Бірлік бар жерде, тірлік бар
Бірлік бар жерде, тірлік бар
Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ, ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді. Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді. «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Елбасының игі бастамасымен елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – ширек ғасырға татитын тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деген сөзі осыған дейін өзінің өміршеңдігін жоймай келеді. Бүгінгі ХХІ ғасыр рухани құндылықтарсыз өркениетке қол жеткізу мүмкін емес екендігін айғақтады. Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген. Күнтізбемізге 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама. Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам сияқты дін жоқ. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» («Әли Ғимран» сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Бүгінгі таңда қасиетті де хақ дініміз – Исламды уағыздаушы әрбір адам және Тәуелсіз еліміздің қамын ойлаған әрбір ұлтжанды азаматтың басты мақсаты – бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік пен өзара татулықты орнату болуы керек. Алла тағалаға сансыз шүкірлер болсын, халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бүгінгі берекелі тіршілігін Жаратушы Иеміз мәңгілікке сүйіндіруді нәсіп етсін.