Мәдениет

Ұлт әдебиетінің абызы

Ұлт әдебиетінің абызы

Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда шерхан мұртаза шығармашылығы кеңінен сөз болды

Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған, ұлт әдебиетінің абызы, қазақ журналис-тикасының қара нары Шераға – Шерхан Мұртаза биыл сексен бес жасқа толып отыр. Осыған орай тұлғаның туған жерінде бірқатар игі шаралар ұйымдастырылуда. Облыс әкімдігі мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қолға алуымен өткен «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжіриелік конференция солардың негізгілерінің бірі десек қателеспейміз. Облыстық қазақ драма театрында өткен конференцияға елімізге белгілі ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері мен жоғары оқу орындарының ректорлары, үкіметтік емес ұйымдар мен студент жастар қатысты.

IMG_2923 IMG_2981 IMG_3041Алқалы жиынға жиналғандар алдымен Халық жазушысының шығармашылығының сан қырынан хабар беретін театр фоесінде әзірленген кітап көрмесімен танысып, аталмыш университеттің «Шерхантану» орталығының бастамасымен шыққан «Қазақтың Шерағасы» көп томдық жинағының жақында жарық көрген 8-9-10 кітаптарының тұсаукесер рәсіміне қатысты. Айта кету керек, бұған дейін жеті томын, енді үш томын шығарып отырған орталық Шерағаң мұраларын әлі де зерттеп, зерделеп алдағы уақытта да игі істі жалғастыра бермек екен. Ол туралы тұсаукесер салтанатында сөз алған ТИГУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов айтып берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев пен жазушы-драматург, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Елен Әлімжан «Зау тұлға», «Стенограммалар», «Жұлдызды, нұрлы суреткер» атты жаңа жинақтардың лентасын қиып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Қонақтарға аталмыш кітаптан үлестірілді.

