Қоғам бірлігі мен ынтымағын сақтауда діннің рөлі зор
Қоғам бірлігі мен ынтымағын сақтауда діннің рөлі зор
облыстық мешіт имамдарының семинары осындай негізде түйінделді
Діни қызметкердің кәсіби шеберлігі және ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары болуы – қоғамның ынтымағы мен бірлігін нығайтудың кепілі. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қатысуымен, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде имамдарға арналған «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы діни қызметшілердің ықпалы» тақырыбында облыстық семинар өтті. Имамдардың ғылыми-теориялық біліктілігін арттыру мақсатында өткізілген семинарға Тараз қаласы мен аудандарда, ауылдарда орналасқан мешіт имамдары қатысып, республикаға танымал ғылыми дәрежесі бар, білікті мамандардың дәрісін тыңдады. Атап айтқанда, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Бауыржан Есмахан, Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы Жарас Аханов, Оңтүстік Қазақстан облыстық мешітінің найб имамы Еркебұлан Қарақұлов, республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл дәрістер оқыды. Сонымен қатар, семинарға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, қоғамдағы өзекті деген мәселелерді талқылады. Жиынды қорытындылаған Бекболат Орынбеков өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығына тоқталды. – Бүгінде облысымыздағы діни ахуалдың тұрақты болуына мешіт имамдарының үлесі зор деп білемін. Себебі, өңірдегі дін саласындағы 5 облыстық, 1 қалалық, 10 аудандық және 156 ауылдық ақпараттық-түсіндіру топтарының (ары қарай – АТТ) құрамына мешіт имамдары енгізілген. 9 айдың қорытындысы бойынша АТТ құрамындағы мешіт имамдарының қатысуымен 2 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 100 мыңнан астам облыс тұрғындары қамтылды. Облыста оңалту жұмыстары 2015 жылдан бері қолға алынған. Бүгінгі күнге дейін жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде, деструктивті діни бағыттағы 387 азамат қоғамға бейімделді. Бұл жұмыстарға да мешіт имамдары белсене қатысуда. Сондай-ақ, жоғары білікті мешіт имамдарының қатысуымен апта сайын түзеу мекемелерінде сотталушылар арасында ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 32 сотталушы радикалды райынан қайтарылды. Сонымен қатар, мешіт имамдарын тарта отырып, интернет кеңістігінде діни экстремистік және террористік мазмұндағы ақпараттардың таралуының алдын алу бойынша жыл басынан бері 1515 күдікті сілтеме анықталып, оның 250 сілтемесі бұғатталды. Қалған сілтемелердің дінтану қорытындысы күтілуде, – дей келе Бекболат Серікбекұлы бүгінгі ұрпақ ескірген құндылықтарға байланбай, ашық дүниетанымға ие болу, өзіміздің табысты даму жолымызды жасау үшін жат идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру керектігін айтып өтті. Б.Орынбеков Қордай аудандық мешітінің бас имамы Дәуренбек Жандосұлына облыс әкімінің және Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ораз Баймахановқа облыстық мәслихатының Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің дін істері басқармасы тарапынан да өзінің үлгі көрсетерлік ісі мен қызметі үшін облыстағы 15 имамға Алғыс хат тапсырылды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».