- Advertisement -

Дәрігер бақыты

251

- Advertisement -

Мамандықтың ішінде дәрігер мамандығы аса маңызды. Олай дейтініміз адам денсаулығын сақтаудан асқан қастерлі дүние жоқ қой. Сондықтан бұл саладағы мамандарға айрықша міндет жүктелген десек, артық айтқандық емес. Енді осынау қастерлі мамандықты кім қалай атқарып жүр, біліктілігі қай деңгейде деген сауал ойға оралады. Осы ретте облысымызда денсаулық сақтау саласында ұзақ жыл талмай қажырлы еңбек еткен азаматтардың қатарында білікті дәрігер Хамиди Шаухаровтың да есімі құрметпен аталады.
Хамиди 1979 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, Жамбыл қалалық жедел жәрдем ауруханасында құлақ, тамақ және мұрын аурулары бойынша интернатурадан өткен соң, алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен Байзақ аудандық ауруханасында лор дәрігері ретінде бастады. Осында он жыл бойы тер төгіп, медицина саласының қыр-сырын жалықпай үйренді. Бертін келе аурухананың бас дәрігері, облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінде бас дәрігер, облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры, облыстық Қан орталығында директордың медицина ісі бойынша орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Осы ұзақ жылдарда білікті дәрігер, ұйымдастырушылық қасиетімен танылды. Қазіргі таңда ол «Айша бибі» шипажайында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
Осы ұзақ жылдарда жоғары санаттағы ұйымдастырушы дәрігер Хамиди Сұлтанқұлұлы өңіріміздің денсаулық сақтау қызметін жақсартуға өзіндік үлес қосты. Қоғамның басты байлығы адам денсаулығын сақтауда, жақсартуда тынымсыз еңбектер атқарылды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін сергек те талапшыл Хамиди Сұлтанқұлұлы көпшілік тарапынан орынды құрметке ие болды. Соның нәтижесінде ұзақ жылғы еңбегі жемісті бағаланып, «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанды. Мемлекеттік медальдармен және төсбелгілермен марапатталды. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медальдары бар.
Еңбектің жемісі деген осы ғой. Ол әр жылдары Ферғанада, Ресейдің Санкт-Петербург, АҚШ-тың Роли қалаларында адам денсаулығын сақтау аясында өткен халықаралық конференцияларға делегат болып қатысты.
Білікті дәрігер, мамандығы фармацевт жұбайы Мейізкүл Шаухаровамен үлгілі отбасының иесі. Жоғары білім алып, мамандық иелері атанған ұл-қыздарынан немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы. Үлкен ұлы Мұхтар мен келіні Айнұр «ҚазТрансГазАймақ» облыстық филиалында жетекші маман болса, Мұхит Астанада түріктің «Дайкин» фирмасының еліміздегі өкілі. Қызы Камила – Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінде бас маман. Диасы Тараз мемлекеттік университетінде, кенжесі Темірлан Астана қаласында қызмет атқарады.
Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін үлес қосып жатқан осындай отбасылардың қатары арта берсе, нұр үстіне нұр. Өйткені, адам еңбегімен ардақты.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support