Саясат

Ұлттар бірлігі – зор байлық

Ұлттар бірлігі – зор байлық

Қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау ерекше маңызды. Бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының жүзеге асырып отырған жұмыстары орасан зор. Бұл мәселе өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қоғамдық келісім – мәдениет дамуының кепілі» атты брифингте баяндама жасаған Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаеваның баяндамасында кеңінен айтылды. Оның баяндауына сүйенсек, биылғы жылға арналған кешенді іс-шаралар тізбесі бекітіліп, жыл соңына дейін 90 іс-шараның өтуі жоспарланған. Жалпы, облысымыздағы Ассамблея жұмысын үйлестіруге облыстық бюджеттен 93 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржының бағдарлама әкімшісі – «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Облыста қоғамдық келісім және этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға арналған 11 әлеуметтік жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа 15 миллион теңге қаржы қаралыпты. 2017 жылдың 9 айында Ассамблеяның ұйытқы болуымен 70-тен астам түрлі деңгейдегі іс-шаралар өтіпті. Олардың көпшілігі Мәңгілік Ел патриоттық актісі мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттердің орындалуына негізделіпті. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіретін өңірлік офиске Ассамблеяның облыстық хатшылығы тарапынан екі әлеуметтік жоба ұсынылыпты. Олар – «Ұлы дала қазыналары» және «Жамбыл облысындағы этностардың мәдениеті мен дәстүріне арналған энциклопедия жинағын шығару, интерактивті карта әзірлеу» жобалары. Бұл жобаларды 2018-2020 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделіп отыр екен. Жоба қаржыландырылған жағдайда екі жобаның қорытындысы бойынша 800 дана энциклопедия шығару, деректі фильм түсіру, қылқалам, қолөнер шеберлерінің сирек материалдарын жарыққа шығару көзделуде екен. Сондай-ақ, Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын іске асыру мақсатында «Өз өлкеңді таны» экспедициясы ұйымдастырылыпты. Аталған экспедиция 400-ден астам түрлі этнос өкілдері мен жастар арасында қоғамдық келісім және татулықтың қазақстандық үлгісін дәріптеуге бағытталыпты. Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева және «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Рано Убайдуллаева БАҚ өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».