Әлеумет

«Бесжылдық» атауы тәуелсіз ел талабына сай ма?

«Бесжылдық» атауы тәуелсіз ел талабына сай ма?

Қазақта: «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Мен, Үбіжан Әміркенұлы 1918 жылдың 9 мамыры күні Талас өзені жағасында орналасқан Қарабақыр елді мекенінде дүниеге келдім. Мен туған кез қазақтың даласына Кеңес өкіметі орнай қоймаған, билікте Керенский басшылық еткен «Уақытша өкімет» тұсына сай келеді. Біздің ауыл ауқатты, дәулеті тасыған, Дәуітбай қажының 7 ұлынан тараған әулет өкілдерінен тұратын. Кеңес өкіметі қазақ даласына орнағанға дейін тоқшылықта, берекелі өмір сүрдік. Кеңес өкіметі орнағанда да қиыншылық көрмедік. Малға келер болсақ, әулеттің ең бай өкілі, Дәуітбай қажының екінші ұлы Арапта 19 000 бас қой, 80 000 қойға пара-пар алтын, жеті ұлдың әрқайсысында ең кемі 2000-нан қой, 100-ден аса нар өркеш сүтті түйесі болатын. 1930 жылдары Кеңес өкіметі байлардың малын тартып алып, колхоздастыру саясатын енгізе бастады. Қазақ даласын ашаршылық жайлап, өлім-жітім көбейді. Біздің әулеттің барлық еркектерін бір күнде тұтқындап, Арап көкемді атып жіберді. Қалғандарын Новосібір, Иркутск, Магадан, Владивостокқа жер аударды. Сондағы бар айыбы – қажы тұқымы, бай болғаны. Сотталғандардан оралғаны, тек қана Дәуітбай қажының үшінші ұлынан туған немересі Абутәліп көкем еді. Ол Магаданда 10 жыл айдауда болып, мұрнын үсіріп елге қайтты. Осылайша, кезінде дүркіреп, атағы жер жарған, өз заманының ең ауқатты әулетінің шаңырағы шайқалды. Колхоздастыру саясатының кесірі қазаққа орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Ашаршылықтан қазақ қынадай қырылып, қоғадай жапырылды. Осының бәрін мен өз көзіммен көрдім. Біздің әулет екіге бөлініп, жартысы Өзбекстанға барып, ал менің әкемнің жанұясы Қырғызстанды паналап аман қалдық. Ел бір баласын аман алып қала алмағанда, менің әкем 7 баланы аман алып қалды. Елге ашаршылық тоқтаған кезде оралып, бүкіл әулет қайта қауышты. Әрине, шығындар да болды. Дәуітбай атамның алтыншы ұлы Әмірхалықты дүние үшін өлтіріп кетті, оның ұлы мен қызын балалар үйіне өткізіп жіберді. Қажы атамның жетінші ұлы Үсіпбай да сол кезде, жаманшылықта қайтыс болды. Өз-өзімізге келіп, мен колхозда есепші болып жұмыс істеп жүрген кезімде 1938 жылы Белоруссияның Слуцк қаласына Кеңес әскері қатарына шақырылдым. Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны азат ету операциясына қатысып, Польшаның Белосток қаласында толық аяқтадым. 1939 жылдың қараша айынан бастап 1940 жылдың наурыз айы арасында Финляндиямен болған шайқасқа қатыстым. Наурыз айында жарақат алып, Орел қаласындағы госпитальда емделдім. Жарақаттан айыққан соң қараша айына дейін Ленинград қаласында әскери борышымды атқардым. Елге 1940 жылдың желтоқсан айында оралып 1941 жылдың маусым айына дейін колхозда жұмыс істедім. Ал 1941 жылдың маусым айында Алматы қаласында жасақталған атақты генерал Панфилов басқарған гвардиялық 316 атқыштар дивизиясының құрамына алындым. Дивизия құрамында алғашқы ұрысты 1941 жылдың 15 қазаны күні Мәскеу қаласы үшін шайқаста бастадым. Соғысты Кенигсберг қаласында аяқтадым. Кеңес одағының барлық қалаларын, Эстония мен Латвияны азат етуге қатыстым. Елге 1945 жылы жазда оралдым. 1945 жылдан 1953 жылға дейін орта мектепте, ал 1953 жылдан 1978 жылы зейнетке шыққанға дейін нан комбинатында жұмыс істедім. Екі «Отан соғысы» орденімен, екі «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік қызметі үшін», «Мәскеуді азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталдым. Соғыстан кейін 1967 жылы «Еңбек ардагері» медалімен және өзге де көптеген медальдармен, мақтау грамоталармен, жеңістің атаулы жылдарына арналған басқа да кеуде белгілерімен марапатталдым. 68 жыл отасқан жарым Мертай Іргебайқызы екеуміз бес ұл-қыз, олардан 21 немере және 17 шөбере тәрбиелеп өсірдік. Мен ендігі жылы 9 мамыр күні, Алла бұйыртса, 100 жасқа толады екенмін. Өмірімде көрмегенім жоқ. Уақытша өкіметтен бастап, Алашорда өкіметін, Кеңес заманын, енді өзіміздің тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болған заманның куәсі болып отырмын. Менің бабам Мырзақұл Мәтұлы 1847 жылы қазақтың соңғы ханы болған Кенесары Қасымұлының жорығына қатысып, ақырына дейін тірі қалған 200 жауынгердің қатарында болған. Тек қана Алланың рақымы шығар, бабам Мырзақұлды соғыста жалғыз баласы қайтыс болған қырғыздың бай-манабы асырап алады да, сол себепті ол тірі қалады. Ол кезде менің Дәуітбай атам жеті жасар бала екен. Ал атам Дәуітбай Меккеге 1913 жылы қажылыққа барған, Қоқан ханымен болған соғысқа қатысып, ханды жеңіп, олжа есебінде ханның боз айғырын және жазда тігетін көк шатырын алып қайтқан болатын. Мен де, менің аталарым да, бабаларым да ел үшін, халқымыз үшін, жарқын болашақ үшін небір шайқастарға қатыстық, қан кешіп, мұз жастандық. Біздің барлық шайқаста сеніміміз Алла, ұранымыз Жамбай ата болды. Батыр Жамбай баба әруағының қолдауын сұрадық! Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын, ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады» дей келе, «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған, біртуар перзенттер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», дейді. Менің айтарым, ертеректе менің туған ауылым Жамбай батыр бабамыздың атымен аталған, ал кейінірек Кеңес өкіметі тұсында «Бесжылдық» атауына өзгертілді. Қазір өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген заманда аулымызға батыр Жамбай бабамыздың есімін қайтаруды заман талабы, мемлекетіміздің рухани жаңғырту саясатына, өсіп келе жатқан ұрпағымызды тәрбиелеуге арналған шара деп есептеймін. Менің пікірімді бүкіл ауыл жұртшылығы қолдап отыр. Ұрпағымыз атақты батыр бабасының есімімен аталған ауылда өсіп-өніп, атын мақтан тұтып жатса, оның несі айып? «Бесжылдық» атауы бізге, ұрпағымызға қандай өнеге береді? Қайта мақтанышпен қатар патриоттық сезімі оянып, еліне деген, Отанына, батыр бабаларына деген құрмет, оларды мемлекетімізді өркендеуіне елеулі үлес қосуына құлшындырады деп есептеймін. Өлінің өнеге ісін, қадірін, ерлігін еске алатын, тарихтағы орнын қайтаратын кез келді ағайын!

Үбіжан Әміркенұлы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері.