- Advertisement -

«Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем…»

307

- Advertisement -

немесе «тараз» 6 ұпайынан қалай айырылды?

Қазақстан премьер-лигасының ағымдағы маусымының аяқталуына санаулы турлар қалғанда шу шықты. ФИФА шешіміне сәйкес «Тараз» футбол клубынан 6 ұпай шегеріліп отыр. Неге?
Тек жүрмей шағымданған «Тараз» футбол клубының бұрынғы ойыншысы, нигериялық Обиора Одита екен. Ол «Тараз» сапында осыдан бірнеше жыл бұрын өнер көрсеткен. Мәселенің мәнісіне қанығу мақсатымен «Тараз» футбол клубының директоры Махамбет Дүйсембаевқа жолығып, ақ пен қараны анықтауға тырыстық.
«Біздің «Тараздың» сапында ілгеріде өнер көрсеткен Обиора Одитамен команданың маған дейінгі директорлары 2013 жылдың ақпаны мен 2015 жылға дейінгі аралыққа келісім-шарт жасасқан. Одита 2014 жылы он күн өз жұмысына келмеген соң тәртіпке сай жұмысынан шығарылған. Мұның бәрі еліміздің еңбек кодексінің заңдылығына сәйкес жүзеге асырылған. Бұдан бөлек 2014 жылдың қараша айында Қазақстан футбол федерациясының дауларды шешетін палатасынан біздің клубқа компенсация төлеу туралы хат келді. 28 наурыз бен 11 қыркүйек аралығын қамтыған мерзімге біз 2015 жылы ақпанда толық қарызын жауып бердік. 2015 жылғы әңгіме туралы ол ешкімге тіс жармастан УЕФА-ға шағым түсірген. Біздің тараптан ол ақшаны жабатын мүмкіндік болар ма еді, болмас па еді? Бұл жерде үлкен дау болатын түрі бар. Өйткені, «Тараз» футбол клубы ілгеріде ЖШС саналса, қазір біз коммуналды мемлекеттік кәсіпорынбыз. Серіктестік банкротқа кеткен. Сол себепті біз алты ұпайды қайта қалпына келтіру үшін әлі күресеміз», – деп түсіндірді мәселенің мәнісін Махамбет Дүйсембаев.
Бұдан кейін біз УЕФА тарапынан келген хаттар болған-болмағаны, оған жауап болған-болмағаны хақында сұрадық. Ол туралы клуб директоры былай дейді. «Біз хаттарды жауапсыз қалдырмаймыз. Қазақстан футбол федерациясы арқылы келген хаттарға сәйкес өз міндеттемемізді федерация палатасымен орындадық. Шағым болсын, хат болсын бізге Қазақстан футбол федерациясының палатасы арқылы келеді. Шешімді орындадық. Тиісті қаржыны төлеген соң біз мәселе шешілді деген ойға келдік. Енді біз адвокат жалдап, іске кіріспекшіміз».
Дәл қазір маусымның соңы. Енді жуық арада «Тараз» сол алты ұпайды кері қайтарып ала ала ма? Мерзім тым қысқа. Клуб директорымен бұл мәселе туралы да ой бөлістік. «Жаңа айтқанымдай, біз адвокат жалдаймыз, оның да қорғаушысы бар. Маусым соңына дейін деп нақты ештеңе айта алмаймын. Біз федерацияға хат жаздық. Қарап отырсаңыз, маусымның аяқталуына бірнеше тур қалғанда мұндай жағдайдың орын алуы, әрине, оңай емес. Хатымызда ұпай мәселесін жаңа маусымға қалдырып, ақ-қарасын сол кезде анықтау қажеттігін көтердік. Өйткені, қазір мерзім тым қысқа. Мәселе қалай шешілерін қайдам. Бір анығы біз бұл алты ұпай үшін соңына дейін күресетін боламыз. Өйткені, еншілеген ұпайымызды жоғалтатын ойымыз жоқ. Осы жағдай футболшылар үшін, әрине, қиындық туындатады. Дегенмен, бұл мәселе уақтылы болмаса да түбі бір шешімін табатын шығар. Оған дейін қол қусырып отырмаймыз. Қалған ойындарда ұпай қорын максималды түрде молайтсақ, премьер-лигада қалатын мүмкіндігіміз әлі де мол. Бұйыртса, ұпайды еншімізге жазу Көкшетауда «Оқжетпеске» қарсы ойыннан басталады», – деді Махамбет Дүйсембаев клубтың әлі де күдіктен үміті басым екенін еске салып.
ФИФА немесе УЕФА шешіміне сай қарызы бар футбол клубтарының ұпайын шегеру бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Мұндай жағдайды Қазақстанның бірінші лигасындағы «Алтай», премьер-лигадағы «Атырау» командалары бастан өткеріп, алайда сот процесі арқылы өздерінің ақтығын дәлелдеп бірнеше ұпайларын кері қайтарып алған болатын. Дәл қазір «Тараздың» жағдайында бұл өте қиын. Өйткені, «буынсыз жерден пышақ» ұрылғандай болып тұр.
Әрине, бұл жағдай ілгеріде өзге директорлардың кезінде орын алған секілді. Осы орайда кез келген клуб басшысы легионермен бірнеше жылға келісімшарт жасаспағаны жөн сияқты. Әсіресе, Одита секілді тайғақ футболшымен көпжылдық шарт жасасудың қаншалықты қажеті бар? Осыны «Тараздың» тізгінін ұстаған барлық басшылар қаперде ұстаса екен. Келісімшарт ойыншының ойынына қарай қайта түзілуі немесе үзілуі керек емес пе?
Түйіп айтсақ, «Тараздың» премьер-лигада қалатын әлі де мүмкіншілігі баршылық. Ол үшін қалған ойындарда ұпайдан шашау шығармай, қарсыластарының сәтсіздігін де күтуі керек. «Таразға» қарағанда басты бәсекелестеріміз «Ақжайық» пен «Ақтөбенің» күнтізбелік кестесі өте қиын. Олар «Астана», «Қайрат» секілді алпауыттарға қарсы алаңға шығады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support