«Тараз» тағы ұтылды
«Тараз» тағы ұтылды
Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы аяқталуға жақындап келеді. Кезекті турда Көкшетауға аттанған «Тараз» футболшылары сырт алаңнан соқыр ұпайсыз қайтты. Соңғы екі орынға мықтап орналасқан аутсайдерлердің кездесуі тартысты жағдайда өтті. Төреші ысқырығы естіле салысымен «Оқжетпес» гол соқты. Иә, олар ойынның алғашқы минутындағы бірінші шабуылында-ақ есеп ашты. Максим Федин мергендік танытып, бір аяғымен бірінші лигаға мықтап «қоныстанып» алған көкшеліктерді есепте алға шығарды. Маусымды өте сәтсіз өткізіп жатқан «Оқжетпес» жергілікті жанкүйерлер алдында барлық айыбын жуып-шаймақ ниетпен өршелене алға ұмтылды. Орталық шеппен де, қапталдармен де жиі-жиі «Тараз» қорғанысын мазалаумен болды. Ойынның оныншы минутында Тимур Досмағамбетов әуедегі допты аяғына әдемі қондырып, керемет соққы бағыттады. Абырой болғанда қақпа бағанасы Джурахон Бабахановты кезекті голдан құтқарып қалды. Алаң иелерінің қарқынын байқаған «Тараз» футболшылары да жәймен іске кірісе бастады. Дегенмен, кей сәттерде «Оқжетпестің» қорғаушылары сәтті ойнай білді. Қақпашы да шалт қимылдады. Бірінші кезең ортасынан ауған тұста «Тараз» футболшылары таразы басын теңестірді. «Оқжетпес» командасының футболшылары айып алаңында ереже бұзып, төреші 11 метрлік нүктені көрсетті. Жауапкершілікті өзіне алған Малик Мане ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, есепті 1:1-ге жеткізді. Алайда, «Тараз» жанкүйерлерінің қуанышы көпке созылған жоқ. Арада екі минут өткенде «Оқжетпес» футболшысы Тимур Досмағамбетов әуелете асырған пасты қажетіне жаратып, допты қақпа торына тоғытқан Ренат Абдуллин көңілімізді су сепкендей басты. Бұдан соң Игорь Юрин есепті еселеуге шақ қалды. Алаң қожайындары тағы бір-екі мүмкіндікті мүлт жіберді. «Тараз» екінші кезеңді тәуір бастады. Малик Мане, Жан-Эд Моррис бастаған шабуылшылар бірнеше мәрте қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, «Оқжетпестің» қорғаушылары жанкештілікпен командасын голдан құтқарып жатты. Ойынның 63-минутында Әлібек Бөлешов есепті еселейтін мүмкіндігін пайдалана алмады. Ал 73 минутта «Тараз» футболшысы Малик Мане асырған пасты Диарра ұтымды пайдаланбады. Кездесудің соңғы минуттарында Давронжон Эргашов «Таразды» жеңілістен құтқаратын сәт туған. Бірақ, бұл жерде де соққы голға айналмады. Осылайша, премьер-лигадағы тағдыры қыл үстінде тұрған «Тараз» футболшылары турнир кестесіндегі көршісіне жеңіліп, жағдайды қиындатып алды. «Таразда» премьер-лигада қалатын мүмкіндік әлі де бар. Ол үшін қалған үш ойында максималды ұпай иеленіп, қарсыластарының сүрінгенін күтулері керек... Әзірге «Тараз» 11 орында тұр.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».