Ғалым өз пікірін білдірді
Ғалым өз пікірін білдірді
«Қ», «Х», «Һ» дыбыстарын бір «Қ» (Q) әрпімен алмастыруға болмайды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген латын әліпбиіне көшу мәселесі – өте маңызды қадам. Бұл ретте тіл саласының ғалымдары зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, пікірлерін білдіруде. Осы мәселеге орай облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесі ұжымы филология ғылымдарының докторы Қасиет Молғаждаровпен кездесу ұйымдастырды. Жиынды облыстық «Тілдерді оқыту орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алтын Әбдірахманова ашып, жүргізіп отырды. Қасиет Молғажаров Елбасының жалпы латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын білдіріп, ғалым ретінде өзінің бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Қасиет Кәкенұлы биылғы 9 қазан күні Елбасына таныстырылған жаңа қазақ әліпбиінің латын қарпіндегі жазбасына қатысты ескертпелерін де айтып өтті. Мәселен, ғалым жобада көрсетілгендей, «Қ, Х, Һ» дыбыстарын бір ғана «Қ» (Q) әрпімен алмастыруға келіспейді екен. Ол кісінің айтуынша «Һ» әрпіне қарағанда «Х» әрпі көбірек қолданысқа ие. Сондықтан, «Х, Һ» дыбыстарын бір дыбыс ретінде алып, «Х» әрпімен берсек деген ойын айтты. Ғалым аталған жобада «И, Й» дыбыстарына ортақ апострофпен «Ii» әрпін бергенін, бұл әріп апострофсыз «Ii» дыбысында көрсетілгенін, оны үйретуде қиындық туғызатынын айтты. Ғалымның сөзіне сүйенсек, Елбасының «Үштұғырлы тіл» саясатындағы ағылшын тілін қатар оқытқанда, онда «Ii» әрпі «И» дыбысының орнына жүретінін ескерсек, 5-6 жасар жастағы бүлдіршіндердің қабылдауы өте күрделі болатын көрінеді. Ол өзінің ұсыныс-пікір, ескертпелерін республикалық арнайы комиссияға жолдайтынын жеткізді.
Есет досалы, «Ақ жол».