Батыр мен ақын
Батыр мен ақын
(Эссе)
Доқтырхан Тұрлыбек, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Иә, Бектұрсын шын мәнінде талантты ақын болатын, маңдайымызға сыймай кетті. Әдебиетке, поэзияға кіршіксіз адал ақын «Абайдан соң, Мұқағалидан соң өлең жазып әуре болудың керегі жоқ!» – деп, бір жарым мың жолдан астам өлеңдерін өртеп жібергенін жақын досы, ақын Болат Үсенбаев айтып бергенде, қайран қалдым. Аузын ашса, көмейі көрінетін Бектұрсын адам біткеннің бәрін дәл өзіндей пәк, таза, адал көретін. Өкінішке қарай, қулық пен сұмдықты білмей өткен кіршіксіз жанды, ақ жүректі ақынды өмір де, адамдар да көп алдады. Дарын емес, қарын билеген мынау жалған өмірдегі екіжүзділікке, аярлыққа, сатқындыққа, қатыгездік пен дүниеқоңыздыққа көне алмай, нәзік жаны шыдай алмай, өмірден әбден түңіліп, үзіліп кетті... Бектұрсын ізгілік пен жақсылықты бағалай білетін, әділдік пен шындыққа бас иетін, «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін мыңдаған қазақ ағайындар сияқты ақиқат пен шындықтың алмас қылышы Бауыржан Момышұлын өмір бойы пір тұтып өтті. Кезінде ағынан жарылып, Баукең туралы өлеңдер жазды. Мына жалған фәниден өткеніне он бес жылдай уақыт өткен ағамның артында қалған қағаздарды қарастырып отырып, «Бауыржан туралы баллада» атты өлеңінің түпнұсқасын тауып алдым. Батыр Баукең – елін сүйген ер-жүрек, Туған ауылы күтті оны елжіреп. Ерлігімен елеңдеткен елді көп, Естідік біз Әбілдаға келді деп.
Бар әлемге әділдікпен даңқы аңыз, Батырменен шалқып толды ортамыз. Мақтансақ та жерлеспіз деп талайға, Бетпе-бет кеп кездесуге қорқамыз.
Аңыздарын айтып жатыр ел жайлап, Әрқайсысы өздерінше той тойлап. Екі бірдей жолдасымды көндірдім, Кездеспекке тәуекелге бел байлап, – деп басталатын балладасы кімді болмасын елең еткізеді. Ұмытпасам, 1981 жылдың көктемі еді. Біздің отбасымызға Дәурен атты шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, оның үстіне көптен күткен пәтерге қолымыз жетіп, арқа-жарқа болып жатқанымызда Алматыдан Бектұрсын ағам келіп, құтты болсын айтты. Сол күні ағайынды екеуміз өмір туралы, қоғам, адам туралы көп сырластық. – Төрт қадақ масақ үшін әкемізді 12 жылға түрмеге айдаған, содан соң қырғын соғысқа салып, мүгедек еткен, өмірінің соңына дейін құлағы тесік құлы еткен мына қатыгез, аяр қоғамнан, заманнан ешқашан да жақсылық күтпеймін. Қайда барсаң да әділетсіздік пен қорқаулық алдыңнан шыға келеді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» демекші, қаланы да, даланы да «ләббай тақсыр» мен жағымпаздар, алаяқтар мен ұры-қарылар билеп-төстеп алған. Солардың ақ дегені – қара, қара дегені – ақ. Баяғы бала кезіміздегі ертегілерден оқитын қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын бақытты заман, әділдік пен шындық салтанат құратын өмір қашан орнайды екен, бауырым? Әділетсіздік атаулыны көп халықпен бірге ағайынды екеуміз де бір кісідей-ақ көріп келеміз. Сенде де, менде де Құдай берген талап пен талант бар, бірақ, екеуміздің де қалтамызда партбилетіміз жоқ, көк аспанды тіреп тұрған көкеміз жоқ. «Қатын алма, қайын ал» дегенді де білмей өсіппіз. Мысалға сені алайық, кейбіреулер тоқпағы күшті болғандықтан, бес-алты айдың көлемінде сыңғырлаған пәтерге ие болып жатады. Ал сен болсаң, жеті жыл жұмыс істеп, алайын деп тұрған баспанаңнан бірнеше рет айрылып қалып, әрең дегенде қаланың бір шетіндегі екі бөлмелі, қуықтай пәтерге ие болдың. Қаламың жүйрік, республикаға белгілі журналист болсаң да, осы күнге дейін қатардағы тілшісің, – деп Бектұрсын өшіп қалған темекісін қайта тұтатты. Орнынан тұрып, әрі-бері