес ҚазССР Жоғарғы және арнайы орта білім беру министрлігінің №401 бұйрығымен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы Жамбыл педагогикалық институты ашылған. Сол Октябрьдің 50 жылдығы атындағы білім ордасы ашылғалы да 50 жыл өте шыққан екен. Осынау жылдар ішінде институт қабырғасынан қоғам қайраткерлері, даңқты академик-профессорлар, министрлер, әкімдер, жазушылар, ақындар, әлемде олжа салған спортшылар, өнер қайраткерлері мен өнер әлемінің жұлдыздары түлеп ұшты. IMG_4945 IMG_5008 IMG_5096 IMG_5213 IMG_5251Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдық мерейтойы білім ордасы музейінің ашылуы рәсімімен басталды. Музейдің лентасын қию құрметі Қазақстанның Еңбек Ері, ТарМПИ түлегі Аягүл Миразова мен көрнекті ғалым Мұхтарбай Өтелбаевқа бұйырды. Мұнан соң шараға жиналған қонақтар институттың Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залына бет алды. Мәжіліс залының тұсаукесер рәсіміне ҚР Ұлттық академиясының президенті Мұрат Жұрынов ие болды. Мәжіліс залында Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Түркияның Карабюк университетінің профессоры Енвар Капаган, Өзбекстан Республикасы Джизак мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Әбдухапар Маматов «Түркі әлемі» халықаралық ғылыми журналын шығару туралы меморандумға қол қойды.

Мұнан соң мерейтойға жиналғандар ТарМПИ ректорлары Аллеясының салтанатты ашылуына қатысты. Осы кезге дейін аталған институтты 11 ректор басқарыпты. Бұл жерде академик Мұрат Жұрынов, ТарМПИ-дің экс-ректоры Мұхтарбай Өтелбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев сөз сөйлеп, Аллеяның ашылуы институттың дамуына атсалысқан кісілерге құрмет, студенттерге тағылым болатынына тоқталды. Мұнан кейін институт ректоры Дария Қожамжарова мен студенттік ректоры Диас Бәйдібек «Болашаққа хат» капсуласын мемориалды тақтайшаның астына бекітті. Бұл – тарихи сәт. Бұйыртса енді осы институттың 50 жылдан кейінгі студенттері әлгі аманат хатты оқып, құрметтейтін болады. Одан соң институттың 25 студенті 25 домбырамен Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін қонақтарға арнап тартып берді. Оқу ордасының мерейтойы «Баласағұн» орталық концерт залында «Заманауи білім беру тенденциялары: болашаққа көзқарас» тақырыбындағы І Халықаралық ғылыми Конгресінің пленарлық мәжілісімен жалғасын тапты. Үлкен экранда институттың тарихынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Конгрестің модераторы, институт ректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дария Қожамжарова білім ордасының тарихына терең тоқталып, баяндама жасады. Ол алдымен жиналған қонақтарды, оқытушылар мен студенттерді институттың 50 жылдық мерейтойымен құттықтап, айтулы шараға Болгария, Чехия, Германия, Түркия, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан елдерінен, еліміздің барлық аймағынан өкілдер келгеніне ризашылығын білдірді. Ректордың баяндамасы «Қазақ қоғамындағы мұғалім кім?» деп аталды. Дария Пернешқызы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Білім бәрінен биік тұруы қажет» деп атап өткенін көпшіліктің есіне салды. Одан әрі институт басшысы әлемдегі 4 мыңнан астам мамандықтың ең абыройлысы – ұстаздық екеніне, қазақ даласында алғашқы мектеп 1850 жылы Орынборда ашылғанына, өткен ғасырдың басына дейін қазақ мұғалімдері қысқа курстан алған білімдерімен шектелгеніне тоқталды. «Қадірлі қонақтар! Ардақты оқытушы-профессорлар мен студенттер! Сол жылдары Т.Рысқұлов, Халил Досмаханбетов, Жүсіп Ізбасаров секілді ұлт жанашырлары, мұғалімдер білім алатын ордаларды ашуға күш салды. 1919 жылы алғаш рет мұғалімдерге арналған журнал жарық көрді. Ал 1924 жылы мұғалімдердің 5 пайызы ғана жоғары білімді болды. Олар көбінесе Мәскеу мен Ташкентте білім алды. Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақ» деп атап өткені өте шындық. Біздің білім ордасы 1967 жылы Октябрьдің 50 жылдығы атындағы институт болып ашылғанын білесіздер. Ол кезде әлеуеті қалай болғанын жаңа бейнеэкраннан көрдіңіздер. Ал білім ордасының жарты ғасыр уақыттан кейінгі жағдайы мүлдем бөлек. Қазіргі таңда бізде 6 мың студент бар. 15 ғылым докторы, 200 ғылым кандидаты, 95 PҺD доктор еңбек етеді. Әр жылдары ректор болған Машрап Әбжанов, Қуандық Тұрдалин, Мұхтарбай Өтелбаев, Махметғали Сарыбеков, Асқар Абдуалының есімдерін аса құрметпен атап өткім келеді. Олар осы білім ордасын дамыту жолында маңдай терлерін төкті, міндеттерін адал атқарды. Облыста 451 мектеп директоры бар болса, олардың 200-і біздің білім ошағының түлектері екен. Осы жиынға ол кісілерді біз құрметпен шақырып отырмыз. Институтымыздың мақтанышымызға айналған бірқатар түлектерін атап өткім келеді. Олар – Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Маралтай Райымбекұлы, Тараз инновациялық-гуманитарлық институтының ректоры Ерболат Саурықов, бокстан екі дүркін Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділов, бокстан Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов, қыздар арасында кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Фируза Шарипова, өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Құрмаш Маханов, Бейбіт Сейдуалиева, Дана Маханбаевалар. Басқа да түлектеріміз түрлі салада абыройға бөленіп жүр. Қазіргі таңдағы жаңашыл талапқа сай мұғалімдер біздің білім ордасында сапалы дайындалып жатыр. Әлемнің беделді университеттерімен ғылыми байланысымыз бар. Алдағы уақытта да Елбасының сенімін ақтап, жас ұрпақты терең білімге тәрбиелейтін парасатты ұстаз даярлау жолында жемісті еңбек ететін боламыз. Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы да үнемі қолдау білдіріп отырады. Осындай жанашырлық бар кезде, біздің мәртебеміз де биік. Осы конгреске қатысты Ресей, Қытай, Англиядан 113 ғылыми мақала келіп түсті. Жиналған көпшілікті, институттың оқытушы-профессорлар құрамын, студенттерді мерейтоймен тағы да шын көңілмен құттықтаймын», – деді Д.Қожамжарова. Келесі кезекте облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, институттың оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттерді, түлектерді оқу ордасының 50 жылдық мерейтойымен құттықтады. – Қадірлі көпшілік! Ардақты мерейтой қонақтары! Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бұл оқу ордасы өзінің міндетін мінсіз атқарып келеді. Мыңдаған жастарға білім беріп, мектептерді сапалы мамандармен қамтыды. Өзінің бағыт-бағдарынан айныған емес. Институт қашанда білім мен ғылымның биігінен көрінді. 50 жыл ішінде мыңдаған мамандар даярланды. Олардың арасынан ірі қоғам қайраткерлері, белгілі ғалым, өнер жұлдыздары шықты. Дарынды педагогтардың үлкен тобы қалыптасты. Бүгінгі таңда 7 факультет, 26 кафедрада студенттерді 29 бакалавр мамандығы бойынша тәрбиелеп, жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуде. Елбасы біліммен қатар ғылымды дамыту қажеттігін жиі айтады. Оқу орнында Ж.Баласағұн атындағы Түркістан ғылыми-зерттеу орталығы, Бауыржантану орталығы, қоғам қайраткері М.Жолдасбеков атындағы академиялық ұтқырлық орталығы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Күләш Ахметова атындағы шығармашылық клуб сапалы жұмыс істейді. Мұнда еліміздің әр аймағына да білікті мамандар дайындалуда. Дария Пернешқызы ректор болып келгелі де бірқатар игі істер жүзеге асты. Институттың мұражайы ашылды. Еліміздің Тұңғыш Президенті атындағы мәжіліс залы, ректорлар Аллеясы ашылып, ел игілігіне беріліп отыр. Облыстың мәдени, рухани өмірінде оқу ордасының өз орны бар. Бүгінгі мерейтой құтты болсын! – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жиында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев құттықтау сөз сөйледі. Ол алдымен көпшілікке бүгінгі мерейтойға орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейін Ерлан Кенжеғалиұлы институтқа мемлекеттік педагогикалық университеті мәртебесі берілгенін ресми мәлімдеді. Сондай-ақ, ол биыл еліміздің білім саласында орын алған өзгерістерге, 5 күндік оқу бағдарламасына, жаңартылған білім жүйесіне тоқталып, бұл тұрғыда сапалы мұғалімдер даярлауда аталған институттың мүмкіндігі зор екенін атап көрсетіп, «Дария Пернешқызы – біздің министрліктің беделі. Мен оған үлкен үміт артамын, сенім білдіремін», – деді. Жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның да құттықтау хаты оқылды. Келесі кезекте Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова өзінің лебізін толғаныспен жеткізді. Ол алдымен Елбасының биылғы Жолдауынан туындаған міндеттерге тоқталып, облыста ауыл шаруашылығы өнеркәсіп, жаңа технологияларды қолдану арқылы дамып жатқанына, сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы жетістіктер жоғары екенін айтып, мұндай игі істің барлығы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың іскерлігінің нәтижесі деп бағалады. «Мен осы институттың ең алғашқы түлегімін. Білім ордасынан алған білімім арқылы бүгінгі абыройға жетіп отырмын. Елбасының қолынан алтын жұлдызды алған сәтте де өзіме білім берген оқу орнына ризашылық сезімде болғанмын. Сондықтан, институттың мерейтойына құтты болсын деп, студенттердің сапалы білім алуына тілектеспін. Институттың іскер, креативті басшысы Дария Қожамжароваға бүгінгі жетістіктері үшін алғыс айтқым келеді. Ұстазға кие, шәкірттерге адалдық тілеймін», – дей келе, Еңбек Ері институт мерейтойына Алматыдағы Шымбұлақ бейнеленген картинаны сыйлады. Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов та институт ұжымын мерейтойымен құттықтады. Сондай-ақ, ол институт ректоры Д.Қожамжарованы Ұлттық академияның Н.Ә.Назарбаев атындағы алтын медалімен марапаттады. Ректор «Бұл медаль – институттағы барлық ғалымдарға деген құрмет деп білемін» деп, өзінің ұжымдастарының да еңбегін бағалап өтті. Бұдан кейін Түркиядағы Карабюк университетінің профессоры Енвар Капаган мен Болгариядағы София университетінің ректоры Сийка Чардарова-Костова құттықтау сөз сөйледі. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мерейтойға орай марапаттау рәсімін жүргізді. ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атағына Қуандық Тұрдалин, Несіпбай Көшеров, Ордалы Қоңыратбаев, Рахым Садықбеков, Клара Бұзаубақова ие болды. Бірқатар қызметкерлерге Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табыс етілді. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев оқып беріп, институтқа табыс тіледі. Сахнаға еліміздің барлық аймағындағы іргелі оқу орындарының ректорлары көтерілді. Олардың барлығы ізгі тілек айтып, сыйлықтарын ұсынды. Солардың ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры М.Сарыбеков жарты ғасырын тойлап жатқан институтқа кең форматтағы теледидар тарту етсе, ТИГУ-дың ректоры Ерболат Саурықов 2,5 миллион теңгеге жиһаз алып беретінін жеткізді. Жиын соңы «Ақкербез» бишілер ансамблінің «Шаттық» биімен жалғасты. Сондай-ақ, әнші Әділ Сламхан мен Дана Маханбаева, Құрмаш Маханов және «Астана» тобы әннен шашу шашты. Біз институт түлектерін де сөзге тарттық. «Мен осында білім алып, 41 жыл ұстаз болдым. 11 жыл бойы Жамбыл ауданындағы Ә.Смайылов атындағы орта мектептің директоры қызметін атқардым. Педагогикалық институттың оқытушылық құрамы ол кезде де сапалы болатын. Қазір де өте жоғары деңгейде. Барша ұстаздарды институт мерейтойымен құттықтаймын», – деді институт түлегі Амантай Байтөриев. Бұл – барша ұстаздардың тілегі еді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бұл институт келесі қадамдарын Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті болып жалғастыратын болады. Ұстаздар ұясына біз де сәттілік дейміз.

Есет досалы, «Ақ жол».