Экономика

Сарысу– жаңғырудың жарқын жолында

Сарысу– жаңғырудың жарқын жолында

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінде барлық өңірлерде қызу қолдау тауып, нақты жұмыстар атқарылуда. «Мемлекеттік идеологияны айқындайтын бірегей құжатта айтылған бағыттарды жүзеге асыру біздің өңірде де қарқынды жүргізіліп отыр». Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Жаңғырудың жарқын жолындағы – Сарысу» атты брифингте Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев осылай деді. Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, сарысулықтар Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді толық түсініп, қолдау танытып отыр екен. Биылғы жылдың соңғы төрт айының ішінде осы бағытта 40 іс-шара өткізу көзделген. Екі мыңға жуық тұрғынның қатысуымен қазіргі таңда 19 іс-шара өткізілген. Аудан әкімдігі ғимаратында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына қатысты ауданда атқарылуы тиіс шараларды үйлестіретін жобалық кеңсе ашылған. Бұл ретте елді мекендерде 14, білім беру мекемелерінде 23 арнайы тақырыптық билборд ілінген. Тұрғындардан алынған сауалнама сарысулықтардың бағдарламалық мақала мазмұнын 100 пайыз түсінетіндіктерін айқындаған. Аудан аумағында 47 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оларға құрметпен қарау жұмыстарыда үнемі назарда. Жуырда ортағасырлық «Саудакент» қалашығының қорғау аймағы белгіленіп, Шоқай датқа кесенесін қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданда Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өткен. Жеңіс Тоғызақбаев, Дәулеталы Жанбаев секілді кәсіпкерлер елдік істерді қолдап, демеуші болып басқаларға өнеге көрсетуде. Елбасының мақаласы аясында «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» жобаларына да сарысулықтар сүбелі үлес қосуда. Жиын соңында аудан әкімі Балабек Нарбаев БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».