Бұдан соң залға жиналған қалың көпшіліктің алдында ТИГУ-дың екінші курс студенті, жас айтыскер ақын Медеу Мырзатай әдемі мақамымен әуендетіп, арнау өлеңін оқып, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Конференцияның пленарлық мәжілісінде алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, қазақ әдебеиеті мен журналистикасының абызына айналған асқақ тұлға – Шерағаң тек Жамбыл өңірінің ғана мақтанышы емес, күллі қазақтың айбынды перзенті екенін айтып, мерейтой иесінің мерейі арта беруін тілеп, іс-шараны ашық деп жариялады. – Сындарлы саясатымен елімізді жарқын болашаққа бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үнемі руханият ісін алға өрлеткен ұлы тұлғаларымызға тағзым етіп келеді. Жүргізіліп отырған мәдени реформалар мен рухани өзгерістер еліміздің тарихи-саяси қайраткерлерінің өмірі мен өнегесін ұлықтап, ұлттық кеңістіктегі дара қызметтерін кейінгі ұрпаққа аманаттауды басты мақсат етуде. Осындай бастамаларды қолдап, жаһандану жағдайындағы тәуелсіз еліміздің қоғамдық ахуалының өз кезегінде күрделі мәселелерге айналып отырғандығын ескеріп, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті 2009 жылдың 22-сәуірінен бастап «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығын ашты. Ол өзінің ауқымды жұмыстарын жүргізуде. Ғылыми-зерттеу орталығының мақсаты – туған өлкеміздің түлегі, ел мақтанышы, Халық жазушысы, белгілі қоғам қайраткері Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттау, ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және жоспарлы зерттеу жұмыстарын жүргізу, жазушының шығармашылығын зерттеуші ғалымдармен байланыс орнату және олармен шығармашылық бірлікте жұмыс атқару сынды іс-әрекеттерімен әйгілі орталықтың қазіргі кезеңде барша облыс жұртшылығына, тіпті, республика деңгейінде танылып отырғандығы белгілі, – деген Ерболат Саурықов «Шерхантану» орталығының атқарып жатқан өзге де көптеген жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ, жуырда жазушының туған күні қарсаңында жамбылдық делегация Алматығы арнайы барып, тұлғаны құттықтап қайтқандарын айтты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев өз баяндамасында Шерхан Мұртаза шығармаларының сан қырлылығы туралы сөз қозғап, ондағы Тұрар Рысқұлов, оның әкесі Рысқұлдың бейнесіне кеңірек тоқталды. – Жазушының бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» роман-эпопеясында аса көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың өмірі мен қызметі толық қамтылғанмен, оны өмірбаяндық шығарма деп қабылдауға болмайды. Өйткені, роман-эпопеяда тарихи тұлғаның өмірі мен қызметі арқылы халық бейнесі, тұтас бір елдің өмір тарихы аясында бүкіл бір дәуірдің аса ірі саяси-әлеуметтік шындық оқиғалары көрініс тапқан. Сондықтан, «Қызыл жебенің» негізгі қаһарманы – халық. «Қызыл жебеде» суреттелген шындық – халық өмірінің шындығы. Ш. Мұртазаның «Қызыл жебесіндегі» Рысқұл мен М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасындағы» Бақтығұл бейнелерінің түпкі негізі бір. М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» Рысқұл өмірінің шындықтары негізінде жазылған. Солай бола тұра Ш.Мұртазаның Рысқұлы мен М.Әуезовтің Бақтығұлы бірін-бірі қайталамайды. «Қызыл жебе» тарих шындығына негізделеді. Жазушы тарих шындығына өзінің шығармашылық мұраты, азаматтық көзқарасы тұрғысынан қарайды. Тарихи деректерді көзінен тізіп баяндамайды, таңдап, талғап пайдаланады. Ойдан шығару арқылы роман-эпопеяның негізгі ой өзегін үзбей дамытады және әлеумет өміріндегі, жеке адам басындағы қилы жағдайлардың қисынын қиялдап табады. Роман-эпопея – шын мен жалған, адал мен арам, жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің зардабын эпикалық кең құлашпен суреттеген роман-эпопея, – дей келе баяндамашы «Ай мен Айша» романына да аз-кем тоқталып, Шерағаның дара болмысын тілге тиек етті. – Шерхан Мұртаза – өз заманының дара тұлғасы. Әрине, тұлғаның бәрі дара. Қазақстанның даласы мен қалаcындағы қалың қазақты айтпағанда, осы салтанатты сарайда Шерхан Мұртазаға құрмет білдіріп, иін тіресіп отырған жұрттың арасының өзінен тұлға емес жанды табу қиын, біріне-бірі айнымай ұқсаған екі кісі жоқ. Әйтсе де Шерхан Мұртаза тұлғасының да, даралығының да мәні ерекше, мәнісі бөлек. Шерхан Мұртаза жаһанда жан баласына бас иіп, тізе бүгіп көрген емес. Мұны біреу ерлік дейді, біреу әділдік дейді, үшінші біреу кемелдік дейді. Бәрінің де сөзінің жаны бар. Байырғы қазақ кемеңгерлері иілмейтін бастың, бүгілмейтін тізенің болмайтынын айтады. Бұл сөздің негізі тереңде. Ондай тереңге көңілмен болмаса, көзбен бойлау қиын. Дегенмен, Шерағаңның жан баласының алдында бас иіп, тізе бүкпегені рас, бірақ бас иетін, тізе бүгетін жері жоқ емес, бар: сүйгенінің алдында. Шерағаңның сүйгені, сүйетіні біреу емес, екеу. Сондықтан бұл кісі бір емес, екі жерде бас иіп, тізе бүгеді. Оның бірі – Құдайдың алды, екіншісі – халықтың алды, – деді Ж.Дәдебаев. «Ұлт рухының жаршысы» тақырыбында баяндама жасаған жазушы, драматург Елен Әлімжан өз сөзінде қаламгердің редакторлық, аудармашылық қасиеттерінің биіктігін алға тартып, оның туындыларының басты өзегі – ұлт рухы екенін жеткізді. – Шерхан Мұртаза! Бұл есімнің халық жадында жатталғанына 40 жылдан асып кетті. Сол 40 жылда әдебиет пен журналистикаға небір таланттар келіп қосылды. Бірақ олардың ешқайсысы оның жұлдызын көмескілендіре алған жоқ. Қайта Шерхан жұлдызы бұрынғыдан да жарқырап, әр жүрекке нұр құя түсті. Әр дәуірдің осындай бүтін бейнесін жасап берген жазушы бұрынғы-соңғы тарихта аз емес. Бірақ, қазақ жазушысы Шерхан Мұртазаны олардан ерекшелейтін бір қасиеті бар. Ол бес кітаптан тұратын «Қызыл жебенің» өн бойында қалмай өзінше бір желі болып ілесіп отыратын әруақтар рухы. Әруақтарды бас кейіпкермен тең дәрежеде ілестіріп отыру, оны шығарманың басты өзегі ету – бұрын-соңды, тіпті, әруақшыл қазақ жазушыларында да кездеспейді. Коммунист қайраткер туралы коммунист жазушы коммунистік қоғамда тұрып жазған бұл романның басты өзегі – ұлт рухы екені даусыз, – деді Е.Әлімжан. Бұдан кейін «Шерханның жолы» тақырыбында сөз алған жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы осыдан он бес жыл бұрын тұлғаның туған жері – Жуалыдағы Талапты ауылына барып, салиқалы сұхбат құрғанын айтты. Ол жазушының жетпіс жылдығында арнайы жетпіс сұрақ дайындап барып, емен-жарқын әңгімелесіп, онысы кейін республикалық баспа беттерінде «Шамаң келсе, шындықты айт» деген атпен ауқымды дүние болып берілгенін, кітап болып шыққанын да жеткізді. Сол сұхбаттан үзінді оқып берген баяндамашы тұлғаның өзі айтуындағы балалық, жастық шақтарынан естеліктер келтіріп, интернатта, Мәскеу университетінде оқыған кездерінен қызықты сәттерді әңгімелеп көпшіліктің қызығушылығын оятты. Сондай-ақ, конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай «Ай мен Айша»: атаулар бітімі» тақырыбында, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, режиссер Қуандық Қасымов «Ш.Мұртазаның драматургиясы» хақында ой қозғады. Конференцияға жиналғандар мерейлі сексен бес жасқа келген Шерағаңның ел, халық үшін атқарған еңбегінің ұшан-теңіз екенін, оның қаламанынан туған дүниелер бүгінгі ғана емес, келер ұрпақтың да рухани мұрасына айнала беретініне сенім білдіріп, жақсы әсермен тарқасты.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».