Білім

Оқығаны көптің, тоқығаны көп

Оқығаны көптің, тоқығаны көп

Адамзат алдында тұратын міндеттердің ең бастысы – өзінің ісі, өмірін жалғастыратын саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми тұрғыдан өресі озық азамат тәрбиелеу. Бұл – біздің қоғам алдындағы борышымыз. Әлем елдері мен халықтарының өзара байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейде өркендеуі – заңдылық. Ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, қоғамды алға жетелейтін негізгі күш – тек білім мен тәрбиеге тән. «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» – деген Елбасымыз Тәуелсіздіктің түлектері – бүгінгі жастарға зор сенім артады. Өйткені, жастар – таусылмас күш пен сарқылмас қайратқа ие. Өздерін лайықты өмір сүруге икемдей білетін, рухани толысқан, көңілдегі көксеген мұраттарына кедергісіз қол жеткізіп жүрген жастарымыз – мақтанышымыз. Оларды демеп, ынталандырып отырса, аспайтын асуы, алмайтын қамалы болмас. Қазіргі таңда өскелең ұрпақты жаңа заман талаптарына сай өмір сүруге бейімдеу – басты мақсат десек, бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінгі таңда еліміздің әр аймағында білімді де білікті жастарды тәрбиелеу бағытында көптеген баянды бастамалар қолға алынған. Облысымыздағы іргелі оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің педагогтары уақыт көшіне ілесе алатын маман даярлау мақсатында дүниежүзілік стандартқа сай білім беруді жүйелі жолға қойған. Тиісінше, оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбеков халықаралық байланыстарды жаңғыртуға айрықша назар аударып келеді. Ректордың жемісті жұмыстарының нәтижесінде жастарымыз алыс-жақын шетелдерде білімдерін шыңдап, тәжірибе жинақтап қайтуда. Мәселен, университеттің «Көлік техникасы және технологиялар» кафедрасының студенттері тәжірибе алмасу мақсатында өзге елдердің тірлігімен танысты. Академиялық ұтқырлық бағдарламасымен төртінші курс студенті Гауһар Шоман Литва мемлекетіне барып, өзінің тәжірибесін тереңдетіп келді. Сонымен қатар, Алматы, Шымкент қалаларында өткен пәнаралық жарыстарға кафедраның аға оқытушысы Б.Жаманбаевтың жетекшілігімен қатысқан оқу ордамыздың бір топ студенттері олжалы оралды. Тағы бір студент Дария Құзарбай XII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан жүлделі екінші орынмен оралды. Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясында өткен республикалық пәндік олимпиададан студенттеріміз жалпы командалық есепте жүлделі үшінші орынды иеленді. Жүлдегерлер қатарында Жұлдыз Бейшен, Карина Қоспақова, Гауһар Шоман, Еркебұлан Жамбылов, Дария Құзарбай, Еркебұлан Қалдаров, Төленбек Елдос секілді жалынды жастарымыз бар. Астана төрінде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне университеттің бір топ студенттері еріктілер ретінде шараның жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосса, кафедрамыздан Фарух Мырзабеков сол белсенді жастар қатарынан көріне білді. Оқу ордамыздың басшылығының қолдауымен жас маман оқытушыларға жоғары оқу PhD-доктор грантын бөліп, соның бірін иеленген кафедра оқытушысы Бауыржан Жаманбаев Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясына оқуға түсті. Қай кезде де сапалы маман даярлауды басты мақсат еткен оқу орнының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері аз емес. Мамандар даярлауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін көп салалы жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте ел көлемінде алтыншы орынды еншілесе, университетіміз ұлттық-бизнес рейтингінде жоғары оқу орындары арасында экономикалық көрсеткіштер бойынша да алдыңғы қ атардан көрініп, «сала көшбасшысы» атағына ие болды. Алдағы уақытта да университет ұстаздары, кафедра оқытушылары шәкірттерге терең білім, ғылым үйретуде аянып қалмақ емес.

Ақназар Нұртазаев, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Көлік техникасы және технологиялар» кафедрасының оқытушысы.