жүрген Бектұрсын әңгімесін қайтадан жалғады. – Бізді қойшы, көп пенденің біріміз ғой. Елім, халқым деп сол үшін отқа да, суға да түскен аузы дуалы арыстай азаматтарымыздың көрген қорлықтары мен әділетсіздіктер туралы естігенде төбе шашың тік тұрады. Аярлық пен екіжүзділікті, сатқындықты Ахмет Байтұрсынов та, Міржақып Дулатов та, Әлихан Бөкейханов та, тіпті ұлы Абай да көріпті. Иә, иә, «Біріңе қазақ бірің дос, болмасаң, істің бәрі бос» деп жырлаған, қайтсем тарыдай шашылып жатқан қазақтың басын қосам деген Абайды көре алмайтын, іші тар, қорқау жандар өз ағайындары сабаған. Қазақтың ертеңіне, болашағына бүкіл өмірлерін арнаған Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің және басқа да арыстардың аянышты тағдырын менен де жақсы білесің. Сәл үнсіз қалған Бектұрсын маған сұрақ қойды: – Доқтырхан, қазақта қанша Кеңес Одағының Батыры бар? – Жаңылыспасам, 103-тен асады. – Көп болса екі-үш адамға ғана қателесіп тұрсың, қазақ ұлтында 105 Кеңес Одағының Батыры бар екені – нақты шындық. Міне, осыдан-ақ біздің халықтың нағыз ержүрек, батыр ұлт екенін аңғаруға болады. Темір пердесін түсіріп, ақиқат пен шындық ешқашан да айтылмайтын мына заманда көп нәрсені білмейді екенбіз. Немістік фашистермен болған сұрапыл Ұлы Отан соғысында да көптеген әділетсіздіктер болғандығын жақында оқып, жағамды ұстадым. Інім-ау, сен білесің бе, соғыста асқан ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлы бір емес, үш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. Бір ұсыныс та өтпеген, масқара ғой мынау! Жер бетінде жақсылық пен ізгіліктен жамандық, қорқаулық көбейіп барады. Бір күні онсыз да күңіреніп жатқан Жер-Ана қарс айырылып кете ме деп қорқамын. Осы көктемде 28-панфиловшы паркінде болып өткен Жеңіс күніне қатыстым. Мәңгі алауға көп халықпен бірге Бауыржан ағамыз да тағзым етіп, гүл шоғын қойды. Өңшең тоң мойын болып сіресіп қалған жоғарғы шенді-шекпенді шенеуніктер Баукеңмен амандасуға да жараған жоқ, бір кесірі тиіп кете ме деп, шетінен тұра-тұра қашты. Айналайын, данышпан халық біледі ғой, кімнің-кім екендігін?! Олар Бауыржан Момышұлын хан көтеріп, шын көңілдерімен құрметтеп жатты. Сұңқардың аты – сұңқар, тұлпардың аты – тұлпар. Ерте ме, кеш пе, Баукең өзінің лайықты бағасын алады. Оған сен екеуміз куә болып, әділдік салтанат құрады деп қуанатын боламыз әлі. Ағалы-інілі біздің әңгімемізді Жуалыдан келген немере ағамыз Оңалбек бұзып жіберді: – Ау, батырлар, әлі философия соғып отырсыңдар ма, көлік дайын, ауылға жүрейік. Мен Жуалыға келе жатып, Бектұрсынның жаңағы айтқан әңгімесін ойлаумен болдым. Ол кезде мен облыстық «Еңбек туы» газетінде қызмет атқаратынмын. Жаз айының бір күні жұмыс орныма ерте келсем, кабинеттегі қара телефон безектеп жатыр екен. Тұтқаны асығыс көтеріп, Бектұрсын ағамның даусын бірден таныдым. Даусы бір түрлі, өзі алқынып тұр. – Естідің бе? – деді ағам. – Жайшылық па? – дедім мен шошып кетіп. – Бауыржан Момышұлы қайтыс болды, – деп Бектұрсынның даусы қарлығып шығып, – әділдік пен шындықтың алмас қылышы еді, ол да өте шықты жарқылдап. Үні жыламсырай шыққан ағам телефон тұтқасын тастай берді. Баукеңнің дүниеден озғанына сегіз жылдан астам уақыт өткенде ақиқат кеш те болса салтанат құрып, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол күні бүкіл исі қазақ қуанып, туған әкелері батыр атанғандай бір-бірінен сүйінші сұрап жатты. Өзім қызмет атқаратын Қазақ телеарнасының бас ғимаратынан шыға берісте радиода жұмыс істейтін Бектұрсын ағаммен қарсы ұшырасып қалдым. Бір топ әріптестерінің ортасындағы бауырым бүгін