Экономика

қоқыс жәшіктері қойылды

қоқыс жәшіктері қойылды

Кейбір тұрғындар үйлерінен шыққан қоқыстарын көрінген жерге тастап, өзіне де, өзгеге де қиянат жасап жүр. Әлгі тастаған қоқыстарын мал аяққа басып, целлофан қалталар желмен ұшып, ағаштың басына ілініп, яки үйлердің іргесіне жиналып, қаланың көркін бұзып, адамның денсаулығына зиянын тигізіп жатады. – Қоқыстарын тазалап тұру үшін адам басына ай сайын 90 теңгеден ғана төлем аламыз. Соның өзін төлеуге қиынсынатын тұрғындар жеткілікті. Қазіргі уақытта қала тұрғындары мекемеге 13 миллион 800 мың теңге қарыз. Күніне 35 тонна қоқысты шығарып, арнаулы полигонға төгеміз. Тыным жоқ. Алайда, қала тазалығына бәріміз жауапты емеспіз бе? Өкінішке қарай, тазалық мәдениетін түсінбейтіндер қоқысты өртеп жатады, – дейді Жаңатас қалалық «Көгалдандыру және көріктендіру» ЖШС-ның басшысы Сайдмұхаммед Әбдімәліков. Осы тығырықтан шығу үшін аудан әкімдігі жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, қаладағы №1, 2,3, 5, 6 шағын аудандарда көп қабатты үйлердің аулаларына жаңа үлгідегі қоқыс жәшіктерін қойдырды. Әр контейнердің бағасы – 630 мың теңге. Сыйымдылығы бұрынғы контейнерлерге қарағанда 350 келіге артық. Ол қоқыс тастайтын контейнерлер арнайы төбесі жабылған бекеттердің ішіне қойылған. Демек, қысы-жазы құрғақ жердегі контейнерлерге қоқысты жиіркенбей тастауға мүмкіндік бар. Ол контейнерлер мен бекеттерді орнату жұмысын «Достық-Жаңатас» ЖШС жүргізді. Болашақта мұндай контейнерлер өзге де көшелерге қойылмақ.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.