ерекше көңілді, қуаныштан жарқ-жұрқ етеді. – Маған сенбей тұрсыңдар ғой, – дейді жанындағы жолдастарына. – Сенбесеңдер, мына менің інімнен сұраңдар. Осыдан дәл сегіз жыл бұрын келінім бауырыма маңдайы торсықтай ұл туып беріп, құтты болсын айтып, сонау Жамбылға барғанмын. Сонда ерте ме, кеш пе Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағын алады дегенмін. Доқтырхан, айтшы мына жігіттерге, солай дегенім өтірік пе? – Рас болғанда қандай! «Баукең батыр болады, әділдік салтанат құрып, бәріміз шын қуанатын күн де алыс емес», – деген сөзіңіз де есімде. Міне, сол күнге де жеттік. Бәріңізді осы үлкен қуанышпен құттықтаймын! – деп ең бірінші Бектұрсынды құшақтадым. – Міне, естідіңдер ғой, – деді ағам жас балаша қуанып. – Иә, менің інім дұрыс айтады, бүгінгі қуаныш бүкіл Алаш баласына ортақ. Сендерге көрімдік берейін, жүріңдер. – Жас балаша аңқылдаған Бектұрсын бізді Қазақ радиосының қарама-қарсысындағы «Қымызханаға» бастады... Жылдар өткен сайын туған жер өзіне тартып тұрады, Жуалыға жиі соғамын. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына жете берісте өзіндік болмысымен ерекшеленетін шағын өзен бар. Оны жергілікті халық Теріс деп атайды. Жарықтық, Теріс десе – Теріс. Табиғаттың дегеніне бағынбай, өрге, Алатауға қарай ағады. Осы қасиетті өзенге қарап, ешкімге ұқсай бермейтін мінезі, тұлғасымен ерекшеленіп тұратын, ақиқат пен шындықтың үшкір найзасы болған Бауыржан Момышұлы мен дүниедегі жақсылық пен ізгілікті, әділеттілік пен адалдықты өмір бойы іздеп, шырылдап өткен ақын Бектұрсын Тұрлыбекұлын есіме аламын...
Жуалы ауданы.
дерек пен дәйек
Бектұрсын Тұрлыбекұлы 1947 жылы 25 желтоқсанда Жуалы ауданы, «Красный пахарь» ауылында дүниеге келді. Ол Пушкин атындағы орта мектепте оқи жүріп, еңбекке ерте араласты. Қызылша өнімін өсіруге қолқабыс етті, колхоздың егіс алқабындағы арпа-бидайды жинауға қатысып, бала болса да тындырымды істермен көзге көрініп, үлкендердің алғысына бөленді. Еңбексүйгіш бозбала 1963 жылы «Тыңның көтерілуіне 10 жыл» медалімен марапатталды. Талапты жас 1966 жылы орта мектепті бітірген соң, Қызылорда педагогикалық институтының физика-математика факультетіне сырттай оқуға түсіп, «Билікөл» совхозында, Чапаев ауылында және Карл Маркс совхозының орталығы – Петровка ауылындағы өзі түлеп ұшқан орта мектепте математика пәнінен сабақ берді. Ақындықты өмірінің мақсаты етіп тұтқан жас талапкердің алғашқы өлеңдері 1974 жылдан бастап, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көре бастады. Ол 1976 жылы Алматыға қызметке ауысып, республикалық мемлекеттік радио және телеарна комитетінде редактор, аға редактор болып еңбек етті. 1980 жылдан 2005 жылға дейін әлеуметтік-зерттеу және бұқарамен байланыс Бас редакциясының бас редакторы болып, жемісті еңбек етті. Небәрі 55 жыл өмір сүрген Бектұрсын Тұрлыбекұлы Қазақ поэзиясынан өзінің орнын ойып тұрып алған талантты ақын болатын. Ақынның «Бастау», «Зулайды күндер», «Өмірге ғашықпын» атты жыр жинақтары жарық көріп, қазақтың ақиық ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Сағи Жиенбаев, Қуандық Шаңғытбаев, Тұманбай Молдағалиев және басқалар үлкен баға берді. Бектұрсын аман-есен жүргенде биыл 70 жасқа толар еді. Бар мақсатты жақсылыққа арна ғып, Армандаудан жалықпадық, талмадық. Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып, Екеуміз де сөз өнерін таңдадық, – деп маған жыр жолдарын арнаған ақын Бектұрсын Тұрлыбекұлы менің тете өскен туған ағам еді. Бауырымның 70 жылдығына орай, «Ақ жол» газетінің оқырмандарына «Батыр және ақын» атты эссемді ұсынып отырмын.